А фонемасы тілде ең көп кездесетін көнеден келе жатқан фонемалардың бірі. Жазудағы таңбасы – а.
А әрпінен басталатын сөздер көне түркі тілінде («Древнетюркский словарь» 1969.) қ, т әрпінен кейін үшінші орында тұрса, қазіргі қазақ тілінде («Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» 1988.) үшінші орында тұр. Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (10 томдық) 7 орында.
Сөздің басында және бас (бірінші) буында жазылатын а әрпі ылғи да а фонемасына сай келеді.
А фонемасы барынша ашық, жуан. Ал езулік күші ы, і фонемаларына қарағанда әлсіз, сондықтан да ол жуан (о, ұ) еріндіктерден кейін ашық айтылады: отау, ұшақ, тұмау.
А фонемасы өзге жуан (о, ұ, ы) дауыстылармен қатар сөздің барлық буындарында айтыла да, жазыла да береді. Айтуда кейде о-ға жуықтап кететін де кездері бар: ойбой (ойбай), ойқой (айхай), ойпырой (ойпырай), ойпұрмой (ойпырмай), айнолайын//айдолойұн (айналайын). Тіпті бұлар көркем шығарма текстерінде де кездеседі.
Жазуда а кейбір жіңішке дауыстылардың таңбаларымен қатар түзейтін тұстары бар: ділда, ләззат, кітап, қазір, қажет, қазірет, мейман, мейрам. Қазіргі кезде жазуына жуық дыбысталып жүрген мұндай кірме (араб-парсы) сөздерді қарапайым қазақ бірыңғай не жуан, не жіңішке айтпасқа лажы жоқ: ділдә, ләзәт, кітәп, қазыр//кәзір, қадыр//кәдір т.б.
А жеке тұрып сөз (а-од, а-әріп, а-дыбыс), сөздерге жалғанатын қосымша да (ат-а, сан-а, анам-а, балам-а, ойлан-а, ойландыр-а) бола алады.
Тақырыбы: Дауыссыз дыбыстар және олардың жасалым белгілерін оқыту
Тілімізде дауыссыздар дауыстыларға қарағанда әлдеқайда көп. Оқулықтарда оның саны – 25, кейде 26. Бұл щ дыбысына байланысты туындап отыр. Фонетиканың бас оқулығында «Қазіргі қазақ тілінде 25 дауыссыз бар. Олар: б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, л, м, н, п, р, с, т, у, ф, х, ц, ч, ш, қ, ң» дейді де, бұларды топтастырған кезде щ әрпін қосады. Щ фонемасын созылыңқы ш (немесе қос ш) дыбысының таңбасы ретінде танимыз» деп берілген. Нақты айтатын болсақ, қазақ тілінде қос ш түбір мен қосымшаның, сөз бен сөздің арасында жиі кездеседі: ашшы, кешші, ішші, ұшшы, башшы (басшы), жашша (жазша), ташша (тазша), қышша (қысша), кешше (кешсе), түшшү (түсші), бішше (бізше)т.б. Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар (консонантизмдер лат. сonsonans - дауыссыз дыбыс) сан және сапа жағынан әбден зерттеліп болған жоқ. Мысалы: ат, ет, от, өт. Мұнда бір ғана т-ның төрт түрлі реңде кездесетінін байқадық. Атап айтқанда: жуан езулік (ат), жіңішке езулік (ет), жуан еріндік (от), жіңішке еріндік (өт). Осындай қасиет у-дан басқа дауыссыздардың бәріне де бар. Ал у тек жуан еріндік (у) және жіңішке еріндік (у) түрде ғана ұшырайды. Мұны алғаш анықтаған Ә.Жүнісбековтің айтуынша, «қазақ тіліндегі консонантизмдер жүйесі 17 сингормотиптен немесе 66 сингармодауыссыздан құралады». Басқаша айтқанда, 17 үндеспе, 66 үндес дауыссыз бар деген сөз. Олар: б, ғ-г, д, ж, з, й, қ-к, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ш. Бұлардың қатарында өзімізге мектептен таныс в, ф, х, һ, ц, ч дыбыстары жоқ. Жоқ болатыны, бұлар – жолдан қосылған, байырғы сөздерде жоқ, кірме дыбыстар.
Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың саны Н.Ильминскийден бастап кешегі 40-жылдарға дейін көбіне 19 делініп келді. Кей текстер мен сөздіктерде қ, ғ мен к, г арқылы берілетін жайлары да кездеседі. Сондай-ақ, й, у (кейде р, л) дыбыстарын кезінде А. Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы және басқалар жарты дауысты түрінде танығаны белгілі. Ә.Жүнісбеков көрсеткен в, ф, х, ц, ч дыбыстары негізінен орыс сөздерімен бірге енгені анық. Фонетиканың бас оқулығында акад. І.Кеңесбаев: «Орыс графикасы негізінде қазақ әдеби тіліне в, ф, ч, х тәрізді фонемалар енді, деп алады да, былай жалғастырады: «Екі тілде (қазақша, орысша) сөйлейтін қазақтар в, ф фонемаларын ешбір мүдірмей айта алады. Бұлар ана тілі дыбыстары есебінде қолданылып та жүр. Ал х фонемасын қазақтың осы күнгі әдеби тілінде сіңіп кеткен деуге болады» (Қазіргі қазақ тілі. 1954. 132-б).
Қазақ тілі мен орыс тіліне ортақ дауыссыз фонемалар – он бес: б, г, д, ж, з, й, к, л, м, н, п, р, с, т, ш.
Қазақ тілінде бар, орыс тілінде жоқ дауыссыздар бесеу: ғ, қ, ң, у, һ.
Қазақ тілінде бұрын болмаған орыс тілінен енген дауыссыздар да бесеу: в, ф, х, ц, ч.
Дауыссыз дыбыстар акустика-артикуляциялық ерекшеліктеріне қарай үшке жіктеледі. Олар:
Достарыңызбен бөлісу: |