Тілімді көпеміздікті бүйрек - ірі қара малда болады. Бұл бүйректің ішкі милы және шекаралық аумақтары қосылып кеткен, ал шеткі қыртыс аумағы қосылмайды. Сондықтан сыртқы беті көптеген сайлармен тілімдеп тұрады. Бүйректің ішкі кескінінен әр тілімнің бойында бір-бірінен анық ажырайтын көптеген еміздікшелерді көруге болады. Әр қайсысының түтікшелері тостағаншыларға ашылады. Олардан шығатын сабақшалар бір - бірі мен қосылып несепағарды құрайды.
Тегіс көпеміздікті бүйрек - шошқада болады. Бұндай бүйректердің сыртқы қыртыс аумақтары ішкі беткейі сияқты толық қосылып кетеді. Бірақ ішкі кескінінде әлі қосылмаған еміздікшелер көрінеді. Тостағаншалар қысқа сабақшалар арқылы бүйректің қуысы бүйрек түбігіне жалғасады, одан несепағар шығады.
Тегіс біреміздікті бүйрек - жылқыда, кіші қара малдарда, итте, қасқырда, түлкіде кездеседі. Бұндай бүйректе бүйрекшелер бір – бірімен толық қосылып кетеді.
Сондықтан сырты тегіс, ішкі кескінінде үлкен бір еміздікше көрінеді, ол бүйрек түбіне ашылады, одан несепағар басталады.
Көпеміздікті бүйректің гистологиялық құрылысы
Бүйрек - тығыз мүше. Строма құрамы, бүйректің сыртын қаптайды және ішіне көптеген перделер бөледі. Олардың бойымен қантамырлар және жүйке тарамдары өтеді. Паренхимасын бүйрек түтікшелері - нефрондар құрайды. Олардың іші қуыс екі қабат бірқабатты жалпақ эпителийден құралған
Бүйректер көптеген бөліктерден тұрады. Бүйректер ішінде бірнеше бүйрек пирамидаларын - piramides renalis - көруге болады. Пирамидалардың табаны (кең шеті) бүйректің шетіне жақын орналасады, сөйтіп, одан қыртысты аумағына қарай ішкі сәулелер жүреді. Пирамидалардың бүйрек ішіне қарай бағытталған төбелерін - бүйрек еміздікшелері - papilla renalis - дейді.
Бүйрек бөліктері көптеген ұсақ бүйрек денешіктерінен - capsula renales - тұрады. Шекаралық аумақтары доғалық артериялардан бүйректің қыртысты аумағына сәулелі артериялар тарамдалады. Бұл артериялардың екі жағында қатар-қатар болып қантамырлар шумақтары - glomeruli vasiculosus -орналасады. Қантамыр шумақтары Шумлянский капсуласының - capsula glomeruli - ішіндегі кеңістікте орналасып бүйрек денешіктерін - corpusculis renis - құрады. Бүйрек денешіктерінен имекті зәр өткізуші каналдар - tubuli renalis contori - басталады. Имекті каналдар әрі қарай тік каналдарға - tubuli recti - жалғасады. Тік каналдар еміздіктер бойымен тостағаншаларға ашылады. Тостағаншалар қысқа сабақшалар арқылы бүйректің қуысы - бүйрек түбегіне - pelvis renalis жалғасады. Бүйрек түбінен - несепағар (зәр түтігі) шығады.