ШЖБМ жағдайында сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар Сыныптан тыс жұмыс бүкіл оқу үдерісінің құрамды бөлігі, сабақтағы жұмыстардың табиғи жалғасы болып табылады.
Сыныптан тыс жұмыстардың негізгі міндеттері: оқушылардың практикалық дағдылары мен біліктерін кеңейте және тереңдете түсу, логикалық ойлауды, тапқырлықты дамыту, қабілетті және дарынды балаларды көрсетіп, олардың ой-өрісінің әрі қарай дамуына көмектесу, математикаға қызығушылығын арттыру, табандылыққа, еңбекке деген сүйіспеншілікке, ұйымшылдық пен ұжымшылдыққа тәрбиелеу.
Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың өз еріктерімен қатысуына мүмкіндік береді. Онда оқушыларға баға қойылмайды, бірақ қандай да бір іс-әрекеттері, есептеу шапшаңдығы, тапқырлығы, ұтымды әдістерді пайдалануы мадақталуы тиіс.
Сыныптан тыс жұмыстарды жүргізу үшін мұғалім сынып-комплектінің балаларының жас ерекшелігін, білім деңгейлерін ескеріп, әр сынып балаларына шамалары келетіндей, қиынырақ материалдарды немесе материалдардың негізгі курсын оқып-үйренуде толықтырушы болып табылатын материалды таңдап алуға болады. Аталмыш жұмыстардың өзгешелігі – математикалық ойын-есептер, ойындар, жарыс т.б. сипатта болады, онда балаларды қызықтыратын формадағы жаттығулар қолданылады, бірақ ол жаттығулар мәселенің математикалық мәнін түсінуге, математика жөнінен білімдерін тереңдетуге және айқындауға себі тиюі тиіс.
Мұғалім сыныптан тыс жұмыстардың түрін таңдауды, оны ұйымдастыруды, белсенділікті және оқушылардың өз бетіндік жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз ететіндей мұқият ойластыруы тиіс.
Сыныптан тыс жұмыстарға мыналар жатады: сыныптан тыс сабақтар, математикалық бұрыштар, математика кештері немесе ертеңгіліктер, математика үйірмелері, олимпиадалар, спартакиадалар, ҚМК (КВН), т.б.
Сыныптан тыс сабақтар (қызықты математика сабағы). Сабақ барлық сыныпарға арналып жүргізіледі, сабақтың ұзақтығы оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты 30-40 минутқа дейін, сабақ айына бір рет болуы мүмкін. Мазмұны жөнінен сабақтағы жұмыспен байланысты болуы керек, бірақ қиын есептер, тапқырлық есептері, ойын-есептер, геометриялық мазмұнды қызықты есептер, логикалық есептерді шығару көзделеді. Сиқырлы шаршыларды толтыру, ойлаған санды табу, ребустарды, шарадаларды, жұмбақтарды шешу (балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкестендіріле) ұсынылады. Айшықты бояулармен салынған плакаттар, суреттер пайдаланылады, ертегілердің кейіпкерлері кірістірілсе, сабақ әсерлі өтеді.Онда топтық және жеке-дара жұмыс ұйымдастыруға мүмкіншілік мол, сонымен бірге оқушылардан тапсырмаларды тек дұрыс орындау ғана емес, оны дәлелдей, негіздей білу де ескеріледі, талап етіледі.
1. Біріктірілген 1 және 2-сыныптардағы сыныптан тыс сабақ:
Алдымен оқушыларға сабақтың түрі, балалар деңгейіндегі сабақ мақсаты хабарланады. Содан кейін тақтаны екіге бөліп, бір бөлігіне 1-сынып, келесі бөлігіне 2-сынып деп жазылады.
«Тез есепте!» 1+2+3+4+5+6+7+8+9+10
Топқа бөлініп әр топ капитанын сайлайды, оларға өз деңгейінде (бірінші сыныпқа арналған тапсырма жеке, ал екіншіге- бөлек) тапсырмалар беріледі, неше тапсырма дұрыс орындалғаны есептеледі. Мысалы:
2+8 9+1 10-10 20+3 30+10 60-4
10-8 5+5 10-0 4+20 50-20 86-6
Әр топқа түстері әр түрлі жетондар дайындалады да, тапсырмаларын Тапқышбектің қалтасына салады.
Эстафета. Әр бала санайды, санаған сандары есте сақталады. Сол сан баланың нөмірі болып есептеледі. Қалтадан бір сан алып, оны өз нөміріне қосады. Келесі бала оған өз нөмірін қосады, осылай соңғы балаға дейін жалғасады, кім бұрын және дұрыс есептесе, сол топ жеңіске жетеді.
2. Математикалық бұрыш. Оны оқушылар мұғалімнің басшылығымен құрады. Онда математикалық дәптерлер көрмесі, есеп құрастыру үшін цифрлі мәліметтері бар газет қиындыларынан жасалған альбомдар, өз бетімен құрастырылған есептер жинағы, математикалық есептер, мысалдар және түрлі жаттығулар орындауға арналған тапсырмалары бар түрлі-түсті кестелер болады. Математикалық газеттің атауы қызықты болуы тиіс, мысалы, «Жас математик», «Тапқыр болсаң, тауып көр», «Тапқышбектер клубы», «Ойлан, тап!», «Ойлайық та, ойнайық!», «Математик-ғалымдар», «Менің білгім келеді» т.б. Газет бетінде берілетін тапсырмалар әр сынып балаларына арналуы тиіс, мүмкін болса, әр сынып балаларына арнап, жеке-жеке газет шығарылса ролі орасан зор болар еді. Әрбір газетте балалардың тізімі, апталық не бір күннің тапсырмалары, оқушының жауабына арналған конверт болуы тиіс. Газет тапсырмалары мерзімі келгенде, міндетті түрде тексеріліп, бағаланып, ұпаймен қорытындыланады.
3. Математикалық кеш (математикалық ертеңгілік). Математикалық кеш өткізілмес бұрын газет шығарылып, онда әрбір сынып арасында жарыс ұйымдастырылатыны айтылады. Әділ қазылар мүшелері сайланып, карточкалар, тапсырмалар дайындалып, оқушыларға қарсы топқа сұрақтар дайындауға тапсырмалар беріледі. Кеште 3 және 4 сынып оқушылары жарысуы мүмкін.
Жоспары:
Кешті ұйымдастыру.
Әңгіме. (жалпы кеш белгілі бір тақырыпқа құрылуы мүмкін). «Адамдар санауды қалай үйренген?», «Бізді қоршаған ортадағы шамалар»
Жарыс – тапсырмалар (екі топқа ортақ сұрақтар).
Ойын «Арифметикалық жүгіру».
Тақырыпқа берілген тапсырмалар.
Ең мықты есептеушіге сұрақ.
Топтардың қарсы топқа қоятын сұрағы.
Викторина.
Қорытынды.
4. Математика үйірмесі. Онда математикаға ерекше бейімі бар оқушылардан 3-4-сыныптан бастап ұйымдастырылады. Үйірме сабақтары белгілі жоспар бойынша, оқушылардың тұрақты құрамымен жүйелі түрде айына 2-3 рет жүргізіледі. Онда балаларды есептеудің жаңа әдістерімен, қиынырақ есептерді шығару тәсілдерімен, кейбір математика тарихы мәселелерімен таныстырылады. Үйірме мүшелері газет шығаруға, бұрыш жасауға, кеш ұйымдастыруға ерекше тартылады.