§ 1. Ерiк жайлы негiзгi теориялар
Жалпы ерiк проблемасы XVIII−XIX ғасырларда психологиялық зерттеулерде
негiзгi мəселелердiң бiрi болып табылатын. Алайда XX ғ. психологиядағы жалпы
дағдарысқа байланысты ерiктi зерттеу екiншi орынға ығыстырылып қалды. Зерттеулер
жүргiзiлгенiмен, тар көлемде болды. Қазiргi психологияның ұғымдық жүйесiн талдай
келе, психология тарихшысы М.Г. Ярошевский ерiк ұғымы ХХ ғ.-дағы психологияның
негiзгi ұғымдары қатарына кiрмейтiнiн атап өттi. Ал АҚШ психологиясында “ерiк”
терминi iс жүзiнде қолданылмайды екен. Тiптi психология жайлы көптеген оқулықтарда
ерiк туралы тараулар жоқ. Тек кейiнгi кездерi ғана оған қызығу қайта ояна бастады. Ерiк
мəселесiне қатынастың бiрде олай, бiрде бұлай болып өзгерiп тұруының сыры неде?
В.А. Иванниковтың көзқарасы бойынша, ерiк психологиясы саласындағы
зерттеулерге деген қызығудың төмендеуiне үш себеп бар көрiнедi: 1) əдiснамалық
қиындықтар; 2) ерiктi теориялық түсiнудегi қиындықтар; 3) зерттеудiң əдiстемелiк
қиындықтары. Сонымен, ерiк туралы түсiнiктiң дамуында қандай тұрғылар мен
бетбағыттар бар, соған келейiк.
Бiз жоғарыда айтып кеткендей, ерiк ұғымына антикалық ғылымда неғұрлым айқын
əрi дəл мағына берген Аристотель. Оның айтуынша, ерiк ұғымы адамның тiлек, қалауына
негiзделмеген, керiсiнше адамның қаламаған, бiрақ қажеттi жəне ақыл-парасатқа, саналы
түрде қабылдаған шешiмдерiне сүйенiп iстелiнетiн əрекеттерiн түсiндiруге арналады.
Аристотель тұңғыш рет психологиялық ұғымдар жүйесiне енген əрi өзiн түсiндiру үшiн
ерiк ұғымын қажет ететiн ақиқат болмысты сипаттаған. Ондай болмыстар қатарына
жататындар: əрекеттi таңдау, оны тудыратын күш жəне өзiн меңгеру. Сонымен, ерiк ұғымы
психологияға əуел бастан-ақ түсiндiрушi ұғым ретiнде, теориялық конструкт (құрылым)
ретiнде енгiзiлген екен.
Сөйтiп, шеңберiнде ерiк проблемасы арнайы қойылған бiрiншi парадигма немесе
реалдық адамның өзiнен туындайтын əрекеттiң пайда болуы. Оны шартты түрде ерiкке
мотивациялық тұрғыдан келу деп те атайды. Ол кейiн ерiктi өзiн-өзi детерминдеу
проблемасы ретiнде зерттеудiң мықты бiр бағытына айналады. Мұның басында
Аристотель тұрғанын айта кеткен жөн. Қазiргi уақытта мотивациялық тұрғы аясында ерiк
табиғаты жайлы үш дербес нұсқаны бөлiп көрсетуге болады. Бiрiншi нұсқада ерiк əрекет
мотивациясының бастапқы сəтiне келiп саяды (тiлек, талпыныс, аффект). Екiншi нұсқада
ерiк дербес психикалық не психикалық емес табиғаты бар жəне өзге ештеңеге саймайтын
əрi басқа психикалық процестердi анықтайтын жеке дербес күш ретiнде бөлiнiп
көрсетiледi. Ал үшiншi нұсқада ерiк мотивациямен тығыз байланысты, бiрақ онымен тура
дəл келмейтiн, кедергiлердi жеңуден тұратын əрекетке қозғаушы қабiлеттiлiк ретiнде
қарастырылады.
Ерiктiң мотивациялық бағытына В.Вундттың эмоциялық ерiк теориясын жатқызуға
болады. В.Вундт бойынша, қарапайым ерiк процесi қатарына эмоциялық процестiң бiрi
елiгудi (құмартып зауықтануды) жатқызуға болады. Оның айтуынша, нақ эмоция мотивтiң
мəнiн құрайды. Вундт қарапайым ерiктiк процесте екi жайды бөлiп көрсетедi: аффект
жəне одан шығатын əрекет.
Ерiктiң қозғаушы функциясын əдейi iстелген əрекетке түрткi болатын механизм
ретiндегi квазиқажеттiлiктiң қалыптасуымен теңестiрген К.Левин зерттеулерi батыс
психологиясын ерiк мен мотивацияны ажыратпай теңдестiруге əкеп сайды.
