4. Құқықтың қайнар-көздері, құқық жүйесі. Құқықтың өмір сүруін, жасалуы мен өзгеріске ұшырауын тануға бағытталған мемлекет еркінің көрінісін құқықтың қайнар-көздері деп түсінеміз. Құқықтың қайнар-көзі ретінде құқықтық әдет-ғұрыпты, құқықтық прецедентті, келісім-шартты, заңдар мен заңға сәйкес актілерді танимыз.
Құқықтық әдет-ғұрып - тұрақты қайталануына байланысты тарихи қалыптасып, мемлекет тарапынан міндетті деп танылған жүріс-тұрыс ережелері.
Құқықтық прецедент - болашақта туындауы мүмкін ұқсас дауларға негіз болып табылуы үшін оған мемлекет тарапынан міндеттілік сипат берілетін нақты бір іс бойынша қабылданған шешім.
Келісім-шарт дегеніміз - мемлекет тарапынан қолдауға ие болатын, екі немесе одан да көп қоғамдық қатынас қатысушыларының нақты мәселеге қатысты өзіндік ерік білдіруін нақтылайтын акт.
Заң - қоғам өмірін реттеуге байланысты мемлекеттің еркін білдіретін, арнайы белгіленген тәртіп негізінде қабылданатын жоғарғы заңдық күшке ие нормативтік құқықтық акт.
Заңға сәйкес акт - заңға сәйкес және заң негізінде сол заңның орындалуы үшін немесе заңның мәнін айқындау, түсіндіру үшін қабылданған құқықтық актілердің бір түрі.
Құқық жүйесі дегеніміз - нақты бір мемлекетте қалыптасқан құқықтық актілердің реттеу объектісіне байланысты топтастырылып, құқық саласынан, институтынан және нормасынан құралған жүйе.
Құқық саласы - сипатына қарай ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының үлкен тобы. Құқық салалары конституциялық құқық, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, отбасы құқығы, қаржылық құқық, еңбек құқығы және т.б. болып бөлінеді.
Құқық институты - нақты бір құқық саласы құрамында біртекті қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған құқық нормаларының тобы. Құқық институты сайлау институты, меншік институты, мұрагерік институты және т.б. болып бөлінеді.
5. Құқық нормасы және оның құрылымы.Құқық нормасы дегеніміз - қоғамдық қатынас қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін нақтылайтын, мемлекет тарапынан танылып, қамтамасыз етілетін, жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережелері. Құқық нормасы құрамы бойынша үш элементтен тұрады: гипотеза, диспозиция және санкция.
Гипотеза норманың жүзеге асырылуы үшін қажет жағдайларды көрсетеді.
Диспозиция мемлекет қамтамасыз ететін құқықтар мен міндеттерді, яғни қажетті жүріс-тұрыстың мазмұнын көрсетеді.
Санкция диспозицияда көзделген жүріс-тұрыс ережелерін сақтамаған немесе бұзған жағдайда көзделетін жазалау шараларын қамтиды.
Мемлекет өз тарапынан қоғамдық қатынас қатысушыларынан заңдар мен заңға сәйкес актілердің мазмұнында көзделген талаптарды бұлжытпай орындауды талап етеді, мұндай талаптардың жиынтығын заңдылық деп атаймыз.