Биліктің заңдылығы (жариялылығы) – бұл биліктің заңдарға, құқықтық нормаларға сәйкес келуі. Мысалы, президенттің билігі заңды (жария), себебі ол заңды түрде сайланып, өз өкілеттілігін орындауда заңға сүйенеді, монарх билігі заңды, себебі тақты мұрагерлік жолмен иелену тәртібі бұзылған жоқ. Билік әрі жария, әрі легитимді болмаса, онда бұл билік тұрақсыз, мысалы, заңды түрде сайланған билік өзінің уәделерін орындамай, оның жүргізген сәтсіз экономикалық бағыты халықтың тұрмысының төмендеуіне әкелсе, мұндай билік қоғам тарапынан қолдауынан айырылуы мүмкін. Сонымен бірге жария емес билік (заңсыз түрде билікке келген) ақталып, халықтың қодауына ие болуы мүмкін, мысалы буржуазиялық революциялар барысындағы монархияның құлатылуы, Ресейдегі 1917 жылғы революция. Бұларда бұрынғы заңды тәртіптерді бұзған жаңа билік, ақырында өзінің легитимдігіне қол жеткізді. Кез келген билік жария да, легитимді (заңды) да болуға ұмтылады, сол кезде ол тұрақты болады.