Үй жағдайында жануарлар мен өсімдіктерді өсіру кезінде, адамдар бағалы, пайдалы белгілері бар ата-аналық даралар өздеріне ұқсас, жетілген ұрпақ әкелетінін байқаған. Оларды бірнеше ұрпақ бойы қадағалап, көбейтіп, өсіріп отырған. Адам саналы сұрыптау барысында белгілі бір мақсат қойып, қандай нәтиже шығатынын да болжай алады. Осы сұрыптаудың нәтижесінде жануарлардың белгілері өзгеріп, адам қажетіне керек, жабайы ата тегінен өзгеше, жаңа түрлері пайда болады. Сұрыптаудың шығармашылық маңызы осында. Қолдан сұрыптаудың екі түрі бар. Ол — жаппай және жеке сұрыптау. Жаппай сұрыптау деп фенотипі (сыртқы белгілері, қасиеттері) бойынша сұрыптауды айтады. Мұнда генотип есепке алынбайды, фенотип жағынан бірдей даралардың тобын іріктейді. Жеке сұрыптау кезінде жекеленген өсімдіктің немесе жануарлардың біреуін іріктеп, оның ұрпақтарының генотипін зерттейді. Ұрпақтарына бағалы, қажетті қасиеттер мен белгілерін тұрақты беретін дараларды сұрыптайды. Жеке сұрыптаудың маңызы генотипі жағынан бағалы бір дарадан көп ұрпақ алуға болатынында. Мысалы, қолдан ұрықтандырудың тәсілдерін пайдалана отырып, бір бұқадан, қошқардан ондаған, жүздеген ұрпақ алуға болады. Жеке сұрыптаудың жаппай сұрыптаумен салыстырғанда маңыздылығы жоғары. Өсімдіктерде жеке сұрыптауды кеңінен қолданады. Кез келген өсімдікті оның ұрпағы бойынша бағалау жүргізу үшін жеке-жеке көбейтіп, таза сорттармақ жағдайына жеткізеді. Таза сорттармақ, дегеніміз — бір жұп ата-анадан тараған белгілері бойынша гомозиготалы ұрпақтар. Адам қолдан сұрыптаудың әдістері арқылы популяцияда қажетті, бағалы белгілері бар дараларды көбейтеді.