Сөздің лексикалық мағынасы дамуының жоғарыдағыдай тарихи сипаты белгілі бір дәрежеде түсіндірме және этимологиялық сөздіктерде ашылып отырады.
Оларға сөздердің битарап және бейнелі мағыналары, терминдік (кәсіби) мағыналары жатады.
Битарап мағына зат, құбылыстар мен сапалық белгілерді, әрекет-қимылды атап білдіретін жалпылама лексикаға тән. Мысалы, дала, орман, адам, мемлекет, қазына, қанат, жақсы, жаман, үлкен, кіші, жату, тұру, оқу, жүзу, намыс, науқас, жеті, тоғыз, бүгін, ертең т. б. Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезімнен туған бейнелі түсініктер битарап мағынаға жатпайды. Бірақ сөздің кейінгі қолданылу барысында ондай қасиеттер пайда болуы мүмкін: Мысалы, құс қанатымен ұшады, ұшақтың сол қанаты дегенде қанат сөзі өзінің атауыштық битарап мағынасында қолданылып тұр. Ал ұшарға қанатым жоқ, неғылайын, қанатты сөздер дегендегі қанат сөзінде бейнелі мағына бар.
Бейнелі мағына. Бұған адамның сезімі мен көңіл күйіне байланысты айтылатын эмоционалды сөздердің мағыналары жатады. Олар стилистикалық бояма мағына деп те аталады.
Зат, құбылыстарды жағымды-жағымсыз түрде бағалау, сезім, көңіл күйінің әсері онда айқын байқалып тұрады. Ср. тамаша, шіркін, ғажап, сорлы, сүмелек, зұлмат, ойбай, қалш-қалш, зірк-зірк, бажылдау, жағымсыз мәнде айтылатын етістіктер шікірею, едірею, қылтию, тәлтию, тылтию, жалпию, шілтию, т. б.
Терминдік мағына ғылым, техника, өнер саласында қолданылатын арнаулы сөздердің лексикалық мағынасы. Мысалы, объект, предикат, диалект, екпін, үстеу, қаратпа сөз, конституция, дирижер, спонсор, инвестиция, меридиан, холестерин, вольт, ампер сияқты сөздердің терминдік мағыналары.
Халықтық тілдегі кәсіби сөздер мен терминдердің лексикалық мағыналарында ұқсастық бар. Кәсіби сөздердің мағыналары да тұрақты және оларға бейнелілік тән емес. Мысалы: шоқыр - теңізде жүретін ұзын тұмсықты үлкен балық. Собық - жүгерінің дәні алынған басы. Шығыр - егістікке су жіберу үшін жасалған құрал. Жым - аңның ізі, жүретін жолы. Жап - егіндікке су жіберетін кішкене арық.
Халықтық тілде бір-бірімен қиыспайтын сөздерден жаңа тіркестер жасау, поэтикалық көтеріңкі сипатта қолдану көркем әдебиетте жиі кездеседі. Содан барып поэтикалық мағына қалыптасады. Поэтикалық мағына - троп, фигураның түрлері сияқты поэтикалық тәсілдерді қолдану арқылы сөздің айрықша көркем, ерекше әсермен, мәнермен көтеріңкі айтылуынан туатын мағынасы. Мысалы, Абайдың «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Сөзімде жаз бар шыбынсыз», «Өзім де басқа шауып, төске өрледім», «Алты бақан, ала ауыз», «Азалы ақ көрпесін сілке тастап», «Жер күлімдер өңіне шырай кіріп», «Қызыл арай сары алтын шатырына Күннің кешке кіргенін көрді көзім», Н. Байғаниннің «Жер көбесін төңкеріп, Келтірген сәнін даланың», «Саз тиегін ағытсам, Тәкаббар ескен желдеймін» т. б. өлең жолдарында немесе «мұртын балта кеспеу», «от ауызды, орақ тілді», «араларынан қыл өтпеу», «аспанды алақандай, жерді тебінгідей қылу», «ине шаншар жер болмау» т. б. халықтық тіркестерде поэтикалык мағына айқын байқалады.
Поэтикалық мағынаның бастау көзі халыктың ауыз әдебиетінде жатыр. Онда поэтикалық мағыналардың не түрлі үздік үлгілері сақталған: «Буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып», «Мұз төсеніп, қар жастанып», « Темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болғанда», «Қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып».
Поэтикалық мағынаны сөздің әдеттегі ауыс немесе бейнелі мағынасымен шатастыруға болмайды. Мысалы, кітаптың беті дегендегі бет - адамның беті дегеннін атауыштық сипат алған ауыс мағынасы; тамаша, ғажап – таңқалуды, тылтию, қылтию - жаратпауды, менсінбеуді білдіретін сөздердің бейнелі мағыналары болып табылады да, сөздіктерде ауыс я бейнелі лексикалық мағыналар ретінде беріліп отырады. Ал поэтикалық мағына сөздің лексикалық мағынасы емес, поэтикаландырылған, көтеріңкі стильдік мағынасы.
Достарыңызбен бөлісу: |