1 билет Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері


Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі – ұлттық мемлекеттің бастау көзі



бет39/83
Дата23.04.2023
өлшемі262,12 Kb.
#85783
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   83
44. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі – ұлттық мемлекеттің бастау көзі
16 желтоқсан күні болып өткен Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс Пленумы республиканы ширек ғасырға жуық уақыт басқарған Д.А.Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына сол уақытқа дейін Ресей Федерациясында Ульянов облыстық партия ұйымын басқарған Г.В.Колбинді сайлады.
Шын мәнінде бұл ешқандайда сайлау емес, ендігі уақытта Қазақстанда Орталықтың саясатын жүргізуге тиіс болған номенклатура өкілін пленумға жиналғандарға таныстыру рәсімі ғана еді. Республика жұртшылығының өмірлік мүдделеріне қатысты мәселені шешудегі Орталықтың әділетсіз әрі өктем бұл қадамы қордаланып қалған халық наразылығының жанартаудай атылып сыртқа шығуына түрткі болды.
17 желтоқсан күні таңертең Алматының Брежнев атындағы алаңына халық жинала бастады. Кешке қарай жиналғандардың саны шамамен 25-30 мыңға жетті. Олардың басым бөлігі Мәскеудегі билік жариялаған қоғамды қайта құру (1985 ж.) ұрандарына сеніп, сондай-ақ Конституциялық құқықты пайдаланып өздерінің еркін білдіруге шыққан студент және жұмысшы жастар болатын.
Бейбіт шеруге шыққандардың қолдарына көтерген «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Әр республикағаөзінің басшысы!» және басқа осы мазмұндағы ұрандар тоталитарлық жүйе жағдайында өз пікірін ашық айтудан қалған халықтың саяси еркіндікке, сондай-ақ шынайы мемлекеттік дербестікке ұмтылысын айғақтайтын еді.
Жиналған көпшілік республика басшылығындағы мұндай өзгерісті Д.А.Қонаевтың өзінің келіп түсіндіруін талап етті. Сонымен бірге жұмысшы жастар өздерінің ауыр әлеуметтік жағдайын, әсіресе тұрғын үй мәселесін, жұмыс тапшылығын, қазақ тілінің қолдану аясының барған сайын тарыла түскендігін өзекті өткір мәселе ретінде қойды.Орталық алаңдағы жағдай бірден Мәскеудегі Бас хатшыға және басқа билік орындарына баяндалды. Осы сәттен бастап республикадағы билік толығымен орталықтың құзырына өтті. Алматыдағы саяси наразылықты өз билігіне төнген қатер ретінде қабылдаған Орталық оны күш қолдану арқылы басып-жаншу жолына түсті. Билік бейбіт шеруге шыққан жастармен тең дәрежедегі диалогқа баруды қажет санамайтындығын анық байқатты. Өз ретінде билік алдына қатаң талаптарын қойған бейбіт шеруге жиналушылар нанымды жауап алмайынша алаңнан тарамайтындықтарын мәлімдеді.
Сол күні кешке Мәскеуден Алматыға ұшып келген топтың құрамында КСРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, КСРО Бас прокурорының орынбасары, КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, республика Компартиясы Орталық комитетінің бірінші және екінші хатшылары, республика Ішкі істер министрі және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы бар наразылықты басып, тарату штабы құрылды.
Құрамында қазақ ұлтынан ешкім де болмаған бұл штабтың жұмысын КСРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары генерал-полковник Б.К. Елисеев басқарды. Штабтың қарауына шамамен 20-25 мың адамнан тұратын Алматы гарнизонының, КСРО Ішкі істер министрлігінің Алматы облысында, сондай-ақ Фрунзе, Ташкент, Челябі, Новосібір, Уфа, Свердловск, Тбилиси қалаларында орналасқан арнайы ұшақтармен Алматыға алдырылған әскери күштері берілді.
Әскерилерге қарусыз шерушілерді қуып таратуға қажетті қару-жараққа қосымша 15 БТР, 20 өрт сөндіруші машина берілді. Милиция және әскер құрамаларына саны 10-15 мың шамасындағы темір сойылдармен қарулаған «жасақшылар» көмектесті. Сонымен, екі күнге созылған қарусыз халықтың қарсылығын билік орындары нағыз қатыгездікпен басып-жаншыды.
