Алматыдан келдім және поезбен келдім тіркестеріндегі байланыстар бірінші сыңар құрамындағы септік жалғаулары арқылы жүзеге асқан. Атап айтқанда, шығыс септігі зат есімге зат (Алматы) қимылдың (келу) адресант-мекені екенін білдіретін мағына жамап, сол зат есімді етістіктің мекен пысықтауышы қызметіне қойып, сол етістікпен байланыстырған. Сол сияқты көмектес септігі өзі жалғанған сөзге зат (поезд) қимылдың (кел) құрал-объектісі екенін білдіретін мағына жамап, зат есімді етістікпен толықтауыштық қатынаста байланыстырған.
2. Синтаксистік байланыстың сипаты: салалас байланыс, сабақтас байланыс. Сабақтастық байланыстың сыңарлары: басыңқы компонент және бағыныңқы компонент. Синтаксистік байланысқа түсетін сыңарларды синтаксистік компоненттер деп атаймыз. Байланыс әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер арасында орын ала береді. Егер сөйлем құрамындағы сөздер (сөздердің түрленген тұлғалары) байланысып, компонент болса, құрмалас сөйлемдерде компонент болатындар – оның құрамына енген жай сөйлемдер.
Синтаксистік байланыс байланыстың сөздердің арасында орнау сипаты және компоненттерінің мағыналық, тұлғалық қарым-қатынасына қарай салалас және сабақтас байланыстар болып екіге бөлінеді.
Мағыналық жақтан өзара тең дәрежелі, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді болмайтын компоненттер арасындағы байланыстың түрін салалас байланыс дейміз. Мағыналық жақтан бірі екіншісін сипаттай (анықтай, пысықтай, толықтай, баяндай, айқындай, т.б.) келген, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді компоненттер арасындағы байланыстысабақтас байланыс дейміз. Анықтамалардан көрінетіні – синтаксистік байланыстың сипатын анықтауда оның екі жағы да: мағыналық жағы да және тұлғалық жағы да назарда болатыны. Компоненттердің мағыналық жақтан теңдік дәрежеде немесе тең емес дәрежеде болуына сол байланысты жүзеге асыратын тұлғалық жағы, тұлғалық ерекшеліктері әсер етіп жатады. Атап айтқанда, компоненттер тұлғалық жақтан бір-біріне тәуелді болмай, тең дәрежеде байланысып келсе, олардың мағыналық жағы да бір-біріне тәуелсіз теңдестік ыңғайда келеді. Керісінше, компоненттер тұлғалық жақтан сабақтаса байланысса, мағыналық жақтан да бірі екіншісін сипаттай келеді. Еділ мен Жайық Каспийге құяды, Амудария мен Сырдария Аралға құяды деген сөйлемдегі салалас және сабақтас байланыстарды айқындап, олардың мағыналық және тұлғалық қарым-қатынастарын талдап көрейік. Берілген сөйлемде мынадай салалас байланыстар бар:
1. Еділ мен Жайық. Жалқы зат есімдерден болған компоненттер бір бірімен мен жалғаулық шылауы арқылы байланысқан. Бірақ біріншісі екіншісінің белгілі бір қосымшаны қабылдауын талап етіп тұрған жоқ. Сол сияқты соңғы компонент те алдыңғының белгілі бір қосымшада (басқа да тұлғада) тұруын талап етпеген. Екеуі де атау септігінде, бір тұлғада тұр. Олардың екеуінің де атау септігінде тұруы бірінен екіншісіне бағытталған тілдік құбылыс емес, екеуінің де бастауыш қызметінде тұрып, баяндауышпен байланысуы үшін қажеттіліктен туындаған. Яғни сөйлемде екеуі де ортақ бір қызметте, бірыңғай бастауыштар қызметінде, келген. Компоненттердің орындарын ауыстырғанда да (Еділ мен Жайық орнына Жайық пен Еділ түрінде қолданғанғанда да) олардың қарым-қатынасында еш өзгеріс орын алмайды (Салыстыр: алма қызыл және қызыл алма тіркестерінде компоненттердің орын ауыстыруы мағыналық қатынасқа әсер еткен: предикаттық қатынас анықтауыштық қатынасқа өзгерген). Бұл – байланыстың тұлғалық жағы.
Сөздердің арасындағы байланыстың мағыналық жағына келсек, мұнда да бірін бірі сипаттау түріндегі қарым-қатынас орын алмаған: бірі екіншісінің анықтауышы болып тұрған жоқ немесе басқа да мүшелік қатынастары (толықтауыштық, пысықтауыштық, бастауыш-баяндауыштық, айқындауыштық) байқалмайды. Тек іс-әрекеттің (құю қимылының) иесі болатын заттарды бірінен соң екіншісін тізіп атау ғана бар. Сөздер арасындағы мұндай қатынас – ыңғайластық қатынастың қатарына жатады.
Ендеше, сөйлемдегі Еділ мен Жайық сөздері өзара салаласа байланысқан.
2. Дәл осындай салаласа байланысуды екінші жай сөйлем құрамындағы бірыңғай бастауыш қызметінде тұрған Амудария мен Сырдария сөздерінің арасынан да байқаймыз.
3. Келесі салалас байланыс құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдері арасында орын алған Мұндағы бірінші компонент – Еділ мен Жайық Каспийге құяды, екінші компонент – Амудария мен Сырдария Аралға құяды. Компоненттер өзара орын тәртібі арқылы (және бірінші сөйлемнің соңындағы ойдың аяқталмағанын, әлі жалғасы барын білдіретін тиянақсыз интонация арқылы) байланыс орнатқан. Компоненттерді тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді деуге келмейді. Мағыналық жақтан да алғашқы сөйлем соңғыға қатысы бар бір оқиғаны баяндап тұрған жоқ. Сондықтан жай сөйлемдер мағыналық жақтан да бір біріне тең дәрежеде тұр. Ал сол байланыстан туған қатынасқа келсек, компоненттер арасында мұнда да ыңғайластық қатынас орын алған.