1891 жылғы Ереже 1891 жылғы «Ереже» бойынша Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының орнына орталығы Омбы болған Далалық (Степной) генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Ақмола, Семей, Орал, Торғай және Жетісу облыстары кірді. Жетісу облысы 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығының қарауына берілді. 1891 жылғы 25 наурызда қабылданған «Ережеге» сай Ақмола облысы, Торғай облыстары төрт уезден құралды. Ақмола, Семей және Жетісу облыстары Дала генерал- губернаторлығы құрамына кірді. Үш облыстың негізгі әкімшілік орталығы (облыстардың жеке орталықтарын есептемегенде) Омбы қаласы болды. Бұл өзгерістер патша үкіметінің отаршылдық басқармасының рөлін мейлінше күшейтті, генерал-губернаторларға шексіз билік берілді. Қазақстандағы облыстық басқару сатылары Ресейдің орталығындағы губерниялық басқармаларға теңестірілді. Өлке шеңберінде генерал-губернаторға шексіз билік берілді. Басқару аппараты – кеңсе, әскери губернаторлар өздеріне бағынышты Облыстық басқармаларымен қоса генерал-губернаторға бағынды, ал Облыстық басқармаларға жалпы жиналыс және кеңсе кірді. 1891 жылғы «Ереже» бойынша ірі облыстық орталықтарда (Верный, Орал, Петропавл, Семей) полиция басқармасы құрылды, ал уездік қалаларда полициялық пристав құрылды. Болыстық басқарушылар мен ауыл старшындарын бекіту әскери губернатордың құзырында болды. Сонымен қатар Қазақстандағы отырықшы қалалық тұрғындар мен қоныс аударушылар құқығы жағынан Ресейдегі селоның және қаланың тұрғындарымен теңестірілді. Бұл, әрине, қазақ жеріне сырттан көшіп келгендердің мәртебесін арттыра түсті. Жалпы XІX ғасырдың екінші жартысындағы Патша үкіметі Қазақстанға енгізген әкімшілік реформалары қазақтардың саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы әкімшілік басқару жүйесін орнатты деуге болады.
Патша өкіметінің аграрлық реформасы. Бұл реформа патшалық Ресейдің шаруалар үлесіндегі жерге иелік жасауға арналған реформа. Реформа 1906 жылы 9 қарашада патша жарлығымен басталып, Уақытша үкіметтің 1917 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен жойылды. Осы реформаны жүргізуге ұсыныс жасаған Министірлік Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин еді. Содан болар реформа да осы Столыпиннің есімімен аталады. Стольпиннің аграрлық реформасының нәтижесінде Ресейдің ішкі аудандарындағы жер тапшылығы мәселесін шешіп, шалғайдағы отар аймақтарды игеру үшін орыс шаруаларын көшіру көзделді. Қоныс аудару басқармасы шалғайдағы отар аймақтарға қоныс аударған шаруаларға үкімет тарапынан көмек көрсететін болып шешілді. Қоныс аударушыларға шет аймақтардан жер бөлу жұмыстары жүргізілді. 1906-1915 жылдары аралығында Қазақстанға көшіп келушілердің иелігіне қазақтардың 21 млн. десятинадан астам шұрайлы жер бөлініп, ал тұрғылықты халық қазақтар болса шөлейт, тастақты жерлерге қоныстана бастады. Жиырмасыншы ғасырдың басы Ресей империясында әлеуметік қайшылықтардың шиеленісуімен, Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюімен тарихта калды. Стольпиннің аграрлық реформасы негізінде Қазақстанға 700 мыңнан астам орыс және украин шаруалар көшіп келді. Отарлық саясат, әсіресе аграрлық, яғни ауылшаруашылығына қатысты салада пәрменді жүргізілді. Өйткені аграрлық мәселе қоныстандыру саясатымен тығыз байланысты еді. Столыпин реформасының нәтижесінде қазақ даласы бірнеше қоныстандыру аудандарына бөлінді. Олар: Торғай-Орал, Семей, Сырдария, Жетісу. Патша өкіметі «Қоныс аудару қорын» (Переселенческий фонд) құру үшін Қазақ өлкесінен «артық» жерлерді анықтайтын қоныстандыру басқармаларын құрды. Қоныстандыру басқармалары әрбір казак, украин, орыс отбасына 15 сотық жер үлесін алуға құқылы деген ереже енгізіліп, ал қалған жердің барлығы Мемлекеттік меншік министрлігі басқаратын қоғамдық жер қорына берілетін болып шешілді. Мұндай тәртіптер қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуіне әкеп соқтырды. «Қоныс аудару қорына» қазақтардан жайылым, суат, мал айдау жолдарын, қыстақтарын тартып ала бастады. Сонымен бірге, Қазақ өлкесінде Орынбор, Орал, Сібір, Жетісу жерлеріне казак әскерлері де орналасқан болатын. XX ғасырдың басына қарай қазақтардың ең шұрайлы деген жеріне көшіп келген өзге ұлттардың саны, казактардың саны 1 миллион 11 мың адамға жетті және олар 15,6 миллион гектар ең құнарлы деген жерлерге қоныстанып, иесі атанды. Патшалық Ресейде аграрлық саладағы езгерістерінің жаңа кезеңі «Столыпин реформаларымен» тығыз байланысты болды. 