Есімше. Есім сияқты түрленіп, сөйлемде есімнің де, етістіктің де қызметінде қолданылатын етістіктің түрін есімше дейміз. Мысалы: Оңыған адам, білгеннен үйрен. Есімше мына жұрнақтар арқылы жасалады:
1. -қан, -кен, -ған, -ген: барған, кеткен.
2. -ар, -ер, -р, -с: барар, келмес.
3. -атын, -етін: баратын, келетін.
Есімшенің жұрнақтары шақ жасаушы қосымша қызметін атқарады. Олар өткен шақ, ауыспалы өткен шақ пен ауыспалы келер шақ жасайды. Бұл қызметте есімше жіктеледі. Мысалы: келгенсің, келермін, оқитынбыз т. б.
Есімше зат есімнің түрлі белгісін білдіреді. Мұндай қызметте ол сын есім сияқты зат есімнің алдынан тіркесіп, сөйлемнің анықтауыш мүшесі болады. Сейлемде анықтауыш мүше болу етістікке тән қызмет емес, сондықтан етістіктің басқа түрлері бұл қызметте қолданылмайды. Есімшенің анықтауыш қызметінде жұмсалуы оның есім сөздерге ұқсастығына жатады.
Есімшемен тіркесте қолданылуға тиісті зат есім сөйлемде айтылмағанда, есімше оның мағынасын білдіріп, оның қосымшасын өзіне қабылдап, қызметін атқарады. Мысалы: келген адамды қарсы алыңдар – келгендерді қарсы алыңдар, оқыған кітабынан алған білімі – оқығаннан алған білімі.
Есімшенің бұл қасиеті де есімге ұқсастығына жатады, мұнда есімше есімнің сөйлемдегі қызметін атқарады.
66-жаттығу. Есімше жұрнағының астын сызып, оның шақтық мәнін түсіндіріңіздер.
1. Өзгелер де қозғалған. 2. Неден болса да, тайынар емес (М. Ә.). 3. Осыны өзің өскенде оқып, маған түсіндіріп берерсің. 4. Рақмет қозы бағып жүрген. (С. Е.). 5. Екі көзінен жас аққанша күлген. 6. Тәкежан мен Шұбар болыс болып тұрса, елге келмек түгіл, елді түсінде де көрмес еді (М. Ә.).
Тұйық етістік.
Жақтық, шақтық мағынада қолданылмайтын, етістіктің есімге ұксас түрін тұйық етістік дейміз. Тұйық етістік – у жұрнағы арқылы жасалады. Мысалы: келу, беру, көру, түсіну, ұялмау. Тұйық етістік есім сияқты септік, тәуелдік жалғауын қабылдайды.
Тұйық етістік жіктік жалғауын қабылдамайды.
67-жаттығу. Текстен тұйық етістікті табыңыздар.
1. Алда тұрған міндеттерді жобаладым: тазалық сақтау, жұмыс істеу, оқу, жаңа тұрмыс құру, жаңа бақытты тұрмыстың не екені туралы айттым (А . Мак.). 2. Мына оқиғадан кейін осыны мойындауға тура келеді (М. И.). 3. Осы оқудың ішкі сырын, мәнжайын толығырақ баяндап бермей, «қиын оқу еді» деп жалпы өтудің қазіргі оқушының көпшілігіне әсері де болмас еді (С. М.). 4. Олай етуге бола ма, жолдас Братченко? Адамдарға бара жатырмыз ғой, ендеше, өз наныңызды ала бару деген жөн бе? (А. Мак.).