Кеңес психологиясында мотивациялық тұрғы шеңберiнде ерiктi саналы түрде
кедергiнi жеңу қабiлетi ретiнде түсiну басым болды. Д.Н.Узнадзе, Ш.Н.×хартишвили,
С.Л.Рубинштейн, Л.И. Божович еңбектерiнде ерiктi əрекетке қозғаушы қабiлеттiлiк
ретiнде түсiнетiн мотивациялық тұрғы көрнiс табады.
Ерiктi зерттеудегi екiншi тұрғы “ерiктi таңдау” тұрғысынан келу. Бұл бағыт
шеңберiнде ерiк мотивтердi, мақсаттар мен əрекеттердi таңдау функциясына ие. “Ерiктi
таңдау” тұрғысы шеңберiнде ерiк туралы көзқарастың екi нұсқасын бөлiп көрсетуге
болады. Бiрiншi нұсқада ерiк жеке дербес күш ретiнде қарастырылады (теорияның
волюнтаристiк типi), ал екiншi нұсқада ерiк танымдық процестердiң қызмет етуiне келiп
тiреледi (интеллектуалистiк теориялар).
Ерiктi зерттеудегi үшiншi тұрғыны шартты түрде реттеушi деуге болады. Ол
психологияда өзiн-өзi реттеу,басқару проблемасы ретiнде көрнiс бередi.
Ерекше дербес процесс ретiнде мiнез-құлықты реттеу идеясын айқын
тұжырымдағандар ×.Шеррингтон мен И.М.Сеченов. Олар К. Бернардың өзiн-өзi реттеу
туралы қағидасына сүйендi. Ерiктi жеке дербес күш ретiнде мойындамады. Мəселен,
И.М.Сеченов адам əрекетiнiң себебiн оған белгiлi бiр мағына беретiн сезiмдiк қозудан,
ойдан жəне моральдық сезiмдерден iздейдi.
Ерiктiң реттеушi функциясын өзiнiң талдау пəнiне айналдырған психолог
М.Я.Басов. Оның айтуынша, ерiк тұлғаның өз психикалық функцияларын реттейтiн,
шешiлетiн мiндеттерге сай оларды бiр-бiрiмен үйлестiретiн жəне қайта құратын
психикалық механизм боп табылады.
Л.С.Выготский ерiктi жоғары психикалық функция ретiнде, тарихи дамудың өнiмi
ретiнде қарастырады. Оның айтуынша, кез-келген ерiк процесi əуелден əлеуметтiк,
ұжымдық, интерпсихологиялық процесс.
Л.М.Веккер ерiктi мiнез-құлықты реттеудiң ерекше түрпiшiнi ретiнде түсiнедi. Ол
реттеудiң үш түрпiшiнiн бөлiп көрсетедi : ырықсыз, ырықты жəне ерiктi. Ерiктiк реттеу
мiнез-құлықты тұлға жағынан ырықты түрде реттеудiң ең жоғары түрпiшiнi. Бұл тұлғалық
деңгей.
Реттеушi тұрғыдан ерiк туралы көзқарасты дамытқан В.К.Калин. Ерiктiк реттеудi
ол саналы, затты iс-əрекеттiң мотивтерi мен мақсаттары арқылы жанамаланған,
оптималды жұмылдырылған күй ретiнде сипаттайды. В.К.Калин “ерiктiң əрекеттiң
мақсатты функциясын” объектiден субъектiнiң өзiне ауыстыруды жəне “психикалық
функциялардың ұйымдасуын қайта құруды” ұсынады.
Ерiктiк реттеу механизмi бойынша ғылым тарихында ерiк теориясының екi типiн
бөлiп
көрсетуге
болады:
автономдық
(волюнтаристiк)
жəне
гетереномдық
(интеллектуалдық, эмоциялық).
Бүгiнгi таңда ерiктi реттеудiң психологиялық механизмi ретiнде əрекеттiң
мағынасының өзгеруi немесе қосымша мағына жасауды негiздеген В.А.Иванниковтың
зерттеулерi қызығушылық тудыруда. Тарихи тұрғыда тұлғаның мағыналық құрылымының
iс-əрекеттi реттеуге қатысы болу мүмкiндiгiн алғаш рет көрсеткен Л.С.Выготский едi. Ол
балалардың мiнез-құлқының олар үшiн өз əрекетiнiң мағынасының өзгеруi нəтижесiнде
қалай өзгерiске ұшырағанын сипаттаған едi. В.А.Иванников ерiктiк реттеудiң жоғары
түрпiшiнi ретiнде мəнсiз немесе мəнi шамалы, бiрақ орындауға мiндеттi əрекеттi тұлғаның
мағыналық сферасына қосу деп есептейдi. Ол мотивацияның ырықты түрi əрекеттiң
туындауында ерiктiк реттеудiң негiзi ретiнде қарастырады.
Сонымен, қазiргi психологияда ерiк проблемасы екi нұсқада көрiнедi: өзiн-өзi
детерминдеу проблемасы ретiнде ( мотивациялық тұрғы мен “ерiктi таңдау” тұрғысы)
жəне өзiн-өзi реттеу проблемасы ретiнде ( реттеушi тұрғы).
