1 Дәріс Тақырыбы



бет9/159
Дата02.05.2023
өлшемі1,08 Mb.
#89214
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   159
Ұзын сүйектерге - os longum - жіліктер мен қабырғалар жатады. Жіліктер құрылысы жағынан түтік тәріздес болып келеді. Бұндай сүйектердің орта бөлігін оның денесі (диафиз - diaphysis), ал екі шетіндегі шоқпар бастарын проксимальды және дистальды эпифиздер -epiphysis-дейді. Диафиздің сары сүйек майымен толтырылған қуысы - cavum medulla - болады. Ал жіліктер эпифиздері арқылы көрші сүйектермен буындардың көмегімен байланысады. Құстарда кейбір жіліктердің қуысында сары сүйек майының орнында ауа болады. Бұндай сүйектерді ауалы (пневматикалық) сүйектер - os pneumaticum - деп атайды.
Қабырғалардың сыртқы қабаты тығыз сүйек затынан тұрады, ал ішкі жағы қызыл сүйек майына толы сүйек кемігінен түзілген.
Қысқа сүйектер - os breve - ұзындығы, ені және жуандығы шамамен бірдей болады. Құрылысы жағынан бұлар да түтік тәріздес (бақай сүйектері) және кемікті (тізе, тілерсек, тиек сүйектері) болып бөлінеді.
Жалпақ сүйектердің - os planum - (жамбас, төс, жауырын) пішіні тақта тәріздес жалпақ болып келеді. Кейбір жалпақ сүйектердің (маңдай, жоғарғы жақ) кілегейлі қабықпен қапталған ауалы қуыстары болады.
Аралас сүйектердің - os mixtum - (омыртқалар, негіздік бас сүйектері) пішінінде түтік тәріздес және жалпақ сүйектердің белгілері ортақ түрде кездеседі.
Қаңқадағы бөліктер: жіліктің эпифиздері мен диафиздерінің аралығындағы метафиз - metaphesis, өсінділер - processus, төмпешіктер - tuber, төмпешіктер - tuberculum, қырлар - crista, бұдырлар - tuberositas, беттер - facies, жиектер - margo, шұңқырлар - fossa, ойыстар - fovea, шұңқыршықтар - foveola, сайлар - sulcus, ойықтар - incisura, саңылаулар - fissure, өзектер - canalis, қуыстар - cavum, тесіктер - foramen.
Сүйектің химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері.Жаңа сойылған қаңқа сүйектерінің 50% жуығы судан тұрады. Қалған құрамын органикалық және бейорганикалық құрғақ заттар түзеді.
Сүйек құрамындағы органикалық заттардың үлесі 28,2% тең. Бұның 12,7% белок - оссеин - ал қалған 15,5% майлар құрайды.
Сүйектің бейорганикалық заттары негізінен минералды тұздардан тұрады. Олардың сүйектегі үлесі -21,8% .Бұл тұздардың 85% кальций фосфаты, 10,5% кальций карбонаты, 1,5% магний фосфаты түрінде кездеседі. Ас тұзының үлесіне қалған 3% тиеді. Сонымен, қаңқа сүйектерінде организмдегі кальцийдің 97% жинақталған.
Cүйектердегі органикалық және бейорганикалық заттардың арақатынасы жануарлардың түрлеріне, тұқымына, жасына, физиологиялық кезеңдеріне байланысты. Мысалы, жас төл қаңқаларында органикалық заттар мен судың мөлшері көп болады. Ал, ересек жануарлар сүйектерінде, керісінше, бейорганикалық заттар көбейіп, су азаяды. Осының нәтижесінде бұндай жануарлардың сүйектері морт сынғыш келеді.
Жас төлдердің күтімі мен азықтануы сапасыз болған жағдайда организмге қажетті Д витамині мен кальций тұздарының мөлшері азаяды. Осының нәтижесінде төлдерде мешел (рахит) ауыруы дамиды. Ал, ересек малдарда осының салдарынан минералдық зат алмасу бұзылып, организмде әр түрлі аурулардың (остеомаляция, остеодистрофия) дамуына әкеліп соғады.
Қаңқа сүйектерінің физикалық қасиеттері, оның химиялық құрамына тікелей байланысты. Сүйек құрамындағы органикалық заттар оған иілгіштік, серпімділік, ал бейорганикалық заттар - қаттылық қасиеттер береді. Сүйектің беріктігі осы аталған қасиеттердің арақатынастарына байланысты қалыптасады. Көлемі 1см болатын сүйектің қысымға беріктігі 1400 кг, ал үзілу көрсеткіші 155 кг тең. (Г.Г. Воккен және басқалар, 1961ж).
4 Сүйек ұлпасы.
Сүйек ұлпасы тек қана омыртқалы жануарларда кездеседі. Тірек функциясын атқаруға бейімделген және организмнің минералдарының алмасуында да маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге сүйектің қызыл майы қанның жасушалары түзілетін орны, қорғаныш қызметін де атқарады.
Жасушааралық негізгі зат органикалық матрикс пен тұздардан тұрады. Органикалық қосылыстар негізгі заттың 30% жуығын құрайды, ал қалған 70% бейорганикалық заттардан түзілген. Сүйектің коллаген талшықтарын оссеин талшықтары деп атайды. Сүйектің негізгі бейорганикалық компоненті гидрооксиаппатит, сонымен бірге түрлі мөлшерде натрий, магний, калий, хлор, фтор, карбонаттар мен нитраттар. Сүйекте минералдық тұздардың көп болуы оның мықтылығын ғана арттырып қоймайды, сонымен бірге қан мен басқа мүшелердегі кальций мен фосфордың қалыпты мөлшерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Жануарлардың сүйек ұлпасында организмде болатын барлық кальцийдің 97% дерлігі жинақталған. Белгілі жағдайда кальций бөлініп басқа ұлпаларға баруы мүмкін. Сүйектің құрамында су мен липидтер болады.
Сүйек ұлпасына органикалық заттар иілгіштік және серпімділік, ал бейорганикалық заттар қаттылық қасиеттерді береді. Жануарлар организмдерінде сүйек ұлпасының үш түрі болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   159




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет