73. Поэтика туралы жалпы түсінік
Поэтика (грек тілінде poietik fehne — шығармашылық өнер) — әдебиеттанудың пәні, көркем шығарма құндылығын бар болмысымен айқындайтын жүйе туралы ғылым. Поэтика мәтіннің дыбыстық, сөздік, образдық құрылымын зерттейді.
Поэтиканың басты мақсаты — осы үш саланың толық жүйеленген эстетикалық амалдарын анықтау. Кең мағынасында поэтика әдебиет теориясымен үндес ұғымды білдірсе, ал нақтылы мағынада сол теориялық әдебиеттің бір саласы ретінде қабылданады. Әдебиет теориясының саласы ұғымындағы поэтика әдеби тек пен түрдің, ағым мен бағыттың, стиль мен әдістің ерекшеліктерін зерделейді, сондай-ақ көркемдік тұтастық деңгейлерінің ішкі байланыс заңдылықтарын, олардың ара қатынасын зерттейді.
Шығармадағы образ бен сюжет поэтиканың бір бағыты болып табылады. Жеке поэтика жоғарыда аталған нысандарда көркем шығарманың табиғатын ашумен айналысады, сол арқылы шығарманың эстетикалық ықпалды қасиетінің дара жүйесін жасайды.
Поэтикадағы басты мәселе — композиция, яғни барлық эстетикалық мәні бар элементтердің бір-бірімен үйлесім-үндестігі.
Қазақ батырлар жырын талдау барысында көркемдік уақыт пен кеңістік және автор образының үндестігі шығарма құрылымындағы барлық жайды айқындайды.
Қазақ әдебиеттануында А.Байтұрсынов поэтика ұғымын қисын деп алады. Ол тіл қисыны яки лұғат қисынына сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп тізу деген анықтама береді. Шығарманың өңді, ұнамды болу шарттарын белгілейді: ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне, көрнекті, әуезді болу жағын да талғайды.
Достарыңызбен бөлісу: |