Дәнекер (тірек-трофикалық немесе ішкі орта) ұлпалары Дәнекер ұлпасы (textus соп- nectivus; лат. textus — ұлпа, connectivus — дәнекер) — адам мен жануарлар организмдерінің барлық мүшелері құрамына кіретін, денедегі ең көп тараған ұлпа.
Дәнекер ұлпасы — мезенхимадан дамып, организмнің ішкі ортасын құрайды. Құрылысы жағынан дәнекер ұлпасы жасушалардан және жасушааралық заттан тұрады. Оның кейбір түрлерінде жасушалар басым болады, ал басқа өкілдерінде керісінше жасушааралық заттар көбірек болады.
Дәнекер ұлпасының атқаратын қызметі жасушалар мен жасушааралық заттың ара-қатынасына тікелей байланысты.
Сұйық дәнекер ұлпасы қан мен лимфада қоректік (трофикалық) және қорғаныс қызметтері басымырақ, ал жасушааралық заттары тығыз, қатты ұлпаларда (шеміршек, сүйек ұлпалары) тіректік және механикалық қызметтер жақсы жетілген. Өзінің атына сәйкес барлық ұлпалар тобын біріктіріп, дәнекерлеп тұрады. Дәнекер ұлпасына - сүйек, шеміршек, сіңір, майлар, қан, лимфалар жатады.
Дәнекер ұлпасы: Тығыз талшықты дәнекер ұлпасы, шеміршекті, сүйекті, борпылдақ талшықтар, қан ұлпасы деп бөлінеді.
1.Тығызталшықты дәнекер ұлпасының жасушалары бірімен-бірі тығыз тор тәрізді жанасқан. Жасушааралық заттар аз, талшықтары көп болады. Теріде, сіңірдеі артериялық қантамырлардың қабырғасында орналасқан. Жасушалары бірімен-бірі тығыз орналасып, ұлпаның біркелкі беріктігін қамтамассыз етеді.
2.Шеміршекті дәнекер ұлпа жасушалары домалақ пішінді, әр жерде топтанып тұрады. Жасушааралық заттары мөлдір болады. Омыртқалардың бірімен - бірі байланысқан жері, көмей қақпағы, кеңірдек пен құлақ қалқаны шеміршекті дәнекер ұлпасынан түзілген. Мұрынның, жіліктердің, қабырғалардың ұштары да шеміршекті ұлпа. Шеміршектер қатты болғанымен серпінділік қасиеті бар.
3. Сүйекті дәнекер ұлпа құрамында кальций тұзы бар, бірімен-бірі байланысқан сүйек тақташаларынан түзіген.
4.Борпылдақ талшықты дәнекер ұлпасының талшықтары бірімен-бірі өріліп, жасушалары тығыз орналасқан.
5.Қан - дәнекер ұлпа. Қан мен дәнекер ұлпаларының жасушалары ұқсас болғандықтан, қанды дәнекер ұлпасына жатқызады. Ол қантамырларының тұйық жүйесін бойлай ағып, тасымалдау қызметін атқарады. Қан барлық мүшелердің жасушаларына қоректік заттар мен оттегін жеткізеді және тіршілік әрекетінің өнімдерін зәр шығару мүшелеріне тасымалдайды. Организмдегі биологиялық әрекетшіл заттардың гуморальдық реттелу қызметі қанның қатысуымен іске асады. Қан ағзаның инфекциядан қорғаныш реякциясын қамтамасыз етеді.
Лимфа (лат.lympha) — жартылай мөлдір сарғыш түсті сұйықтық, ол ұлпа сұйықтығынан бөлініп шығарылады. Лимфа жасушааралық кеңістікте басталады да лимфа тамырлары бойынша ағады Лимфа - ағзаның ішкі ортасы, ұлпа сұйықтығынан түзіледі. Тұз құрамы жағынан қан сарысуына ұқсас Лимфа қан сияқты үздіксіз қозғалыста болады. Лимфада болатын лейкоциттерді - лимфоциттер деп атайды. Лимфоцит - лейкоциттің бауырда түзілетін түйіршіксіз түрі.