Жалпы ерiк тақырыбы психологиялық тұрғыда күрделi боп саналады. Өйткенi, ерiк
мəселесi қалыптасқан дəстүр бойынша философиялық тұрғыда ерiк бостандығы, еркiндiк
проблемасы ретiнде қарастырылды. Сондай-ақ, физиологиялық тұрғыда ырықты
қозғалыстар мəселесi боп зерттелiндi. Ерiктiң психологиялық проблемасын оның
философиялық, физиологиялық проблемаларынан ажыратып бөлек қарастыру керек.
Психология тарихына қарап отырсақ, XVIII−XIXғ.-да ерiктiң эмпирикалық
теориясы басым болды. Мұнда, ерiк жеке адамның басында өтiп жатқан iшкi
психологиялық процесс ретiнде қарастырылды. Адамды қоршаған дүниемен шынайы
қатынасында емес, əлдеқандай бiр iшкi тұрғыдан алып қарады. Сыртқы мiнез-құлық
“iштей” баста шешiлген жайдың салдары боп табылады. Бүкiл процесс негiзiнен сананың
iшiнде жүзеге асады. Ерiктi зерттеудiң негiзгi əдiсi өзiн-өзi бақылау əдiсi болып табылды.
Бүгiнгi таңда ерiктi психологиялық зерттеу əр түрлi ғылыми бағыттар арасында
өзара бөлiнiп алынды: бихевиористiк бағыттағы ғылымдарда тиiстi, сəйкес мiнез-құлық
формасы зерттелiнсе, мотивация психологиясында iшкi тұлғалық қайшылық-
кикiлжiңдерге жəне оларды жеңу тəсiлдерiне баса назар аударылады, ал тұлға
психологиясында негiзгi назар тұлғаның тиiстi ерiктiк қасиеттерiн бөлiп зерттеуге
бағытталады. Ерiктi зерттеумен сондай-ақ адам мiнез-құлқын өзiн-өзi реттеу
психологиясы да айналысады. Басқаша айтсақ, қазiргi уақытта ерiктi зерттеу бұрынғы
бiртұтастығынан, терминологиялық анықтығынан, бiр мəндiлiгiнен айырылып қалды.
Жаңа ұғымдарды, жаңа теория мен əдiстердi қолдану нəтижесiнде тақырып аясы
тереңдедi əрi кеңею үстiнде. Көптеген ғалымдар қазiр ерiк туралы iлiмге тұтас жəне
бiрiккен сипат беруге бағытталған əрекеттер жасауда.
Ерiктi психологиялық зерттеуде адам мiнез-құлқы табиғаты жөнiндегi екi қарама-
қайшы концепциялардың - реактивтiк жəне активтiк (белсендi) арасындағы күрес елеулi
рөл атқарды. Алғашқысы адамның күллi мiнез-құлқын iшкi жəне сырқы стимулдарға
реакциялар (жауаптар) ретiнде ғана түсiндiрдi. Зерттеудiң мiндетi сол стимулдарды табу
жəне олардың реакциялармен байланысын анықтау. Мұндай түсiнiкте ерiкке орын қалмай
қалады, ол табиғаты жағынан рефлекторлық боп табылатын реакция ғана. И.П.Павлов
ерiктi тiрi ағзаның кедергiге кездескендегi белсендiлiгiнiң көрнiсi, “еркiндiк инстинктi”
ретiнде қарастырды. Мiнез-құлықты реакция ретiнде түсiну ХХ ғ. алғашқы ширегiнде
психологияны реактология (К.Н.Корнилов) жəне рефлексологиямен ( Б.М.Бехтерев)
ауыстыруға əкелiп соқты. Ал екiншi концепция бойынша, адамның мiнез-құлқы əуел
бастан белсендi болып табылады, оның формаларын адам саналы түрде таңдауға
қабiлеттi. Мiнез-құлықты бұлай түсiнуде ерiк жəне ерiктiк реттеу ұғымдары мiндеттi
түрде қажет. Физиология саласында Н.А.Бернштейн мен П.К.Анохин жүргiзген зерттеулер
осы көзқарасты растайды. Бұл зерттеулер негiзiнде қалыптасқан концепциялар бойынша,
ерiк адамның өзiнiң мiнез-құлқын саналы реттей алуы, меңгеруi боп табылады. Бүгiнгi
таңда осы тұрғыдан қарастырып зерттеуде қазiргi сана психологиясы мен когнитивтiк
психология бағыттары маңызды рөл алуда.
Сонымен, ерiк ұғымын ерекше бiр психикалық құрылым ретiнде түсiну əрекетi
психологияда əр түрлi теориялық көзқарастың тууына əкелген екен. Мұның өзi ерiк
ұғымының күрделi құбылыс екендiгiн бiлдiредi.
Достарыңызбен бөлісу: |