Дамыту (градация)-алдыңғы сөзден соңғы сөздің, алдыңғы ой-пікірден кейінгі лебіздің, әдепкі құбылыстан екінші құбылыстың екпін қуатының күшейіп, өсіп отыруы. Бұл көркемдік тәсіл құрылыс, жүйесі ұқсас бірыңғай сөйлемдердің іріктеліп шығуына, ой-пікірдің өткір, әсерлі айтылуына әрі мағыналық өрістің кеңеюіне кең еріс ашады. Абайдың «Келдік талай жерге енді» деген өлеңіндегі «Сергі, көңілім, сергі енді!», «Ұш, көңілім, кекке, кергі енді!», «Өрбі, сезім, өрбі енді!» деген шумақ аралық жолдар дамытуға құрылған. Сондай-ақ, ақынның Отыз жетінші сөзінде: «Биік мансап - биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады...» немесе Бесінші сөзіндегі «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» деген жолдары да дамыту әдісіне жатады.
Эллипсис (көне грекше: еlleірsіs – сөз тастау, қысқарту, кеміту) — сөйлемнің бір мүшесін алып тастау арқылы құрылған сөз үлгісі. Элипсис сөйлемнің, ойдың ықшамдылығын, әсерлілігін, өткірлігін арттырады. Элипсисті сөйлемдердегі түсіп қалған сөздердің мәні белгілі болады. Мысалы, Жау келіп қалды… – келіп қалды. Элипсис адамдардың бір-бірімен сөйлесу барысында, диалог түрінде көбірек қолданылады. Мыс., Қар көшкіні болады дейді. Қар көшкіні?
Параллелизм — бір-біріне ұқсас құрылымды сөйлемдер мен сөз тіркестерінің, формалас сөйлем мүшелерінін қабаттаса қатар қолданылуы. Мысалы: Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай (Махамбет).