Алматыдағы қарусыз бейбіт шеруге шыққан жастарды қарулы әскер күштері қуып тарату барысында 8,5 мың адам ұсталып, олардың 2401-і уақытша қамау орындарына жеткізіліп, қалғандары қала сыртына апарып тасталды, 1,7 мыңнан астап адам дене жарақатын алды, олардың бірнешеуі сол жарақаттан қаза тапты. Сот үкімімен 99 адам түрлі мерзімге, екі адам өлім жазасына кесілді. Осы көтерілісте қаза болғандар екі адам Ербол Сыпатаев пен Савицкий делінген, алайда, кейіннен 26 желтоқсанда Өскемен қаласында тергеушілердің қорқытуы салдарынан жатақхана терезесінен секіріп Сәбира Мұхаметжанованың, көтеріліс кезінде басына тиген соққыдан 1987 жылдың 18 наурызында Қараспан ауылында (Оңтүстік Қазақстан облысы) Кенжегүл Молданазарованың, 1988 жылы 21 мамырда Семей түрмесінде Қайрат Рысқұлбековтың қаза болғаны анықталды. Қаза болғандар қатарында Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова бар. Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзақұл Әбдіқұловқа берілген ату жазасы халықаралық қауымдастықтың қарсылығы нәтижесінде кейіннен 20 жылдық абақтыға алмастырылды. Қ Рысқұлбеков белгісіз жағдайда Семей абақтысында өлтірілді.
Алматыдағы көтеріліске ұласқан бейбіт шерудің жалғасы ретінде Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Арқалық, Жамбыл, Шымкент, Талдықорған қалаларында, Шамалған, Сарыөзек елді мекендерінде бой көрсетулер болып өтті. Оларға 2,5 мыңнан астам адам қатысып, 281-і ұсталып, 20-дан астамы түрлі мерзімге сотталды.
Қазақ жастарының 1986 ж. желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанмен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, оның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Ол саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқ-ты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық- бюрократтық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны « қазақ ұлтшылдығы» деп айыптаудан бастап, ақырында ұлттық тең құқықтылықты өзі бұзды.
Желтоқсан көтерілісінің сипаты, оның көлемі мен зардаптары туралы шындық айтылмады. КОКП Орталық Комитетінің «Қазақстан республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысынан оқиғаға терең талдау, жан-жақты әділ баға беріледі деп күтілгеніне қарамастан, ол жұртшылықтың өкінішін туғызып қана қоймай, бүкіл бір халықты орынсыз айыптау болып шықты.
1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан жастар, жаппай қуғын-сүргін саясатын көрмеген, тоталитарлық жүйенің идеологиялық илеуінде әлі де болса жаншылмаған, ұлттық мәдениеттің озық үлгілерінен сусындаған жас ұрпақ еді. Сондықтан да шеруге қатысқан мыңдаған жастар Қайрат Рысқұлбеков, Құрманғазы Рахметов сияқты оның өкілдері ерліктің және отаншылдық рухтың биік үлгісін танытты.
Бүгінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағында тоталитарлық жүйенің ыдырауын бастап берген, сондай-ақ Қазақстан халқының мемлекеттік тәуелсіздігін батыл көтерген оқиға ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасы Елбасының Жарлығымен қайсар рухты Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Алматыдағы орталық алаңға тарихи Желтоқсан көтерілісінің құрметіне «Тәуелсіздік таңы» деп аталатын ескерткіш орнатылды.
Желтоқсан көтерілісі бүкілқазақстандық сипат алды. Облыстарда осы күндері көтеріліске шақырған 216 үнпарақ, плакат, көше жазулары табылған. Көтерілістен соң жаппай қудалау басталды. Үкімет желтоқсанда көтеріліске шыққан азаматтарды алғашқы сәттен –ақ халыққа « арақ ішіп, есірткі тартқан бұзақылар» етіп көрсетуге тырысып бақты. Желтоқсан көтерілісіне КОКП Орталық Комитетінің қаулысымен «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген ресми баға берілді.
Желтоқсан көтерілісі «КСРО мемлекетінде ұлт мәселесі түбегейлі шешілген» деген аңыздың тас-талқанын шығарды. Дүние жүзіндегі ең үлкен империяның КСРО-ның қабырғасының сөгілуіне бастама болды. Осы көтерілістен кейін көп кешікпей Балтық, Кавказ, Шығыс Еуропа елдері де оянып, нәтижесінде КСРО ыдырап, көптеген отар елдер тәуелсіз мемлекет болды. КСРО күшпен біріктіріп келген «социалистік елдер лагерінің» тарқауы екі жүйе арасындағы ондаған жылдар бойғы жанталаса қарулануды, ядролық соғыс қаупін бәсеңдетті. Бірақ 1986 жылы желтоқсанда тоталитарлық КСРО үкіметіне, М.С.Горбачевтің «қайта құру», «жеделдету» және «жаңаша саяси ойлау» саясатына қарсы бірінші болып көтерілген қазақ халқының жанкешті ерлігінің дүниежүзілік тарихи маңызын зерттеу, насихаттау жұмыстары тиісті дәрежеде жүргізілмеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   83




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет