1.Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде. Қоғамдық өмір жүйесіндегі саясат 1.Саясаттың мәні және табиғаты. «Саясат» термині (грекше politika – мемлекеттік және қоғамдық істер, polis – қала-мемлекет) Аристотельдің «Саясат» атты еңбегінде алғаш зерттеліп, қарастырылған. Сол кездің өзінде саясатты зерттеудің екі басты бағыты қалыптасты: функционалды және құндылықты. Функционалды зерттеу бағыты көбіне саясаттағы мақсат пен соған жету және нәтижесіне көңіл бөледі. Ал құндылықты бағыт сол саясаттың негізінен идеялық құрылым мен адамгершілік критерийлерді іздейді. Саясатты зерттеген әрбір зерттеуші өзінің бағыты бойынша келесі анықтамаларды берген. Біз олардың кейбіреулеріне тоқталайық. Мысалы:
«Саясат мемлекет ішілік немесе мемлекет аралық билікті үлестіруге ықпал ету немесе билікке қатысуға ұмтылысты білдіреді» (М. Вебер)
«Саясат – қоғам ішіндегі құндылықтарды билік арқылы реттеу» (Д. Истон)
«Саясат принциптер күресін жамылған мүдделер күресі. Жеке бастың пайдасы үшін қоғамдық істерді басқару» (А. Бирс)
«Саясат – жоғары мәнде өмір, ал өмір саясат» (О. Шпенглер)
«Саясатты зерттеу – ықпал мен ықпал етушіні зерттеу, басқаша айтқанда, кім не пайда табады, қашан және қалай» (Г. Лассуэл)
«Саясат онымен айналысқан адамдардан ақыл шеберлігін талап етеді; ол тәртіпке мәңгі берілген өзгермейтіндерді білмейді» (Г. Плеханов)
Бұл анықтамалардың әрқайсысы шындыққа негізделген және саяси өмірдің көп қырларын ашып береді, анықтамалардың әртүрлілігі саясаттың көпқырлылығын және күрделі құбылыс екендігін білдіреді.
Саясат, жалпы алғанда қазіргі адамның қажеттілігі, талап-тілегі болады. Өйткені, саясат қоғам өмірінің барлық құбылыстарымен процесінде көрініп отырады. Сондықтан ол өзінің пайда болуы кезеңінен бастап, әртүрлі деңгейде, күрделі түрде, түрліше дәрежеде өтіп жатады. Ол адамның тұрған жерінен, жұмысшылардың алғашқы ұжымынан басталып, мемлекетте, мемлекеттер арасындағы саяси қатынастарға саяси тұрғыдан басшылық етумен аяқталады. Қазіргі саяси ғылымда саясаттың табиғатын түсіну өте күрделі мәселе болып отыр. Саясаттың сонау ертеде пайда болғанынан бастап, қазіргі күнге дейін оның түсінігі жөнінде бірнеше көзқарастар мен анықтамалар кездеседі. Мысалы: зерттеушілердің бір тобы саясатты-адамдардың өз мүдделерін іске асыруға, қорғауға бағытталған, саяси билікті басып алуға, қолында ұстап тұруға, оны пайдалануға тырысушылықпен байланысты мемлекеттің, ұлттың, үлкен әлеуметтік топтың не жеке адамның қызметі деп түсіндіреді. Ал,екіншіден саясат-ол мемлекеттің істеріне қатынасу, оның қызметінің мақсаты мен мазмұнын анықтау.Үшіншіден, саясат шебер басшымен оның сыбайластарының ниеттерін, амал-әрекетін білдіреді.
Сонымен, саясат дегеніміз – адамдардың өздерінің қоғамдық мәні бар мүдде мен қажеттіліктерін жүзеге асыру үшін пайда болған әлеуметтік топтар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы билікке байланысты іс-әрекет болып табылады.