33. Мақал-мәтелдердің тақырыбы халық өмірінің барлық саласын қамтуы
Мақал-мәтел адам тұрмысындағы алуан түрлі оқиғаларды,қарым-қатынастарды қысқа, тұжырымды тілмен түсіндіреді, айтылмас ойды ажарлайды, әрі анықтайды. Сондықтан да халық сөздің көркі – мақал деп бағалаған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешетін асыл мұра. Мақал мен мәтелдердің мағынасы терең, сөзі ықшам да көркем,еске сақтауға икемді де жеңіл болғандықтан және бала тәрбиелеу ісінде ерекше рөл атқаратындықтан балалар әдебиетінен үлкен орын алады. Балаларға терең ой салумен қатар,оларды көркем және обырызды сөйлеуге жаттықтырады, сөз байлығын, сөздік қорын байыта түседі. Мақал-мәтелдер тәрбиелік жағынан да, оқушылардың сөздік қорын молайтуда да теңдесі жоқ мұра. Сонымен қатар, ел мен жерді қорғау, ерлік тақырыбындағы мақалдардан халықтың ой-тілегін, арман-мүддесін патриотттық сезімін аңғаруға болады. Мысалы, "Ел іші – алтын бесік", "Туған жердің тауы ыстық", "Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол".
Би-шешендер де мақал-мәтелді ұтымды қолданған. Қазақтың би-шешендері даулы істе тапқырлығымен қатар шешендік танытқан. Барша жұртты аузына қаратып сөйлей білмеген шешеннің беделі болмаған. Өйткені кез келген даулы істе жүйелі сөйлеп, тапқырлық танытпаса, оны тыңдайтын құлақ болмаған. Ал мақал-мәтел – сөздің тұздығы. Олардың айтқан сөздерін бір-біріне үлгі етіп, өсиет ретінде таратқан. Ағайын арасындағы татулық, өнеге туралы ойларын алға тартып, тәрбие құралының бірі ретінде пайдаланған. "Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін". "Абысын тату болса, ас көп", "Ағайынның азары болса да, безері болмайды" деп бірлік, ынтымаққа шақырған. Сонымен қоса, мақалдың басты ерекшелігі бірінде ойын ашық айтса, енді бірінде ойды астарласа да, анық қылып жеткізген. Мысалы, "Құласаң нардан құла","Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме", "Аузы күйген үріп ішер" дегендерден нені меңзегенін бірден түсінесің. Тағы басты ерекшелігі жай сөйлеммен терең мағынаны бере білген.
34.Қазақ жұмбақтарының жиналу, зерттелу тарихы
Халық болмысымен ежелден біте қайнасып келе жатқан, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып, қазіргі уақытта да тарих сахнасынан түспей, жалғасын тауып келе жатқан бағалы қазына, ата - бабамыздан қалған мол мұралардың бірі - жұмбақтардың өмірдегі орны ерекше. Жұмбақ адамның ой-өрісін кеңейтеді, алғырлығын арттырады, байқағыштыққа баулиды. Жұмбақтың арғы тегі көне дәуірлерден тамыр тартып, алғашқы қауымдық кезеңдерден бастау алады. Ғалымдар айтуына сүйенсек, жұмбақтың әуелгі тегі тыйым сөздермен және табумен төркіндес. Бағзы дәуірлерде адамдар айналадағы өктем күштерден сақтанғандықтан, өзара шартты сөздермен, астарлы тіркестермен тілдескен. Жұмбақ кейінгі даму барысында табу мен тыйым сөздерден жіктеліп, бөлініп шыққан. Қазақ жұмбақтары ежелгі дәуірде туып, қазіргі кезеңге дейін ұзақ даму жолынан өтті. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында құрастырылған қыпшақ тілінің сөздігі “Кодекс Куманикусте” көптеген Жұмбақтар берілген. Ондағы Жұмбақтардың құрылымы, табиғаты қазіргі қазақ Жұмбақтарына ұқсас. Махмұт Қашқаридің “Түрік тілінің сөздігінде” де қазіргі қазақ Жұмбақтарының алғашқы үлгілері кездеседі. Ұрпақтан - ұрпаққа жеткен аңыздарда да атақты билер, хандар өздеріне мұрагер таңдауда құрылысы күрделі, мағынасы терең жұмбақтарды ортаға салып, соны тез шеше білуіне қарай таңдаған болатын. Қазақ жұмбақтарының жинала бастаған уақыты – XIX ғасырдың аясы. Ш. Уалиханов хатқа түсірген 20 шумақ өлең-жұмбақ Санк-Петербург мұрағатында сақталуда. Бұл жұмбақтар алғаш рет Әлкей Марғұланның назарына ілініп, кейін 1992 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланды. Ы.Алтынсариннің жинаған жұмбақтар тақырыбы жағынан алуан: көшпелі өмір салтынан өрбіген, төрт түлік мал, киіз үй, оның жасаулары, тағам түрлері, тағы да басқа. Ең бастысы – балалардың білім, жас, сана ерекшеліктеріне сәйкес сұрыпталып, іріктеліп алынған.
Әубәкір Диваев жинаған қазақ халқының көл-көсір фольклорлық жаратындыларының арасында жұмбақтар бір шоғыр. Бұл жұмбақтардың көпшілігін ол 1880-1890 жылдары Шымкент уезі, Ноғайқара болысының тұрғыны Е.Ақынбековтың айтуымен хатқа түсірген. Ә.Диваев өзі жинаған 15 жұмбақты Сырдария жинағында орыс тіліне аударып, жариялаған болатын. Қазақ жұмбақтарын қағаз бетіне түсіріп, жариялау XIX ғасырдың аяғында басталып, XX ғасырдың басында жанданған болса, кейін Кеңес Өкіметі тұсында жалғаса түсті.
