Байланысты: 1 апта дәрісі.Кәсіпкерлік түсінігі, мәні, негізгі түрлері және ұйымдастырушылық нысандары
Коммерциялық ұйымдардың құрамына мыналар жатады: Шаруашылық серiктестiк. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесiне (салымдарына) бөлiнген коммерциялық ұйым шаруашылық серiктестiк деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебiнен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серiктестiк өз қызметi үрдiсiнде өндiрген және алған мүлiк меншiк құқығы бойынша серiктестiкке тиесiлi болады.
Шаруашылық серiктестiктер мынадай формада болады: толық серiктестiк, сенiм серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк нысандарында құрылуы мүмкiн.
1. Толық серiктестiк. Толық серiктестiктiң мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушылары серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақ жауапкершiлiкте болатын серiктестiк толық серiктестiк деп танылады.
2. Сенiм (коммандиттiк) серiктестiгi. Серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң бүкiл мүлкiмен (толық серiктерiмен) қосымша жауап беретiн бiр немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серiктестiктiң (салымшылардың) мүлкiне өздерi салған салымдардың жиынтығымен шектелетiн бiр немесе одан көп қатысушыларды да енгiзетiн және серiктестiктiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қатыспайтын серiктестiк сенiм серiктестiгi деп танылады.
Сенiм серiктестiгiне қатысатын толық серiктердiң құқықтық ережесi және олардың серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi толық серiктестiктiң қатысушылары туралы ережемен белгiленедi.
3. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi.
4. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк. Қатысушылары серiктестiк мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретiн, ал бұл сомалар жеткiлiксiз болған жағдайда өздерiне тиесiлi мүлiкпен, оған өздерi еселенген мөлшерде енгiзген салымдар арқылы жауап беретiн серiктестiк қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк деп танылады.