Селекцияның негізгі әдістері: сұрыптау, будандастыру және мутациялық селекция.
Адамның қатысуымен жүретін сұрыптауды қолдан аррыптау деп атайды. Чарлз Дарвин өзінің қолдан сұрыптау туралы ілімінде оның екі түрін анықтаған: мақсатсыз және мақсатты сұрыптау. Адамдар жануарларды үй жағдайына қолға үйретудің алғашқы кезеңінде мақсатсыз сұрыптауды пайдаланды. Олар өздеріне ыңғайлы, жуас ұрпақ өрбітетін малдар мен мол өнім беретін өсімдіктердің түрін қалдырып, қолға үйретуге қиын, мінез-құлқы шәлкес малдарды жойып немесе күштеп үйретуге тырысты. Сонымен адам санасыз сұрыптаудың арқасында малдарды мінез- құлқына қарап, біртіндеп үй жағдайына үйрете бастады. Мысалы, қазіргі иттердің арғы тегі қасқыр екені анықталды. Жануарлармен қатар өсімдіктерді де санасыз сұрыптады. Мысалы, астық тұқымдас өсімдіктердің жабайы түрінің орта жағдайына бейімделуіне байланысты масағы сынғыш келеді. Олардың масағынан дәндері төгіліп тұрады. Адам бидай өнімін жинау барысында масағы мықты өсімдіктерді сұрыптау арқылы оның осы уақыттағы мәдени түрін алды.
Санасыз сұрыптаудың нәтижесінде біртіндеп малдардың тұқымы мен өсімдіктердің түрлері жаңара түсті. Әйтсе де, осы санасыз сұрыптау, барлық мәдени өсімдіктердің, үй жануарларының алуан түрлілігінің шығуына ықпалын тигізді.