146. Ауыз әдебиетінің суреттеу құралдары: шендестіру, дамыту, эллипсис, параллелизм.
Шендестіру (грек. antithesis — қарама-қайшы) — сөздің мәнерлігін күшейту мақсатында ұғымдар мен бейнелерді бір-біріне қарамақарсы қойып қолданудан туған айшықтаудың бір түрі. Шендестірудің мақсаты мүлде қарама-қарсы ұғымдарды, жағдайларды, образдарды салыстыра беру не қарама-қарсы қою арқылы ой мен сезімді әсерлі жеткізуге ұмтылу. Шендестіру стильдік ерекшелігі бар, эстетикалық мәнге толы бейнелеу құралы. Шендестірудің сөз өнеріндегі орны ерекше және көріктеу құралы ретінде бастауы ежелгі мифтерде жатыр. Адамзат санасының балаң кезеңіндегі қоршаған әлемді аспан — жер, жарық — қараңғы, су — от тәрізді қарама-қарсы ұғыммен салыстыра тану шендестірудің алғашқы белгілері болып табылады. Шендестіруді жай ғана салыстырумен шатастыруға болмайды. Ол көркемдігімен, образдылығымен, өзіндік бояуымен ерекшеленіп тұрады. Қазақ ауыз әдебиетінің «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі», «Бұлбұл мен есек» сияқты мысал жанрындағы шығармаларында да шендестіру нышандары кездеседі. Қазақ әдебиетіндегі шендестірудің күрделі, көркемдік қуаты мол, эстетикалық әсері күшті үлгілері Абай туындыларында кездеседі. «Қар — аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға…» немесе «Аппақ ет, қыпқызыл бет, жап-жалаңаш, Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда…» деген жолдарда Абай реңі жағынан бір-біріне қарама-қарсы үш түсті алып, шендестіру арқылы негізі образ — төртінші суретті сомдайды. Антоним сөздерді бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы жасалған шендестірулерге көптеген мысал келтіруге болады. «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов), «Соғыс және бейбітшілік» (Л.Толстой), «Қызыл мен қара» (Стендаль”) т.б. шығармалардың аты шендестіру арқылы тура немесе жанама болса да оның мәнін ашуға қызмет етіп тұр.