Әлеует (гр. dynamis, лат. potentiality).
Әлеует, Аристотель бойынша, сыртқы шектеме болмаған жағдайдағы нәрсенің өзіндегі өздігінен өзгере алу қабілеті және қуаты. Мысал үшін, атыздағы бидай тұқымы әлеуетке ие зат болып есептеледі. Егер оған сыртқы күш кедергі келтірмесе, онда ол сәтті түрде егіс дақылына айналып өсе алады. Әлеуетті зат "әрекетті" (гр. poiein) және "әрекеттендірілетін" (гр. paschein) болып бөлінеді. Оның әлеуеті әу-бастан табиғи бар, тума қалыптасқан, немесе кейін үйретілген, жетеленген, жетілген әрекет болуы да мүмкін. Мысалы, көзде заттарды көру әлеуеті (тума, әрекеттендірілу) бар; ал қобыз шалу әлеуетін адам үйрену арқылы (жаттығу, әрекеттену) қалыптастырады.
Нақтылық.
Нақтылық - әлеуеттің ықпалында іске асқан, орындалған мақсат есептеледі. Мақсат (гр. telos) барлық нәрсе өзгерісінің негізгі көздеу ережесі. Әлеует белгілі мақсатқа жету үшін қажет болады, сондықтан нақтылық - әлеуеттің жемісі болып есептеледі. Жоғарыдағы мысалға оралсақ, тұқымның дақылға айналып өсуі - нақтылану болып есептеледі.
Сарайдың "материалы" оның "әлеуеті", ал сарайдың "формасы" оның "нақтылығы". Сарайдың жоба нұсқасын ұсынған форма себебі (гр. aitia) мен әлеуеттің нақтыланып сарайға айналуы сарай салушының логосының (гр. λόγος - «ақыл», «жоспар», «ой», «идея»...) нәтижесі. Ал, салынып біткен сарай себеп-салдар байланысындағы мақсат себебі болып есептеледі. Аристотель бұдан нақтылық уақыт пен субстанция тұрғысынан әлеуеттен бұрын өмір сүреді деп қорытынды жасайды
Субстанцияға (форма мен материалға) анықтама беру арқылы Аристотель зат неге және қалай өмір сүреді мәселесіне жауап қарастырды: не нәрсе адамзатты құрайды? Платон "идея" теориясы бойынша бұл мәселені екі нәрсемен түсіндірген: хайуанилық және екі аяқтың болуы. Бірақ бұлар адамды бірбүтін адам етіп құрауға жеткілікті емес. Аристотель бойынша, астыртын әлеует (материал) және шынайы нақты зат (форма) әрқашан бірге, бір құбылыстың ажырамас екі жағы деп есептеледі
Достарыңызбен бөлісу: |