7. ПОПУЛЯЦИЯЛЫҚ – ТҮРЛІК, БИОГЕОЦЕНОТИКАЛЫҚ, БИОСФЕРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙЛЕР Популяциялық-түрлік деңгей. Өзіне тән табиғи орта жағдайында, бір түрге жататын белгілі бір аймақта таралған даралардың жиынтығы популяцияны құрайды. Популяция дегеніміз - бір түрдің жеке өз алдына оқшауланған әрі көптеген даралардан (особьтардан) тұратын тобы. Популяциялық деңгейде ғана алғаш рет қарапайым эволюциялық өзгерістер байқалады, ол бірте-бірте жаңа түрдің пайда болуына септігін тигізеді.
Құрылымдық деңгейі әр түрлі бір табиғи орта жағдайында ғана тіршілік етуге бейімделген көп түрлі организмдер жиынтығын биогеоценоз дейді. Оны кейде табиғи бірлестік деп те атайды. Биогеоценоз құрамына сан алуан тірі организмдер және белгілі табиғи орта жағдайлары біріктіріледі. Биогеоценоздағы организмдердің денесінде энергия жинақталады және энергия бір организмнен екіншісіне беріліп отырады. Биогеоценоздың құрамында бейорганикалық, органикалық қосылыстар және тірі организмдер болады. Жер ғаламшарындағы барлық тірі организмдер мен олардың тіршілік ететін жалпы табиғи орта жағдайларының жиынтығы биосфералық деңгейді құрайды. Биосфералық деңгейде басты рөлді "тірі заттар", яғни жер бетіндегі барлық тірі организмдер атқарады. Биосфералық деңгейде "жанама заттар" (яғни, қоршаған орта жағдайлары) мен тірі организмдердің тіршілік әрекетінен пайда болған "биожанама заттардың" да маңызы зор. Биосфералық деңгейде бүкіл жер бетіндегі заттар мен энергияның айналымы биосферадағы барлық тірі организмдердің тікелей қатысуы арқылы жүріп отырады.
8. ТІРІНІҢ НЕГІЗГІ ҚАСИЕТТЕРІ Зат және энергия алмасу - бұл тіршілікті қолдау негізіне жататын барлық тірілік атаулының жалпы қасиеті.
Өзін-өзі реттеу - тірі жүйелердің өз көрсеткіштерін (физиологиялық, т. б.) белгілі деңгейде автоматты түрде орнықтырып, қолдай алуы.
Тітіркенгіштік - тірі жүйелердің сыртқы және ішкі әсерге (өзгерістерге) жауап қайтара алу қасиеті. Адам ағзасындағы тітіркенгіштік көбінесе жүйке, бұлшықет және безді ұлпалардың қасиеттеріне байланысты болады.
Қозғыштық - тірі жүйелердің тітіркенгіш әрекетке жауап қайтара алу қасиеті. Ал қозу - тітіркендіру және қозғыштық әсерінен пайда болатын нақтылы қайтарылған жауап.
Қозғалыс (қимыл) - орын ауыстыра алу қасиеті. Бұл да тірі нәрсеге ортақ қасиет, дегенмен бір қарағанда бекініп орныққан ағзалар қозғала алмайтын тәрізді болып көрінеді.
Көбею - тірі ағзаларға ортақ қасиет, ол тіршіліктің ұрпақтар қатарында, яғни тарихи ұласуын қамтамасыз етеді.
Даму - жаратылым (организация) деңгейінің барлығына тән қасиет. Тірі жүйелер - молекулалық және жасушалық жүйеден биосфераға дейін ғаламшарымыздағы ағзаларды біртұтас алғанда - өз кезінде өзгере, дами және әбден жетіле алады.