Көріп отырғанымыздай қазақ жұмбағын жинауда біршама шаруа атқарылған, әр түрлі қолжазба қорларында ертелі-кеш хатқа түскен ауқымды жұмбақ жазбалары шашылып, олардың біразы қалың қауымға жол тартып үлгерді. Жазушы Ж.Аймауытов халқымыздың уақыт, жаратылыс, киім-кешек, мал жайындағы бір топ жұмбақтарын, «Көк өгіз» атты жұмбақ ертегісін жариялаған. Айтылмыш жанр туралы зерттеу жүргізген ғалымның бірі – Мұхтар Әуезов. Оның жұмбақ хақындағы зерттеу мақаласы алғаш рет «Әдебиет майданы» журналының 1938 жылғы 10-санында жарияланды, кейін 1940 және 1959 жылдарда жарық көрген жұмбақтар жинағы ғалымның беташар сөзімен ашылған. Оқымысты әлгі мақаласында жұмбақтың дүниежүзі халықтарының бәрінде бар Байырғы жанр екендігін айта келіп, оның кейінгі заманда жақсы дамып, тәрбиенің қуатты құралына айналғандығына көңіл бөледі. Ә.Марғүлан қазақ жұмбақтарының зерттелу тарихына шолу жасап, тақырыптық ауқымы, образдық жүйесі жөнінде кеңірек баяндайды. М.Әбжанов 1966ж «Қазақ халқының жұмбақтары»атты кітабында жұмбақтың тарихи даму жолдары және басқа жанрлармен ара қатынасы, тақырыбы, мазмұны турасында сөз етеді. Ғалым жұмбақтарды құрылысы, айтылу, жасалу жолдарына қарай мынадай топқа бөліп қарастырады:
1.Қара сөзбен айтылатын жұмбақтар;
2.Жұмбақ ертегілер;
З.Өлеңмен айтылатын жұмбақ ертегілер;
4.Жұмбақ айтыстары;
5.Жұмбақпен айтылатын шешендік сөздер;
6.Диалогқа құралған сұрау, жауап түріндегі жұмбақтар;
7.Есеп жұмбақтар.
Өзінің бастау көзін, өсіп-өркендеу жолын фольклор қойнауынан алатын Жұмбақ қазақ жазба әдебиетінде жалғасын тапты. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай, Шәкерім, С.Торайғыров, т.б. Жұмбақ жанрында қалам тартты.
35.Жанрлық белгілері мен жасалу жолдары
Жұмбақ бізді тек ұшқырлығымен ғана емес, әр түрлі құбылыстарды берудегі икемділік пен дәлдік, сезімге әсерлігімен, оралымдығымен сүйсінтеді. Сол себепті жанрдың бейнелеу тәсілдері мен көркемдік құралдарына тоқталып, нақты талдаулар жасау арқылы эстетикалық тегеурінін көруге болады. Жұмбақ - ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Аристотель “Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора” деп анықтама берген. Жұмбақ әдебиеттің ежелгі үлгілерінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетіндіктен оны ғылымда “фольклорлық жанр”, “халықтық поэзияның шағын түрі” деп санау орын алған. Жұмбақ жанрына тән басты ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп-жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбінесе қысқа, жинақы келеді, кейде образбен өрілген кішкене ғана ұғымды білдіретін сөйлем, не сөз тіркесі түрінде кездеседі. Жұмбақтың ең басты поэтикалық құралы – метафоралық тәсіл. Жұмбақта тұспалдап айтылатын нәрселер дайын, ап-айқын күйінде көрінбей, емеурінмен елес береді. Тұспалдау арқылы байламның сыңар бейнесі сомдалады, оның бейнесі басқа құбылысқа көшіріледі. Жұмбақтар түрлі жағдайларды суреттеуді мақсат етпейді, оқиғаларды да баяндамайды, тек әр түрлі заттар мен құбылыстардан образдарға нақыш боларлықтай өрнектер табады. Жұмбақтың тілдік өрнектерінде халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туындаған нақыш-өрнектер, ауыстырулар өте мол.
Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Бейнелі суретпен де ( “Отқа жанбас, суға батпас” ) айтылады. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінде ақындардың ауызша, жазбаша жұмбақ айтыстары көп кездеседі. Оларға жігіт пен қыздың жұмбақ айтыстары, Сапарғали мен Нұржанның айтысын жатқызуға болады. Композициялық құрылымы, әдетте, екі бөлікті болып келеді, бірінші бөлікті жұмбақтың байлауы, екінші бөлікті жұмбақтың шешімі деп атайды. Жұмбақта заттың түрі-түсі, көлемі, қасиетімен қатар, оның атқаратын қызметі немесе қимыл-әрекеті де айтылады. Жұмбақ құбылысты түрлендіре құбылту арқылы әр тарап, сан қырынан танытады. Кейде байламның барлық қасиеттері толық суреттелмей, бір ғана белгісі айтылуы мүмкін. Сондықтан жұмбақ шешуін табудың ауыр-жеңілдігі нысан суретінің қаншалықты толық, дәл берілуінде. Жұмбақты шешу – сипаттамадан соң сыңар бейнеден байламды табу арқылы жүреді. Сипаттамада байламның белгілері айтылады, осы белгілерге қарап нысанды ойша кескіндеу, елестету, мәтінді ести отырып, ұқсастырылған нәрсе мен байлам арасындағы байланысты зерделеу процесі өрбиді. Жұмбақта белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Оның ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан алуан жолдармен өрнектеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |