Анатомия - жануарлардың сыртқы дене бітімін, организм мүшелері мен мүшелер жүйелерінің құрылысын белгілі бір тіршілік ортасына және ұзақ тарихи даму мәліметтеріне сүйене отырып зерттейтін ілім. «Анатомия» атауы - гректің «аnа» - тепе тең, «tomeo» - кесу, яғни «anatomne» тірі организмнің құрылысын зерттеу мақсатында кесемін немесе іреп соямын деген сөздер тіркесіне байланысты аталған.
Жануарлар анатомиясы бірнеше салаға ажыратылады. Олар:
Қалыпты анатомия ересек жануарлардың анатомиялық мәліметтері негізінде, организм мүшелері мен мүшелер жүйелерінің құрылыс заңдылықтарын анықтайды.
Жүйелі анатомия организм мүшелерінің пішінін, құрылысын, денедегі орналасу орындарын, олардың қызметтеріне байланысты жүйелерге біріктіріп зерттейді.
Топографиялық анатомия дененің белгілі бір аумағындағы әртүрлі жүйелер мүшелерінің пішінін, құрылысын, олардың осы аумақтағы өзара арақатынасы мен орналасу тәртібіне байланысты қарастырады.
Салыстырмалы анатомия әртүрлі типтер мен сыныптарға жататын жануарлар организмдерін, олардың мүшелері мен мүшелер жүйелерін салыстырмалы түрде зерттейді. Жинақталған салыстырмалы анатомиялық мәліметтер негізінде жануарлар организмдерінің ұзақ даму тарихы филогенез (грек phylon – туыс, genesis шығу тегі) қалыптасады. Филогенезде жануарлардың төменгі сатыдағы құрылысы қарапайым түрінен жоғары сатыдағы күрделі организмдерге дейінгі құрылысы мен даму ерекшеліктері зерттеледі.
Түр анатомиясы әртүрлі жануарлар түрлеріне жататын жануарлар организмдері мүшелерінің құрылысын салыстырмалы жағдайда зерттейді.
Жас анатомиясы жануарлар дене мүшелерінің құрылысын, олардың жас ерекшеліктеріне байланысты анықтайды. Жас анатомиясы мәліметтерінің негізінде онтогенез қалыптасады. Онтогенез жеке организмнің даму тарихы.
Тұқымдық анатомия организм мүшелерінің құрылысын малдың тұқымына байланысты анықтайды.
Жыныстық анатомия жануарлардың дене құрылысын, олардың жынысына байланысты зерттейді.
Функциональдық анатомия жануарлар организмдері мүшелері мен мүшелер жүйелерінің құрылыс ерекшеліктерін, олардың атқаратын қызметтеріне байланысты қарастырады.