53. Саралау тәсілдерін тұжырымдаңыз. Дифференциация сөзі латын тілінен (difference) шыққан және «айырмашылық», «бөлу» деген мағынаны білдіреді. Осы тұрғыдан «дифференциация» - бұл оқулары әр түрлі жүзеге асатын жекеленген оқушылар тобын бөліп алу. Шындығына келгенде дифференциация түсінігі анағұрлым терең, әрі кең.
Саралау («Дифференциация» латынша айырмашылық) – білім беру мазмұнын табысты игеруге, оқушының қабілетін және икемін дамытуға барынша қолайлы білім беру ортасын құру.
Оқытудағы дифференциацияның негізгі мәні оқушылардың оқуындағы жеке айырмашылықтарды біле отырып және ескерту арқылы олардың әрқайсысы үшін анағұрлым оңтайлы болатын жұмыс түрін анықтау.
Оқу үрдісінде оқушыларды дифференциациялау сипаты шартты болып табылады. Ол әрбір оқушыға жекелей тәсілмен қарауға мүмкіндік беретін икемді және өзгермелі болуы тиіс.
Дифференциация балаларды қабілеттері немесе басқа қасиеттері бойынша іріктеуге бағытталмаған. Оның негізгі міндеті оқушылардың қабілеттерін және бейімділігін дамытуға, білім мазмұнынын табысты игеру мақсатында білім беру үдерісінде барынша қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
Оқытуды саралау дегеніміз – оқушылардың қажеттіліктері мен қабілеттеріне сәйкес әртүрлі сыныптар, топтар, мектептер үшін әртүрлі оқу ортасын құру және әртүрлі топтарда оқытуды қамтамасыз ететін әдістемелік, психологиялық-педагогикалық және ұйымдастырушылық шаралардың кешені.
Ал саралап оқыту дегеніміз: оқыту мен оқуға қатысты анықталған ортақ қасиетті ескере отырып дайындалған, оқушылар тобына мұғалімнің оқу үрдісін ұйымдастыру нысаны. Саралап оқыту- әрбір оқушының мақсатқа жетуіне оң ықпал етудің тиімді жолы.
Саралап оқыту дегеніміз - бір материалды барлық оқушыларға әртүрлі оқыту тәсілдерін қолданып оқыту дегенді білдіреді және мұғаліммен әрбір оқушының қабілетіне қарай тапсырмаларды қиындық деңгейі бойынша жіктей отырып, сабақты ұйымдастыруды талап етеді.
Саралап оқытудың тәсілдері
Тапсырма. Балаларға (жеке немесе топта) олардың меңгерген білімдеріне негізделген әртүрлі тапсырмалар беріледі.
Мұның құрамына білім деңгейі әртүрлі оқушыларға арналған тапсырмалар кіреді. Оқушылардың қажеттіліктеріне қарай түрлі кестелерді немесе жаттығулар мен тапсырмаларды жасау оқу тапсырмасының мазмұны бойынша: шығармашылық деңгейі бойынша, қиындық деңгейі бойынша, көлемі бойынша, әрекетті ұйымдастыру бойынша
Мұғалім тапсырманы бәріне бірдей таныстырады, ал орындалу кезеңі төмендегідей болуы мүмкін:
1 топ-мұғаліммен бірге;
2 топ- алдымен мұғаліммен, содан кейін өз бетінше;
3 топ- өз бетінше
Тапсырмалардың нұсқалары қиындық деңгейі, шығармашылық деңгейімен және көлемімен ерекшеленеді.
1-нұсқа- негізгі тапсырма;
2-нұсқа-көлемі үлкендеу тапсырма;
3-нұсқа-шығармашылық тапсырма. Саралауды қамтамасыз ететін тапсырмаларды құрастырудың төмендегідей түрлерін қолдану ұсынылады:
Ашық түрде орындалатын тапсырмалар;
Қаламдық тапсырма түрінде орындалатын тапсырмалар;
Таңдау түрінде орындалатын тапсырмалар; Сондай-ақ оқушының таңдауы бойынша тапсырма жағымды оқу ынтасының қалыптасуына әсер ететінін естен шығармауымыз керек.
Нәтиже. Балалар қойылған жалпы мақсатқа сәйкес бірдей тапсырмамен жұмыс істейді, бірақ мұғалім балалардың алдыңғы нәтижелерін ескере отырып, әр баладан әртүрлі нәтиже күтеді. Нәтиже дегеніміз – сабақтың соңында мазмұн бойынша оқушының алған білімін демонстрациялау әрекеті. Мұғалім мазмұнды меңгерту мақсатында тапсырма береді, барлық оқушылар бір тапсырманы орындаса да олардың нәтижелері әртүрлі болады. Оқушылар өздерінің мықты және әлсіз тұстарына қарай жауап береді және жетпей тұрған білімдерін жетілдіру туралы ойлағандары маңызды. Сабақта мұғалім барлық оқушыларға бағытталған нұсқау бере отырып, олардың әрқайсысының өздерінен не күтетіндігін түсінгендеріне көз жеткізулеріне әрекет жасайды
Жұмыс қарқыны. Балаларға ортақ тапсырма беріледі, бірақ оларды аяқтауға жұмсалған уақыт олардың дағдыларына қарай анықталады. Кейбір оқушылар басқаларына қарағанда жылдам жұмыс істейді. Қосымша тапсырмаларды көп күш жұмсауды талап ететін оқушылар үшін қолдануға болады. Негізгі тапсырмаларды түсіндіруге көмек қажет ететін оқушыларға біршама уақыт беріледі.
Қорытынды: Барлық оқушылар бір тапсырманы орындаса да, олардың нәтижелері әртүрлі болады. Мұғалім тапсырма береді, бірақ жалғыз «дұрыс» жауап бағытында жұмыс істеуден гөрі оқушылар өздерінің мықты және әлсіз тұстарына қарай жауап береді. Барлық оқушыларға бағытталған нұсқау бере отырып, олардың әрқайсысының өздерінен не күтетінін түсінгендеріне көз жеткізу керек.