12. Әдеби ағым. Сентиментализм ағымы
Әдеби ағымдар көркем әдебиеттің қоғам өміріндегі ықпал әсері кеңейіп, жазушының суреткерлік дүниетанымы мен шығармашылық поэзиясы даралана бастаған кезде пайда болады. Әлем әдебиетіндегі әдеби ағымдарды қайта өрлеу, барокко, классицизм, ағартушылық әдебиет, сентиментализм, романтизм, реализм, натурализм, символизм деп бөлуге болады. Әдеби ағым – тарихи категория: жалпы қоғамдық дамудың белгілі кезеңдегі белгілі саяси-әлеуметтік сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отырады.
Осы тұста (ХУІІІ ғасырдың орта кезінде) өмірдегі абсолютизммен күрес идеясынан туған сентиментализм (французша «sentimentalisme» – сезімталдық) өнерде классицизмді ауыстырар тың ағым болып қалыптасты. Сентиментализм әуелі Англиядан – ағылшын жазушысы Стерннің «Сентиментальдық саяхатынан» (ағымның аты да осыдан алынған) басталды да, кейін Францияға (Руссо), Германияға (Жан Поль, жас Гете, жас Шиллер), Ресейге (Карамзин, жас Жуковский) ауысты.
Сентименталистердің идеялық тұрғысы – елде енді-енді орнығып, нығая бастаған жас буржуазияның идеологиясы; творчестволық объектісі – сарай маңындағы ақсүйектер өмірі емес, кәдімгі «орта қол» адамдардың күнделікті тіршілігі, солардың көңіл-күйлері, жеке бастарына тән күйініш-сүйініштері, қуаныш-реніштері; негізгі тақырыбы – әдеттегі семья тұрмысы; негізгі қаһармандар – алпауыттар, қолөнершілер мен қарапайым шаруалар. Көркем шығармаларға мазмұн болған оқиғалар енді сарай маңынан аулақ, ашық-мөлдір аспан астына, көктемде құлпырған көк майса шөп үстіне, өзен жағасына, жасыл төбе баурайына көшірілді.
Адамдардың көңіл күйлерін сентименталистер осынау сұлу табиғат көркімен ұштастырып, бір алуан сезімдер мен сырлар қозғау – «жан тебіренту» тәсілдерін тапты. Ағымға тән осы ерекшеліктер енді әдеби жанрлардың да бұрын көп өріс алмаған (элегия, психологиялық роман, мещандық драма, «жылауық комедия» атанған) жаңа түрлерін туғызды.
Достарыңызбен бөлісу: |