7. Философия және оның пәні. Философияның негізгі функциялары. Философия» сөзі грек «philos» – сүйетін және «sophos» – дана сөзінен шыққан, алғашқы мағынасы «даналыққа деген сүйіспеншілікті» білдіреді. Бірақ бұл бізге философияны түсінуімізге аздық етеді. Философия – ғылым. Философия бүкіл әлемді, оның басты салалары: табиғат, қоғам, адам санасын тұтастай алып, оның жалпы заңдылықтарын ашады. Философия адамзат дамуымен басталады. Яғни, философия ғылымы біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың басында дүниеге келді. Адамзат баласының ой-өрісі кеңіген сайын философия да тереңдей түсті.
Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, Философия Ежелгі Шығыс елінде және грек жерінде бір кезеңде дүниеге келген. Мифология негізінде кейінірек дін дүниеге келді. Дін жаратушы кушке сенуді, илануды талап етті. Діннің табиғаты философиядан басқаша еді. Әр нәрсенің себебін білгсі келгендер дінмен қанағаттанбады, көңілдері толмады. Бұл басқаша ойлауды туғызды, оларды адамзат тарихында философтар деп атады.
Бүгінде «Философия» – рухани мәдениет пен адамзаттық білімнің көне және қызықты салаларының бірінен саналады..
Философия пәнінің мақсаты – студенттердің философияны дүниені танып білудің ерекше формасы ретінде түсінуін қалыптастырып, олардың келешек кәсіби қызметтері аясында оның негізгі тараулары, мәселелері мен әдістері туралы тұтас білім беру.
Философияны меңгерудегі міндеттерге келсек, студент өмірге, қоғамға және айналасына көзқарасын кәсіби, гуманды бағытта тұрақтандыру әдістерін танып, қабылдауға және оны ары қарай дамытуға үйренуді қамтамасыз етуге тиісті. Пәнді меңгеру барысында, студент міндетті:
1 қоғамдық сананы жаңартудағы және қазіргі заманның жаһандық міндеттерін шешудегі философияның рөлін түсіну аясында философиялық-көзқарастық және әдістемелік мәдениет негіздерін игеруге;
2 студенттердің бойында философиялық рефлексияны, өзін-өзі сараптау және адамгершіліктік өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға;
3 ғылыми зерттеу қабілеттерін дамытуға, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетті қалыптастыруға;
4 сананың ашықтығы дағдыларын және прагматикалық білімді өмірде қолдана білу қабілеттерін қалыптастыруға.
Сонымен қатар, философия пәнін «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде тереңдете оқыту, студенттердің философиялық білімін тереңдете отырып тәжірибелік өрісте кәсіби-тұлғалық мүмкіндіктерін кеңейту курстың мақсатын толықтыра түседі.
Философияның қоғамдағы қызметі орасан зор және негізгі функциялары сан қырлы, мәселен:
- дүниеге көзқарастық функция – дүниенің біртұтастық бейнесін жасау, оның құрылымы жөнінде, дүниедегі адам орны, оның қоршаған ортамен байланысы туралы көзқарасты қалыптастыру.
- методологиялық функция – философия коршаған дүниені, шындықты, ақиқатты танудың негізгі әдістерін жасайды.
- теориялық функция – философия бүкіл дүниені, құбылыстарды ұғынуды мейлінше жалпылайды, концептуалды-логикалық жүйелер жасайды, теориялық тұжырымдарды жасайды, толықтырып отырады.
- гносеологиялық функция – философия қоршаған дүниені, шындықты, дұрыс әрі айқын тануды (таным тетігін) мақсат етеді.
- сыншылдық функция – философия кез келген теорияны, білім қағидаларын сыни ойлаудан өткізіп, ондағы қайшылықтарды анықтап, мәнді тұстарын айқындайды. Бұл функцияның міндеті - догмаларды әшкерелеу, білімнің дәйектілігін пысықтау және таным шеңберін мейлінше кеңейту.
- аксиологиялық функция – философия заттар мен құбылыстарды бағалағанда оларды моральдік-әдептілік, этикалық, әлеуметтік, идеологиялық, мәдени, рухани және т.б. құндылықтар жағынан қарастырады.
- әлеуметтік функция – философия қоғамды зерттегенде, оның пайда болу себептерін, дамуын, құрылымын, қозғаушы күштерін, қоғамда болатын қайшылықтарды айқындап, оны шешу жолдарын, жетілдіру мәселелерін карастырады.
- тәрбиелік функция – философия гуманистік құндылықтар мен мұраттарды адам, адамзат пен қоғам игілігіне жаратуды көздейді. Философия - тарих қойнауындағы барлық адмгершілік ізгіліктердің тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді.
- эвристикалық функция – философиялану, яғни философияны оқып-үйрену процесінде адам дүниеге, бүкіл болмысқа жаңаша көзқараспен қарайды, оны бейне бір құлшыныс, шабыт сезімі, инсайт билейді. Ой кешуде, тылсым дүниенің інжу-маржанын тапқанда ойшыл адам сыр мен кемел сезімге бөленеді.