1. Дауыстың (салдырдың деуге де болады) қатысына қарай:
а) үнділер: л, м, н, ң, р, й, у;
ә) ұяңдар: б, в, г, ғ, д, ж, з;
б) қатаңдар: п, ф, к, қ, т, ш, с, х, һ, ц, ч.
Ұяңдар мен қатаңдар үнсіздер делінеді.
Дауыссыз дыбыстардың бұлай жіктелуіндегі ерекшелік дауыстың және салдырдың қатысуы дәрежесіне байланысты. Үнділерде дауыс (тон) басым да, салдыр аз; ұяңдарда керісінше, салдыр басым да, дауыс аз болады. Ал қатаң дауыссыз тек салдырдан жасалады (яғни оларға дауыс қатыспайды).
Дауыссыздарға дауыстың қатысу дәрежесін білудің маңызы зор. Осыны білгенде ғана бала-ға, қыз-ға, ат-қа, ас-қа дегендерге неге қосымша ғ, қ түрінде жалғанады, ақ ешкі, қара қой айтуда неге ағешкі, қарағой болып кетеді деген сұрақтарға нақты жауап беруге болады.
2. Дауыссыздарды айтылу (ауаның шығу) жолына қарай:
а) шұғыл (эксплозив) дауыссыздар: п, б, т, д, к, г, қ, ц, ч, м, н, ң;
ә) ызың (фрикатив) дауыссыздар: ф, в, с, ш, ж, з, х, һ, ғ, л, й, у;
б) діріл дауыссыз: р.
Шұғыл фонемаларды айтқанда дыбыстау мүшелері біріне-бірі жабысып, ауа кілт үзіледі де, содан соң шұғыл қайта жалғасады. Ал ызыңдарды айтқанда дыбыстау мүшелері біріне-бірі жуысып, ауаның жолын барынша тарылтады, бірақ ауа бір жола үзілмейді, сыздықтап, сүзіліп шығады. Діріл дауыссыз (р) тіл ұшының дірілдеуінен пайда болады.
3. Жасалу немесе айтылу (артикуляциялық) орнына қарай:
а) ерін (лабиаль) фонемалары: п, б, в, ф, м, у;
ә) тіл (лингваль) фонемалары: т, д, с, з, ш, ж, ц, ч, к, г, қ, ғ, х, ң, л, р, й;
б) көмей (фарингаль) фонемасы: һ.
Ерін фонемалары іштей еріндік (п, б, м, у) және ерін мен тіс (ф, в) болып бөлінеді. Еріндіктерді айтқанда екі ерін біріне-бірі жабысып (п, б, м,) немесе дөңгелене жуысып (у) тұрса, ерін мен тіс дыбыстарында астыңғы ерін үстіңгі (күрек) тіске жуысады.
Дауыссыз фонемалардың көпшілігі тілдің тікелей қатысуымен жасалады. Тіл фонемалары үшке бөлінеді:
а) тіл алды: т, д, с, з, ш, ж, ц, ч, н, л, р;
ә) тіл ортасы: й;
б) тіл арты: г, ғ, к, қ, ң, х.
Дауысты фонемаларды талдағанда, әрбір жеке дауыстыны жасап тұрған үннің ішкі сапасының тазалығын да түсініп ажырата алу шарт. Тіл ғылымында үнге айналған ауаның ішкі сапасына қарай, дауысты фонемалар әдетте үш түрде қарастырылады: монофтонг, дифтонг, трифтонг.
А) Монофтонг – арасындағы ешбір артық қосындысы жоқ, таза үннен ғана жасалған дауыстылыр. Бұл топқа көбінесе ауаның сыртқа шығар жолы мейлінше ашық немесе орташа ашық дауыстылар жатады. Қазіргі қазақ тіліндегі а, ә, ы, і, ү, ұ, ө, о, е, э фонемалары жалан дауыстылар, яғни монофтонгтар болып есептеледі Бұлардың алғашқы жетеуі әрқашан таза монофтонгтар.
Ә) Егер дауыстылардың айтылуында ауаның сыртқа шығар жолы неғұрлым тар болса, ондайда дыбыстар осы тар жолдан қосылып сыртқа шығарда негізгі үнге аздаған қосынды үн үстеп алады. Басқаша айтқанда, ауа тар жолдан сүзіліп, жан-жағын қоршаған сөйлеу мүшелерінен сығылысыпшығарда оған үстеме жанама үн қосылады. Осыдан дифтонг дыбыстар пайда болады. Демек, дифтонг дыбыстардағы үннің саласы біркелкі таза емес: бөліп жаруға келмейтін екі үннің қосыдысынан бірігіп, жинақталған тұтас бір фонема пайда болады. Дифтонг дыбыстарда жиынды екі дыбыстың негізгі үні анық, көтеріңкі айтылады да жанама қосынды үні оған қарағанда, едәуір көмескі, бәсең, солғын айтылады. Қазақ тіліндегі байырғы сөздердің құрамында қолданылатын дауыстылардың екеуі дифтонг болып есептеледі: бірі – “у”, екіншісі – “и”.
Достарыңызбен бөлісу: |