Саясаттануға бұл ұғымды алғаш енгізген итальяндық ғалым, әлеуметтанушы В.Парето
(1848-1923) болатын. Марксистік ілімде тарихтың жасаушысы бұқара халық деген
қағидаға қарама-қарсы В.Парето және оның жасақтары, яғни элиталар теориясының
негізін қалаушылар саясаттағы тұлғалардың рөлін баса айтады және олардың қандай
талаптарға сай болуы керектігін негіздейді. Қазіргі саяси ғылымда оның ерекше бір
саласы ретінде осы элитаның пайда болуы, қалыптасуы, қоғамдағы рөлі туралы
элитология ілімі дамыған. Элитологияның басты бір мәселесіне элиталарды жіктеу
мәселесі жатады. Элиталар олардың атқаратын қызметіне орай, (яғни, функционалдық
белгі бойынша) саяси, экономикалық және мәдени- ақпараттық деп үшке бөлінеді.
Элитаның типтері мен іріктелу жолдары. Билікке қатынасу дәрежесіне, билікке деген
өкілеттілігінің ауқымына байланысты элита: а) жоғарғы; ә) ортаңғы; б) маргиналдық; в)
әкімшілік болып төртке бөлінеді.Жоғарғы элитаға биліктің жоғарғы сатыларында
орналасқан, ең маңызды шешімдер қабылдауға тиісті тұлғалар жатады. Бұған жататын
адамдардың тізімі өте-мөте шектелген болады. Дамыған Батыс елдерінде орта есеппен
тұрғындардың 1 млн-ға 50 элита өкілдері келуге тиіс деп есептелгенімен, елдің көлемінде
бар жоғы 50 ғана элита мүшелері басты шешімдерді қабылдап, саяси басқарудың негізгі
мәселелерін анықтап отырады екен. Белгілі бір дәрежедегі табысы, білімі және кәсіби
мәртебесі бар адамдар ортаңғы элитаны құрайды. Статистика бойынша, 5% -ы болуға
тиіс. Аталған үш белгінің үшеуінің де бар болуы ортаңғы элитаның өкілдеріне қоғамдағы
саяси жағдай туралы, қандай саяси бағыттың дұрыс не бұрыс екендігі туралы кәсіби
тұрғыда пайымдауға мұрсат береді деп саналады. Осы үш көрсеткіштің бірі болмаса бірі
жетіспейтіндер маргиналдық элитаны құрайды. Маргиналдық элитаның құрамы өзгермелі
болады, өйткені жетіспейтін көрсеткіштердің орны толғандары ортаңғы элитаға енеді.
Әкімшілік элитаға мемлекеттік қызметкерлердің ең жоғарғы қабатына жататындар (үкімет
мүшелері, министрлер, ведомстволар мен комитеттердің басшылары) кіреді.Элитаның
мемлекеттік билікке ие болып, ең маңызды саяси шешімдер қабылдайтын бөлігін билеуші
элита деп, ал билікке қолы әлі жете қоймаған бөлігін контрэлита (немесе оппозициялық)
деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: