122. Дулат Бабатайұлының «Еспембет» дастанының фольклорлық сипаты.Дулат шығармасынан елеулі орын алатын «Еспембет» атты толғау. Бұл өзінің көлемі, құрылысы жағынан халық жырлары үлгісіндегі ерлік дастан тәрізді. Ақын бұл шығармасында да жетім бала тағдырын сөз қылады. Дастан халық аузында жүрген Еспембет батыр туралы аңыз сюжеті бойынша жазылған.Дастанның негізгі қаһарманы – жетім бала, Еспембет. Ол өз елінен жырақта, нағашы жұрты Қарасайдың қолында жылқы бағып жүреді. Ер жете келе Қарасай елінде, тамағы тойған жерінде жата беруді ар санап, жас жігіт өзі туған Арқаға кері оралмақ болады. Қарасай оның басына үй, алдына мал салып, қалыңдық әперіп, ырғап-жырғап аттандыруды ойлайды. Бірақ Еспембет оны қостамайды, Қарасай ұсынған дүние-мүліктің бәрін де алмай, тек жалғыз Ақбөрте деген тайды қалайды. Ақыры сол таймен елге оралады. Ел-жұрты әуелі баланы елемей, жалғыз ғана тай мінгізіп қайтарғаны не қылғаны деп Қарасай байды да кінәлай өсекке таңады. Бірақ Еспембет оның бәріне де мән бермейді. Ақбөртені баптап бағумен болады. Ақбөрте жақсы ат боп өседі. Еліндегі Сәтімқұл бидің ас берген тойында Ақбөрте бәйгеден жалғыз келеді. Бас бәйгеге келген жүз тайлақты Еспембет түгелімен бес арыс Сыбанға бөліп береді.Дулат осы Еспембет ерлігін кейінгілерге үлгі етеді. Аталмыш дастан өзінің құрылысы жағынан да ерекшеленеді. Оқиғаның желісі жинақты, мазмұны тартымды. Дастанда Еспембет бас кейіпкер ретінде, ерлік қимылдар үстінде танылады. Дулаттың «Еспембет» дастаны - өз кезіндегі әдебиетте елеулі орны бар, батырлар жыры үлгісіндегі патриоттық мәні зор шығарма.
123. Жамбыл Жабаев шығарған «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» тарихи жырлары.
Жамбыл «Сұраншы батырды» ұстазы Сүйінбайдан үйреніп, оны кейін шығармашылық шабытпен дамыта жырлаған. Шығарма тақырыбына елдік, ерлік, ынтымақ-бірлік мәселелері арқау болған. Жырдың сюжет желісіне қарағанда, Сұраншының аса намысқой, әділдік жолында төреге де, бай-бағланға да бас имейтін бірбеткей, ержүрек, досқа адал, дұшпанына қатал адам болғандығы байқалады. Жырдың негізгі идеясы – батырдың Қоқан шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі, Жетісу елінің тыныштығын сақтап, руаралық кикілжіңдерге жол бермей, бейбіт өмірге қол жеткізу мәселесі. Сұраншы бастаған батырлар осы мақсатты орындау үшін аттан түспеді, сол жолда жандарын пида етті.
Жамбыл Жабаев «Өтеген батыр» дастанында батыр өмірінің соңғы кезеңдерін, яғни орыс отаршылдарынан елін сақтап қалу үшін жайлы қоныс іздеу сапарын баяндаған. Бұл ретте ол – тек жаужүрек батыр, қол бастаған сардар, ел бастаған көсем ғана емес, болашақ ұрпақтарының қамын ойлаған абыз, ойшыл дана, сәуегей. Тағы бір үлкен ерекшелік, ол Өтегеннің бейбіт өмірдегі көзсіз ерліктерін, ХҮ ғасырда өмір сүрген Асан Қайғыдан кейінгі қазақ қоғамында, ру басшыларында бола бермейтін қасиеттерін, тарихи тұлғасын бейнелеуінде. Жырда Өтегеннің бейнесі келешек ұрпақтың еркіндігін арман-мақсат еткен, бұл жолда табиғаттың апатынан да, тағдырдың қиын-қыспақ кедергілерінен де, айдаһар мен жезтырнақтан да тайсалмайтын, әлсізге көмек қолын созып, сол үшін қажетті болған жағдайда жанын да құрбан етуге дайын көзсіз батыр, кемеңгер абыз ретінде сомдалады. «Өтеген батыр» жырының оқиғалар желісі жайлы қоныс іздеу сарынына құрылғандықтан, құрылымында тарихи оқиғалар, белгілі адамдардың бейнелері қамтылмаған. Керісінше, батырдың тұлғасы мифтік, ертегілік, аңыздың кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы көрініс береді.
Достарыңызбен бөлісу: |