69.Көне эпоста ертедегі аңшылық өмірдің суреттелуі.
Көне эпостағы кейіпкердің шаруашылық негізі, әлеуметтік ортасы аңшылықпен күн көрген мерген болады. Эпостағы мерген бейнесі – ертегілік сарыннан, ерте замандағы аңшылық кәсіптен қалған жұрнақ. Көне эпоста мифтік сарын, ескі өмірдің елесі басым екендігі даусыз. «Бұл шығармалардың басты қаһармандары таңғажайып оқиғаларға кездесіп, жердің асты-үстін шарлап, алдына қойған мақсат-мүддесін іске асырудың жолын іздейді, сол үшін бар күшін сарп етеді. Құламерген мен Жоямерген арамдыққа, зұлымдыққа қарсы тұрып, жарқын өмір үшін бел буып, күреске шығады» . Әдетте көне эпоспен салыстырғанда, қазақтың батырлық жырларының денінде эпос қаһарманының әке-шешесін, ел-жұртын, туып-өскен мекенін, сән-салтанатын, ағыл-тегіл байлығын, ақтылы қойын, алалы жылқысын, мыңғырып жатқан қисапсыз малын суреттеу кең көлемде жырланады. Бір сөзбен айтқанда, көне эпоста эпикалық баяндаудың шарттылығы кемшін. Ол ертегілік сипатқа жақынырақ. Айталық, «Қобыландыда» (барлық нұсқалары), «Алпамыста» (барлық нұсқалары), «Құбығұлда» (Н.Байғанин нұсқасы), «Қарабекте» (Бітімбаев нұсқасы), «Шора батырда» (Дибаев нұсқасы), «Ер Сайында» (Радлов, Байтұрсынов нұсқалары) батырдың руы, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, туған-туыстары да тегіс айтылады. Жырдағы оқиғалардың орналасу тәртібі бойынша, байланыссыз ситуация өрбімек емес. Экспозициядағы тыныштық қалып бұзылады.