Дауыссыз п,б,ф,в әріптері. Қазақ тілінде п, б, ф,в дыбыстары қатаң, ұяң болып жұптасып келеді.
П, б дыбыстары сөзде алмасып та колданылады. Мұндай сөздердің әдеби тілдегіден басқа ауызекі тілде, диалектіде екінші варианты болады. Мысалы: байымдау — пайымдау, бәле — пәле, балау—палау, балуан—палуан.
Б, в дыбыстарына аяқталған орыс тілінен енген сөздер кейде - қатаң п дыбысымен айтылады, бірақ б, в жазылады. Мысалы: клуп—клуб, актип—актив, арап—араб, коллектип—коллектив. 20-жаттығу. Төмендегі сөздерді орфографиялық сөздіктен қарап, олардың әдеби тілдегі вариантын жазыңыздар.
Бәтір - пәтір, бейілдену - пейілдену, бұл - пұл, бітіру - пітіру, бейнет - пейнет, бешпент - пешпент, әлпетін - әлбетін, бейне - пейне, Батима - Фатима.
Қос дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы
Кейбір түбір сөздерде қос дауыссыз дыбыс қатар қолданылады. Мысалы: атта, ыссы, махаббат, касса, коммуна, әлбетте. Түбірдің соңғы дыбысынан басталатын қосымша түбірге жалғанғанда, сөзде қос дауыссыз дыбыс пайда болады: ас+са - асса, ат+ты - атты, соқ+қы - соқы, шап+па - шаппa т. б.
Мұндай жағдайда қос дауыссыздардың біреуін түсіру сөздің мағынасына әсер етеді, сондықтан олар түспей қолданылады. Мысалы: атта - ата, асса - аса, атты - аты. Орыс тілінен енген сөздер қос дыбыссыз дыбысқа аяқталса, оған қосымша қосылғанда, біреуі түсіп қалады, ол мағынаға әсер етпейді. Мысалы: класқа - классқа емес, грамдай - граммдай емес, металды - металлды емес. Егер жалқы есім сөздер қос дауыссызға аяқталса, қосымша жалғанғанда да, ол дыбыстар түспей жазылады: Гриммге, Покрасста т. б. Мұндай сөздерге дәл сол дыбыстардан басталатын қосымша жалғанғанда ғана, бір дауыссыз түсіп қалады. Мысалы: Гриммен - Гримммен емес, Филиппен - Филипппен емес. 21-жаттығу. Жақшаның ішіндегі қосымшаны емле бойынша түбірге жалғап, сөйлемді көшіріңіздер.
1. Биыл XI класс (-ты) бітіретін 34 оқушының 16-сы малярлык мамандығын таңдаған болатын («Қ. М.»). 2. Әр түрлі металл (-дардың) кыздырудан түрліше ұлғаятындығы түсіндіріледі («Қ М .» ). 3. Алайда АҚШ конгресс (-і) бұл договорды аяқ астына басқан шешім қабылдады («С. Қ.»). 4. Донбасс (-тан) келгендердің ішінде өзін қонақ көретіндер бар, бұл – ұят (Ә. Ә.). 5. Бұл станоктар көп процесс(-терді) автоматты түрде атқарады («С. Қ.»).
Буын. Сөз айтылғанда, тұтас, бірден айтыла алмайды. Сөздердің айтылуында ауа толқыны үзіліп-үзіліп шығады. Бір сөздің ішінде ауа толқынына негізделген бірнеше бөлшек бола береді.
Сөздегі бір дауыстының немесе дауысты мен дауыссыздың бөлшектеніп айтылуын буын деп атаймыз. Ана, ата деген сөздер іштей екі бөлініп айтылады: а-на, а-та.
Сөздің буынға бөлінуі дауысты дыбысқа байланысты. Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады, өйткені дауысты дыбыс қана буын жасайды. Дауыссыз дыбыс буын жасай алмайды, ол дауысты дыбыспен бірге буын құрамына кіреді.
Мысалы: қа-ла, ө-нер, жас-тық, өт-кел, за-ман, та-ма-ша т. б.