2. Қоршаған ортаның химиялық заттармен ластануы және жіктелуін талдаңыз
Адамдардың шаруашылық қызметі қазіргі кезде биосфераны ластаушылардың негізгі көзі болып отыр. Табиғи ортаға күн сайын, сағат сайын өнеркәсіптің газ тәріздес, сұйық және қатты қалдықтары түсіп отырады.
Осы қалдықтардағы әр түрлі химиялық заттар ауаға, суға және топыраққа түсіп, соңынан адам организіміне келіп түседі.
Қазіргі кезде ауаны ластайтын улы заттардың 150- ден астамы белгілі. Бұл заттар ауада күн сәулесінің әсерімен бір-бірімен реакцияға түсіп, жаңа қосындылар түзеді.
Өнеркәсібі дамыған елдерде ауаны ластаушы улы заттың бірі күкірттің қос тотығы коксхимия зауыттарымен, тау- кен өндіру және целлюлоза- қағаз өнеркәсіптерінің жұмысы нәтижесінде ауаға шығарылады. Олар ауада ылғалдың әсерінен күкірт қышқылына айналады. Құрамында күкірт қышқылы бар тұман немесе ылғалды ауа адамның, жануарлардың тыныс жолдарының кілегей қабаттарына, терісіне әсер етеді және өсімдік те көп зардап шегеді. Ауадағы күкірт сутек адам организмін улап қана қоймайды, сонымен қатар адамдардың жүйке ауруларын туғызады.
Ауадағы фторлы сутек өте улы. Азық- түліктің құрамындағы фторлы сутек адамды, жануарларды құстырып өте жаман ауру туғызады. Хлорлы сутек пластмасса қалдықтарын жаққанда пайда болады. Осы газбен тыныс алғанда адамның жолдарының кілегейлі қабығын зақымдап, өкпенің ісік ауруын туғызады.
Қоңыр көмірдің жағудың нәтижесінде ауаға күл бөлініп шығады. Ол ауыл шаруашылығы мен орман өсімдіктеріне әсер етеді. Әсіресе, көкөніс, жеміс-жидек өсімдіктеріне де зиян тигізеді. Ластанған өсімдікпен қоректенген жануарлардың, адамдардың организмдерінде физиологиялық өзгерістер болады.
Цемент зауыттарынан шыққан цемент шаңдары топыраққа калий, кальций, магний элементтерінің көбейуіне себеп болады. Ал фосфор зауытына жақын жерлерде фосфордың мөлшері көбейеді. Құрамында мырыш пен қорғасын бар металлургия зауытының қалдықтары да өте улы әсер етеді. Осындай улы заттар жиналған өсімдік пен адам не жануар қоректенгенде олардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.
Улы заттар адам организміне біртіндеп жүйелі түрде жинала берсе, онда созылмалы улануға ұшырайды. Оның басты белгілері- адамның тез шаршағыштығы немесе үнемі шаршап тұратыны, сезімі ұйқы басуы немесе ұйқысының қашуы, бейжайлақ, ұмытшақтық, көңіл- күйінің тез өзгеруі, зейінінің төмендеуі. Улы заттар адамдардың қан айналым мүшелеріне, жүйке жүйесіне, бауырына әр түрлі әсер етеді. Улы химиялық қосылыстар адамның әрбір органдарының созылмалы қабынуына, жүйке жүесінің өзгеруіне, адам ұрығының дамуына, жас нәрестенің ауру болып тууына әкеліп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |