1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметінің ерекшеліктері 2. Қазақстан Республикасының Әділет органдары 3. Қазақстан Республикасының прокуратура органдары 4. Қазақстан Республикасындағы алдын ала тергеу және анықтау органдарының жүйесі 5. Қазақстан Республикасының сот жүйесі 6. Судьялардың құқықтық мәртебесі
1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметінің ерекшеліктері Құқық қорғау қызметі дегеніміз - бұл заңдылықты, құқық тәртібін, қоғамның, мемлекеттің, қоғамдық және өзге де бірлестіктердің, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету, заңда белгіленген тәртіппен заңға қатаң сәйкестікте заңдық ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын, қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы күрес бойынша мемлекеттің атынан оның арнаулы өкілетті органы жүзеге асыратын қызмет. Құқық қорғау қызметінің төменде көрсетілген бағыттарын бөліп қарастыруға болады:
- конституциялық бақылау;
- сот төрелігі;
- соттарды ұйымдық қамтамасыз ету;
- прокурорлық қадағалау;
- қылмыстарды анықтау және тергеу;
- заң көмегін көрсету және қылмыстық істер бойынша қорғау.
Құқық қорғау қызметінің негізгі бағыттарын құқық қорғау органдары жүзеге асырады, олардың қатарына:
- соттардың қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын органдар (Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет және оның облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы сот әкімшілері);
- прокуратура органдары;
- қылмыстарды анықтауды, жолын кесуді және тергеуді жүзеге асыратын органдар (Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Әділет Министрлігі, ДГД қызметінің кейбір алдын ала тергеу және анықтау органдары);
- құқықтық көмек пен құқықтық қамтамасыз етуді ұйымдастыратын органдар (адвокатура, нотариат).