Жан тапсыру уайымын,
Әзәзілдің ойынын –
Сенен жәрдем болмаса
Не қылармын, Құдай-ай!
Оңайлықпен жанды ал да
Сапарымды оңда, АЛЛА!
Жан кеудеден самғарда,
Тәнім жерде қалғанда,
Табытқа әкеп салғанда
Не қылармын, Құдай-ай!?
Түстім талай аранға,
Баттым талай харамға,
Бола ала алам ба панаңда,
Жаратушы – Жан-АЛЛА,
Жарылқаушым, ғаламда?
Кеудеге тас басылып,
Жерге мәңгі жасырып,
Жыйылған жұрт асығып
Жеті қадам ұзарда,
Мүңкір-Нәңкір сұрарда
Не қылармын, Құдай-ай!?
Рухты Тән қарсылап,
Қылған күнәм жаншылап;
«Раббың кім?» – деп періште,
Қысқан кезде сан сұрақ –
Не қылармын, Құдай-ай!?
Құл Қожа Ахмет, мақтанба
Нәпсі-кірге батқанға! –
Мақшар Таңы атқанда
Не қылармын, Құдай-ай.
22-ХИКМЕТ.СЫН САҒАТ Қара күн ғой сын сағатта бұл фәниден сапар қылсаң,
Болмас, тіпті, шаңырағыңнан бір тамшы су татар мұршаң.
Ажал сенің қарамайды жердегі әмір-құдіретіңе,
Үкіміңмен бар ғаламға астаң-кестең қаһар қылсаң.
Барлық жанға Хақ бұйрығы – шын өлімнен шәрбат ішу,
Қашып одан құтылмайсың – ой, қиялды қатар қусаң.
Қабірстан жаққа барып өлілерден ғибрат ал,
Сол жарасар: тәнді – кәуап, жан жарасын зәһар қылсаң.
Тірлік – жалған әрқашанда, тек ізгілік жолдас саған,
Қиямет үшін жігерді – құм, жүрегіңді баһар қылсаң.
Хақ бұйрығын тұтқан ғана Хақтың сүйген құлы болар,
Уәлиге айналасың ғибадаттан шаһар құрсаң.
Малың-мүлкің пана болмас,
кімді көрдің ажал алмас,
Қара жерге бір кіресің – қанша айламен сақал қырсаң.
Құл Қожа Ахмет, кір күнәмен қылма зая өміріңді,
Жаратқанның жанабына ылайықсың саһар тұрсаң.