2. Факультатив сабақтар. Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар.
Математикадан өткізілетін сыныптан тыс жұмыстар – жалпы білім беретін мектептердегі оқу–тәрбие процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Математикадан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың негізгі мақсаты – оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттері мен дербестіктерін жан–жақты дамыту. Сонымен бірге, оқушыларды өзіндік және ғылыми–зерттеу жұмыстарының ең қарапайым дағдыларын үйретуге баулуға жол ашу. Сыныптан тыс жұмыстардың маңызды міндеттері: а) оқушылардың танымдық белсенділігі мен пәнге деген ынтасын қалыптастыру; б) математикалық білімдерін тереңдету; в) дүниеге ғылыми көзқарастарын кеңейту болып табылады.
Математикадан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстарды мазмұны жағынан екі топқа бөлуге болады. 1. Бағдарламадағы материалды қосымша өту. 2. Математиканы ерекше қабілетпен қызығып оқитын оқушылармен жүргізілетін жұмыстар. Бірінші бағыт әр түрлі себептермен білім деңгейі, біліктілігі төмендеген оқушылармен жүргізіледі. Мұндай оқушылармен дайындық мүмкіндігінше жүйелі түрде, әр оқушыға нақты көмек ретінде болуы керек. Оның негізгі мақсаты математика курсы бойынша оқушы білімі мен дағдарысындағы кемшіліктерді дер кезінде жою. Екінші бағыты математиканы ынтамен оқитын оқушыларға арналады. Ол төмендегідей мақсаттарға жауап береді.
1) оқушылардың математикаға қызығушылығын тудырып дамыту;
2) бағдарламалық материал бойынша оқушының білім көлемін кеңейту және тереңдете оқыту;
3) оқушылардың ғылыми зерттеушілік сипаттағы дағдарысы мен математикалық қабілетін дамыту;
4) оқушылардың жеке өзіндік ойын дамытып жетілдіруге тәрбиелеу.
Мұндағы мақсат – оқушылардың дүниетанымын кеңейту, шығармашылық қызметке баулу, ізденушілік қасиеттерге тәрбиелеу.
Мектептегі факультативтік сабақтардың мақсаты – оқушылардың математикалық білімдерін одан әрі тереңдету, қабілеттерін дамыту, математиканың әр алуан қолданымдарын көрсету, олардың пәнге ынтасын арттырып, кәсіптік бағдар беру. Бүгінгі таңда математиканың факультативтік сабақтары орта мектептерде арнаулы сыныптарға енгізіліп, оқушылардың жалпы математикалық даярлығын арттыруда ерекше орын алады. Факультативтік курс математикаға ынталы, пәнге ықыласы мол, өзінің математикалық мәдениетін көтеруге, білімін тереңдетуге, ой - өрісін кеңейтуге ынталы оқушыларға арналған. Факультативтік сабақтарды оқытудың әдістері мен тәсілдерін таңдағанда, алдымен курстың мазмұнын, оқушылардың дайындық деңгейін, олардың бағдарламалық материалдарға ынта – ықыласын ескеру керек. Сонымен бірге олардың ой - өрісі мен дербестігіне де назар аударған дұрыс. Әдетте факультативтік курстардың дәріс, әңгімелеу, практикалық жұмыстар, қосымша әдебиет бойынша тапсырмаларды талқылау, оқушылардың баяндама жасауы, реферат жазу, экскурсия үйымдастыру сияқты формалары мен әдістері кең пайдаланылады. Факультативтік курстың кейбір материалдарын дәріс түрінде өтілуі мүмкін. Мұндағы мақсат – оқу материалының ішінен ең өзектілерін баяндау, есептер шешудің ең нақты әдістерін көрсету, оқушыларға материалды өздігінен оқып үйренудің жолын нұсқау. Дәріс сабақтарында оқушылардың тыңдау және ой түю машықтарын шыңдауға бағытталғаны пайдалы. Дәріс барысында оқушылармен жеке мәселелер бойынша, қайсыбір ұғымының тууы, оны дамытуда белгілі бір ғалымның қосқан үлесін, проблеманың есеп түрінде қойылуын қысқаша әңгімелеудің рөлі зор. Факультативтік курстың маңыздылығын арттыру жолдарының бірі – практикалық жұмыстар орындау.