1906 жылы Ресейдің премьер-министрі болып тағайындалған П.Столыпин елде аграрлық реформа жүргізуді қолға алды. Столыпиннің аграрлық реформасының негізгі мақсаты елді мекендерде аграрлық буржуазияны, яғни орта дәулетті кулактар тобын қалыптастыру арқылы Ресейдің аграрлық мәселесін шешу болатын. Реформа бойынша шаруаларға өзіне тиесілі жер үлесімен қауым құрамынан шығып, жеке хутор құруға рұқсат етілді. Петр Столыпиннің Ресей империясының шеткі аймақтарына, соның ішінде астық өндіру үшін өте қолайлы Қазақ өлкесінің жері де ерекше көзіне түсті. Қазақ жеріне Ресейден келген шаруаларды қоныстандыру мен кулак шаруашылықтарын құру үшін оларға жеңілдіктер беру жүйесі енгізілді. Әрбір хуторға 45 десятина жарамды және 15 десятина егістік жер берілді. Жер бөлуші мекемелерге жергілікті көшпелі қазақтардың жерін тартып алып, олардың орнына орыс шаруалары мен кулактарды орналастыруға рұқсат берілді. Осындай шаралар арқылы Столыпин орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аудару қозғалысына күшті серпін берді. Мәселен 1895-1905 жылдары Қазақ өлкесінің далалық облыстарына үш жүз мыңға жуық адам қоныстанса, кейінгі жылдары қоныстанушылар саны 770 мың адамға жеткен. 1897 жылғы жалпыхалықтық санақ бойынша Дала елкесінде орыстардың үлесі жиырма пайызды құраса, ал 1917 жылы олардың үлесі 42%-ға жетті. 1893-1905 жж. патша үкіметінің қазақтардан тартып алған жер көлемі: 4 млн. десятина жер. Кейін бұл сан 45 млн десятинаға дейін жетті. Тартып алынған жерлер негізінен Торғай, Ақмола, Семей, Батыс Қазақстан облыстарында болды. XX ғасырдың басында Қазақ өлкесінде тау-кен өнеркәсібі дами түсті. Бұл кезең қазақ жерінің қазба байлығын игеруде жақсы жолға қойыла бастаған уақыт болды. 1902 жылға қарай қазақ даласында 20 мыңға жуық жұмысшы еңбек ететін 200-ге тарта өндіріс орны жұмыс істеді. Тау-кен өндірісімен бірге өнім өңдейтін шағын кәсіпорындар жүйесі де қалыптаса бастады. Өлкедегі 690 кәсіпорында 8 мыңға жуық шаруа жұмыс істеген. Қазақ жері арқылы өтетін теміржолдарды салу нәтижесінде теміржол жұмысшыларының саны өсе бастады. Мысалы, Орынбор-Ташкент темір жолының ұзындығы 1656 км құраса, ал онда істейтін жұмысшылардың саны 30 мыңға жетті. Бұл теміржол 1901-1905 жылдары салынып, Қазақ өлкесінде ең негізгі магистральге айналды. Жол бойында Шалқар, Қазалы, Перовск, Түркістан сияқты ірі бекеттер жұмыс істеп тұрды. XX ғасыр басындаға Патшалық Ресейдегі, Қазақ даласындағы халықтың, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы өте ауыр еді. Әсіресе қазақ жұмысшыларының әлеуметтік жағдайы ешбір сын кетірмейтін, тым нашар дәрежеде болды. Тұрғылықты халықты жұмыстың ең ауыр түрлеріне және жалақысы аз төленетін бөліктеріне жіберіп отырды. Себебі қазақ жұмысшыларының кәсіби мамандықтары болмағандықтан, көпшілігін маусымдық жүмыстарға жіберді. Өндіріс басшылары мен жергілікті патша адамдары қазақ жұмысшыларының орыс тілінде еркін сөйлей алмайтындықтарын пайдаланып, үнемі олардың азаматтық әрі әлеуметтік қүқықтарына қол сұғылды. Кәсіпорындар техникалық қауіпсіздік талаптарын орындамағандықтан, құрал-жабдықтармен қамтылмаған күйде жұмыс істеп, адам шығына да болды. Оның үстіне еңбекші халыққа шетелдік мамандары да үстемшілік көрсетіп отырды. Мұның бәрі жұмысшылардың ашуына тиіп, тұрмыстарын жақсарту үшін күреске шығуға итермеледі.