Түтікше құрылымдық заңы. Жануарлар организмдерінің көптеген мүшелерінің (азық қорыту, тыныс алу, зəр бөлу, көбею мүшелері, қан жəне лимфа тамырлары) құрылысы түтік тəрізді болып келеді. Түтікше мүшелердің іші куыс, қабырғасы қабаттаса орналасқан үш қабықтан кұралған. Түтікше мүшелердің құрылысы — материалды үнемдеу заңының көрінісі.
Жануарлар денесінің бөлімдері мен аумақтары Тірі организмдегі дене мүшелерінің орналасу орындарын (топографияларын), олардың проекцияларын анықтап көрсету үшін, жануарлар денееін бөлімдер мен аумақтарға бөледі. Суда тіршілік ететін омыртқалы жануарлардың, мысалы, балықтардың денесі, аяқтарының жетілмеуіне байланысты, тек біліктік бөліктен тұрады. Олардың денесі өз
кезегінде: бас, тұлға жəне құйрық бөлімдерінен құралған. Мойын бөлімі
болмайды. Құрлықта тіршілік ететін омыртқалы жануарлардың денесі: біліктік бөлімге жəне аяктарға бөлінеді. Білікті бөлім өз кезегінде: бас, мойын, тұлға жəне құйрық бөлімдерден, ал аяқтар алдыңғы жəне артқы аяқтарға бөлінеді. Аяқтар өз кезегінде белдеу жəне еркін қозғалатын бөлімдерден тұрады. Ал дене бөлімдері көптеген дене аумақтарына (regiones (rg.) corporis) ажырайды.
Бас (caput) екі бөлімнен: ми сауыты (neurocranium) жəне бет бөлімінен (splanchnocranium) құралған. Ми сауыты бөлімінің аумақтарына: шүйде (rg. occipitalis), төбе (rg. parietalis), маңдай (rg. frontalis), самай (rg. temporalis),құлақ қалқаны (rg. auricularis), ал бет бөлімінің аумақтарына: мұрын (rg.nasalis), ауыз (rg. oralis), көз шарасы немесе аңғалақ (rg. orbitalis), жақаралық(rg. intermandibularis) аумақтар жатады.
Мойын (cervix, s. collum) — бас пен тұлға аралығында орналасқан дене бөлімі. Мойын бөлімі құлақ маңы (rg. parotidea) жəне желке (rg. nuchalis), иық-бас (rg. brachiocephalica) жəне төс-бас бұлшық еттері (rg. sternocephalica),көмекей (rg. laringea) жəне кеңірдек (rg. trachealis) аумақтарына ажырайды.
Мойынның төменгі жағында, төс-бас жəне иық-бас бұлшық еттерінің аралығында мойындырықтық (ойық) сай (sulcus jugularis) орналасады.
Тұлға (truncus) өз кезегінде: арқа-көкірек, бел-құрсақ жəне құйымшақ- бөксе бөліктеріне бөлінеді.
Тұлғаның арқа-көкірек бөлігі арқадан, көкіректен жəне кеудеден құралған. Арка (dorsum) — деп, көкірек керегесінің (thorax) жоғарғы бөлігін айтады. Оның екі жауырын аралығындағы алдыңғы бөлігін шоқтық (rg.
interscapularis) — деп атайды. Арқаның сүйектік негізін көкірек омыртқалары қүрайды. Көкірек аумағы (rg. thoracica) -көкірек керегесінің екі бүйірін құрайды. Оның сүйектік негізі қабырғалардан құралған. Көкірек керегесінің төменгі жағын кеуде (pectus) — деп атайды. Оның сүйектік негізі — төссүйек. Кеуде өз кезегінде төс алды (rg.praesternalis) жəне төс (rg. sternalis)
аумақ-тарына бөлінеді. Көкірек керегесінің сүйектік негізі көкірек омыртқаларынан, қабырғалардан жəне төссүйектен құралған.
Тұлғаның бел-құрсақ бөлігіне бел (lumbus) жəне құрсақ (venter,abdomen) жатады. Құрсақ өз кезегінде алдыңғы, ортаңғы жəне артқы бөлімдерге бөлінеді. Құрсақтың алдыңғы бөлімінің (epigastrium) екі бүйірін
оң қабырғаастылық (rg. Hypochondrica dextra) жəне сол қабырға астылық (rg.hypochondrica sinistra), төменгі жағын семсерше шеміршек (rg. xyphoidea) аумақтары, ортаңғы бөлімінің (mesogastrium) жоғарғы жағын бел немесе бүйрек аумағы (rg. lumbalis, s. renalis), екі бүйірін оң бүйірлік құрсақ (rg.abdominis lateralis dextra) жəне сол бүйірлік құрсақ аумақтары (rg. Abdominis lateralis sinistra), төменгі жағын кіндік аумағы (rg.umbilicalis), ал артқа бөлімінің (hypogastrium) төменгі жағын шат аумағы (rg. pubica), ал оның жоғарғы екі бүйірін оң шап (rg. inquialis dextra) жөне сол шап аумақтары (rg.inquialis sinistra) құрайды.
Тұлғаның құйымшақ-бөксе бөлігі құйымшақ (rg. sacralis) жəне оңбоксе (rg. glutea dextra) жəне сол боксе аумақтарына (rg. glutea sinistra)болінеді. Құйымшақ, оң жəне сол боксе аумақтары жəне құйрық түбірі
бірігіп, сауырды құрайды.
Құйрық (cauda) құйрық түбірінен (radix caudae), құйрық денесінен (corpus caudae) жəне құйрық ұшынан (apex caudae) тұрады.
Аяқтар (membra) алдыңғы жəне артқы аяқтар болып болінеді. Аяқтар екі
бөлімнен: белдеуден жəне еркін қозғалатын бөлімнен құралады. Алдыңғы жəне артқы аяқтар иық жəне жамбас белдеулері арқылы тұлғамен байланысады.