1. Мемлекеттік басқарудың түсінігі және мемлекеттік органдар 2. Мемлекеттік басқарудың қағидалары. 3. Мемлекеттік басқарудың субъектілері және объектілері 4. Мемлекеттік басқару механизмінің түсінігі, мазмұны, құрылымы. 5. Мемлекеттік басқару органының түсінігі, топтастырылуы және жүйесі 6. Мемлекеттік басқару нысандары 1. Мемлекеттік басқарудың түсінігі және мемлекеттік органдар.Алғашқы қауымдық кезеңнен бастап адамзат қоғамдастығында басқару әрқилы нысанда орын алған болатын. Басқару адамдардың бірлесе, қоғамдаса тіршілік жасау ортасында пайда болады. Басқарудың басты мәні оның өзгеге әсер етуінен көрініс табады, басқарудың басты белгісі оның қоғамдық қатынастарға және адамдардың санасы мен жүріс-тұрысына тікелей әсер етуі болып табылады. Басқару субъектісінің басқаруды жүзеге асыру үшін тиісті өкілеттілігі (билігі) болады, яғни бағынушының жүріс-тұрысын өз еркіне бағындыра алатын қабілеті болады. Сонымен қатар, басқару субъектісінің қоғамды басқаруы үшін жоғарғы кәсіби біліктілігі мен білімі болуы тиіс.
Жалпы алғанда, басқарудың ұйымдастырушылық, реттеушілік, үстемдік және жүйелілік сипаты болуы тиіс. Тек осы қасиеттері болған жағдайда ғана басқарудың қоғам үшін тиімді болары сөзсіз.
Қоғамды басқару бірнеше функциядан, яғни негізгі іс әрекет бағытынан тұрады.
Ең көп тараған басқару функциялары:
1) әлеуметтік ақпарат жинау және талдау;
2) болжау;
3) жоспарлау;
4) ұйымдастыру;
5) өкім ету қызметі;
6) бақылау және тіркеу;
Қоғамдағы әлеуметтік басқару екіге бөлінеді:
1) мемлекеттік басқару, яғни мемлекет істерін басқару;
2) қоғамдық басқару, яғни қоғамдық ұйымдардың істерін басқару болып табылады.
Мемлекеттік басқару дегеніміз - бұл қоғамдағы қоғамдық процестерді іс жүзінде тікелей ұйымдастырудағы атқарушылық және өкім ету қызметі.
Басқаруды атқару қызметі деп айтатын себебіміз, ол заңдар мен заң күші бар актілердің орындалуына бағытталған, ал өкім ету қызметінің көрінетін жері, басқару процессінде мемлекеттік басқару органдары мемлекеттің күші мен қорғалатын билік ету актілерін шығарады.
Атқарушы органдардың жүйесін Үкімет басқарады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес біздің мемлекетімізде мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары болып үшке бөлінеді.
Атқару билігі органы дегеніміз - мемлекеттік билікті жүзеге асырудағы мемлекеттік билік өкілеттігіне ие саяси ұйым. Бір жағынан, атқару билігі органы мемлекеттік билік органдарының бір түрі, ал екінші жағынан, билікті іс жүзінде және формальды жүзеге асырылуына арналған атқару билігінің субъектісі болып табылады. Олар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады және олардың өздеріне тән арнайы белгілері болады.
Басқару - белгілі бір мақсатқа жету үшін жүзеге асырылатын адамдардың ұйымдасқан қызметі. Басқарудың мақсаттары: жүйені реттеу және оның жұмысын қамтамасыз ету.