5. Қазақстан Республикасының контитуциялық құрылымы. Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі кезеңдегі қоғамның жағдай мен мемлекеттіліктің дамуын көрсетеді, ол преамбуладан және 9 бөлімнен тұрады. Конституция негізінде биліктің бірден-бір бастауы халық болып танылады, мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы, сот билігі болып үш тармаққа бөлінеді. Мемлекетте халық атынан билік жүргізу құқығы Президентке және Парламентке берілген. Мемлекеттегі билік органдары тек белгілі бір мерзімге сайлану арқылы өз қызметтерін жүзеге асырады. Президент бес жылға, қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Бұл шектеу еліміздің алғашқы Президентіне қатысты қолданылмайды. Ал Парламент депутаттары - сенаторлар алты жылға, мәжіліс депутаттары бес жылға сайланады. Қазақстан Республикасы - Президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Президент мемлекеттің басшысы, ол елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға болып табылады. Президент үкімет мүшелерін тағайындайды және қызметінен босатады, ал үкімет өз қызметі үшін Президент алдында жауапты. Президент Парламент қабылдаған заңдарға тыйым сала алады, Конституцияның 45 бабының 2 тармағында көзделген жағдайда заңдар және заң күші бар жарлықтар шығара алады. Президент Парламентті тарата алады, өз қалауы бойынша Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Қарулы Күштердің бас қолбасшысы болып табылады, елдің бүкіл аумағында немесе жекелеген бөліктерінде әскери жағдай енгізе алады. Өз қалауы бойынша референдум өткізе алады. Елде төтенше жағдай енгізуге шектеулі құқығы бар.
Қазақстан Республикасы құрылым нысаны бойынша аумағы біртұтас, унитарлық мемлекет болып табылады. Орталық пен жергілікті атқару органдары арасында тиімді мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру мақсатында республика аумағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлінген, олар: ауыл (село), кент, ауылдық (селолық) округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс.
Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде бекітті. Елімізде азаматтардың саяси және идеологиялық еркіндігіне жол беріледі, саяси көппікірлілік орын алған. Азаматтар өз саяси құқықтарын жүзеге асырып, мемлекеттік саясатқа қатысты өз ықпалын тигізу мақсатында еркін түрде кез-келген саяси партия құрамына кіруге құқылы. Қазақстан азаматы тек бір партияға мүше бола алады, саяси партияның мүшесі болу оның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз бола алмайды.
Қазақстан қазіргі уақытта құқыққа негізделген мемлекет құру жолына түсті, қоғам өмірінің барлық саласында заңның үстем болуын мемлекет қамтамасыз етуге міндеттелінеді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар заң талаптарын қалтқысыз орындауға міндетті. Құқықтық мемлекет құрудың негізгі қағидасының бірі - сот тәуелсіздігі - Қазақстанда жүзеге асырылуда. Судья сот төрелігін жүзеге асыруда тек Конституция мен заңға ғана бағынышты болады.
Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуын ондағы таптық бөліністің жоқтығынан көруге болады, яғни мұнда ешкімнің әлеуметтік жағдайына қарап, мемлекет тарапынан артықшылықтар берілмейді. Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі адамды әлеуметтік жағынан қамсыздандыру болып табылады.
Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстандық билік дін ісіне араласпайды, сәйкесінше діни ұйымдар мемлекет ісіне араласпауға тиіс. Елімізде бір дінге артықшылық жасалып, оған мемлекеттік мәртебе берілмейді.