Қарап-тексеру Қарап-тексеру, яғни көлік құралын, сол жердi, нәрселерді, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін құжаттарды, тiрi адамдарды көріп зерттеу әкiмшiлiк құқық бұзушылық iздерiн, өзге де материалдық объектiлердi, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында жүргізіледі.
Қарап-тексеру әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғанға дейін жүргізілуі мүмкін.
ҚР ӘҚБтК-тің 795-бабына (Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын, тауарлары мен құжаттарын алып қою) сай, Құқық бұзушылық жасалған жерде не осы Кодекстiң 785-бабында көзделген, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану кезiнде табылған, құқық бұзушылықтар құралы не нысанасы болып табылатын құжаттар мен заттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарларды алып қоюды іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң тиiстi шараларын қолдануға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдар екi куәгердiң қатысуымен жүзеге асырады.
Айрықша жағдайларда (жетуі қиын жерде, тиiстi қатынас құралдары болмаған кезде немесе басқа да объективтi себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретiнде тартуға мүмкiндiк болмаған кезде) құқық бұзушылық жасалған жерде не ҚР ӘҚБтК-тің 785-бабында көзделген, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану кезiнде табылған, құқық бұзушылықтар құралы болып табылатын құжаттар мен заттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарларды алып қою куәгерлердiң қатысуынсыз, бiрақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерiн тіркеудің техникалық құралдары қолданыла отырып жүзеге асырылуы мүмкiн.
Заттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды және құжаттарды алып қою туралы хаттама жасалады, оның көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға немесе оның өкiлiне табыс етіледі не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада тиiстi жазба жасалады.
Құжаттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды және заттарды алып қою туралы хаттамада (әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада) алып қойылған құжаттардың түрi мен деректемелері, алып қойылған заттардың түрi, саны, өзге де сәйкестендіру белгiлерi туралы, оның iшiнде алып қойылған қарудың тұрпаты, маркасы, моделі, калибрi, сериясы, нөмiрi, өзге де сәйкестендіру белгiлерi, оқ-дәрiлердiң, арнаулы жедел-iздестiру шараларын өткiзуге арналған арнайы техникалық құралдардың және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарының саны мен түрi туралы мәлiметтер қамтылады.
Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, тиiстi құжаттары, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлары және заттары алып қойылған адам, куәгерлер қол қояды. Өзiнен тиiстi құжаттары мен заттары алып қойылған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, онда тиiстi жазба жасалады.
Алып қойылған заттар, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлар және құжаттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралғанға дейiн алып қоюды жүргiзген лауазымды адам айқындайтын орындарда тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайтын тәртiппен сақталады.
Алып қойылған атыс қаруы мен өзге де қару, сондай-ақ оқ-дәрiлер, арнаулы жедел-iздестiру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдары Қазақстан Республикасының Iшкi iстер
министрлiгi айқындайтын тәртiппен сақталады немесе жойылады.
Iс қаралғаннан кейiн шығарылған қаулыға сәйкес, алып қойылған құжаттар, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлар және заттар олардың иесiне қайтарылады немесе тәркiленедi немесе өткізіледі немесе сақталады немесе белгiленген тәртiппен жойылады. Жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша алып қойылған құжаттар iс бойынша қабылданған қаулы орындалғанға дейiн сақталады.
Егер адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК-те көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде санкция көзделсе ғана, көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігі алып қоюға жатады. Қалған жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаннан кейін көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігі дереу иесіне қайтарылады.
Алып қойылған жүргізуші куәлігінің орнына жүргізушіге уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша уақытша куәлік беріледі.
Жүргiзушi емтиханға жiберу туралы қаулыны алған күннен бастап екi ай iшiнде жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеруге арналған емтиханды тапсырмаған кезде, қаулы шығарған лауазымды адам Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасында көзделген шараларды қолданады.
Көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлері екі куәгердің және (немесе) көлік құралы
меншік иесінің қатысуымен ғана алып қоюға жатады, бұл ретте мемлекеттік нөмірлерді алып қоюды жүргізетін уәкілетті лауазымды адам көлік құралының иесіне алып қоюды жүргізудің негізін түсіндіруге міндетті. Салынған айыппұлды өндіріп алу мақсатында көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін алып қоюды жүргізуге тыйым салынады.
Алып қойылған орден, медаль, Қазақстан Республикасының, Қазақ КСР-iнiң, КСРО-ның және басқа да мемлекеттердiң құрметтi атағының төсбелгiсi олардың заңды иесiне қайтарылады, ал егер ол белгiсiз болса, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жiберiледi.
Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарларын және құжаттарын алып қою ҚР ӘҚБтК-тің 785-бабының бірінші бөлігінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін айрықша жағдайларда ғана жүргізіледі. Аталған шараны ҚР ӘҚБтК-тің көзделмеген мақсаттарда қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.