1-ші лекция: Ойлау мәдениеті



бет1/12
Дата19.06.2023
өлшемі499,72 Kb.
#102433
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1-ші лекция: Ойлау мәдениеті
1. Ойлау мәдениетінің пайда болу тарихы. Көркемдік рефлексия. Философия – даналыққа құштарлық.
2. Философияның сұхбаттық сипаты және эвристикалық мүмкіндіктері.


Ойлау– объективті шындықты белсенді бейнелеудің жоғарғы формасы, дүниені тану мен игерудің жоғарғы сатысы, тұлғаның танымдық әрекеті. Ойлау формалары мен құрылымдарында адамзаттың бүкіл танымдық және тарихи-әлеуметтік тәжірибесі, материалдық және рухани мәдениеті дамуының басты нәтижелері қорытылып, бекемделген. Сыртқы дүниені толык тануға түйсік, қабылдау, елестер жеткіліксіз болады. Біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау аркылы ғана білеміз.
Философия ойлау мектебі ретінде әрекет етеді. XVII ғасырдағы ағылшын философы Томас Гоббс: «Философия сенің ойлауыңның жемісі болып табылады… және сенің өзіңде өмір сүреді» деген тұжырымды бекерден-бекер жасамаған. Ол іштей әркімге тән. Өйткені жұмыр басты пенденің ешқайсысында өмірдің, азаттықтың әділеттілік пен мәңгіліктің мәні, мағынасы туралы ойлану құқығынан айыра алмайсың. Адамның ақыл-ой мәдениетінің негізінде нақ осы пайымдау жатыр.
Ұғымдар, категориялар мен ұстанымдарды пайдалана білу өнері – туа біткен қасиет емес. Сондай-ақ ол тек қана ойшылдардың артықшылығы және үлесі болып табылмайды, өйткені білімді, білімсіз, ақылды және ақымақ, жас және кемелденген адамның бәрі әр нәрсеге баға береді, ойланады. Алайда пайымдаулар мен дәлелдердің дәйектілігі, ақиқатты іздестірудегі дұрыс әдіс әркімге беріле бермейді. Бұл жерде логикалық ойлауға басымдылық берілгені жөн. Бұл, өз кезегінде, ойлау мектебі ретіндегі философияның алдыңғы дәрежелі рөлін растайды.
Мәселе философияның зерделеу объектісі нақтылы зат емес, зат туралы ойлау, ұғымдар, пайымдар, ой қорытымдар және т.б. формасындағы (ал бұлардың көмегімен жекенің ғана емес, жекедегі жалпының да қасиеттері бейнеленеді) ойлау қызметінің заңдары екендігінде. Табиғаттың қоғамның және ойлаудың дамуының жалпы заңдары философияның пәні болып табылады.
Ақыл немесе зият (интеллект) (лат. Intellectus) сөзі – зерделеу, түсіну, танып білу, пайымдау дегенді білдіреді. Бұл – сананың рационалды (пайымды және зерделі) ойлауға қабілеттілігін анықтайтын құрылымы. Ойлау адам санасының объективті дүниені ұғымдар, пайымдар, теориялар және т.б. арқылы бейнелеумен, әлдебір міндеттерді шешумен, шындықты тануды жалпылаумен және тәсілдеуімен байланысқан белсенді әрекеті болып табылады.
Ойлау үдерісінің нәтижесі әрдайым қандай да бір ой болып табылады. Мәнді іздестірудің ерекше саласы ретінде философия ой формасында әрекет етеді. Ол ұғымдар мен категориялардағы таным болып табылады. Категориялар – бұл жалпыға ортақтық және қажеттілік мәртебесін иеленетін барынша жалпы ұғымдар. Ұғымдарды философиялық-логикалық қолдану қажетті байланыстар мен себептерге тәуелділікті анықтауға, кездейсоқтыққа толы өмірлік әсерлерді ретке келтіруге әкеледі.
Ойлаудың жоғары мәдениетін қалыптастырудың маңызлдылығы өте зор. Сыни жағдайларда ой мектебінің жоқтығы байбалам салудың талдаушылықты, жек-көрініштің ізгі ойды жеңумен мәндес болады. Философиялық дайындықтың жоқтығы яғни ойлаудың дәріптелген формаларының жоқтығы зияны бастан асатын ойсыздықтың, пайдакүнемдіктің, қарабайырлықтың, түсінбеушіліктің өрістеуіне әкеп соғады.
Біздің уақытта да, яғни ғылымды көп қажетсінетін өндірістер және жоғары технологиялар дәуірінде де философ Эпикурдың: «Әзірше жас болып тұрғаныңда, ешкімде философиямен айналысуды кейінге қалдырмасын» деген сөзі өзекті болып табылады.
Философия - даналыққа құштарлық. Философия сөзі ежелгі грек тілінен аударғанда даналыққа құштарлық (phileo – «сүю», «құштарлық», sophia – «даналық») дегенді білдіреді. Философия сөзін бірінші болып қолданған ежелгі грек математигі және ойшылы Пифагор болды. Аңыз бойынша ежелгі грек қалалары билеушілерінің бірі одан өзінің кім екендігін сұраған кезде, Пифагор: «Философ» деп жауап берген екен. Билеушіге бұл сөз беймәлім еді, Пифагор оны былайша түсіндірді: «Өмір олимпиядалық ойындарға ұқсас: біреулер оған жарысу үшін, басқалары сауда жасау үшін, ал ең бақыттылары көру үшін келеді. Өмірде де солай – біреулер даңқ пен байлыққа деген ашкөздікпен дүниеге келеді, ал философтар болса тек бір ғана ақиқат үшін жаралған». Осыдан философтың даңқ пен байлықты ойламайтындығы, бірақ заттар табиғатын (мәнін) зерделейтіні және аңдайтыны келіп шығады.
Бастапқыда философилық даналық дәстүрлі өмір салты, нормалар мен ұғымдар ретінде көрініс береді. Философияның алғашқы өскіндері әдеттегі, дәстүрлі патриархалдық қағидалардың әділеттігі мен шынайылығына күмән келтіру негізінде өніп шықты.
Тұтастай алғанда, философия ережелері мен әдістері енді табиғи және әлеуметтік шындықты түсіндіру үшін жеткіліксіз болып табылатын мифологиялық – діни сананың дағдарысы кезеңінде пайда болды. Бұл кезде ақиқатты жалпы қабылданғаннан, шынайыны көзге ұрынатыннан бөліп алу, сондай-ақ жаңа өмірлік бағдарлар құру қажеттілігі туындады. Бұл міндеттерді шешуге әрекеттену философияны дүние мен адам туралы еркін, сыни тұрғыдан, зерделі ойлау ретінде дамытуға әкеледі.
Алғашқы ұлы философтар бұдан 2,5 мыңдай жыл бұрын өмір сүрді. Жалпы адамзаттың әртүрлі дәуірлерінде «философия» сөзіне бірыңғай мағына берілген емес. Алайда бұл сөздің шығу тегінің өзі барлық шынайы философияның нақты белгілерін сәтті бейнелеп тұрғандығын мойындаған жөн. Ежелгі Шығыста дана-философты ақиқат пен мәңгіліктің үйлесімін зерделейтін адам ретінде түсінді. Бұл жерде даналықты «барлығынан» бас тарту ретінде қабылдаудың дәстүрлі түсінігі дамыды. Ерекше жаратылған адам ретінде «дана» дүниеге тиесілі емес және тіршілік күйбеңінен тым қашық деген пікір басым болды. Дана байсалды және алаңсыз, өйткені дүниедегі қандай нәрсе болса да, оны алаңдата алмайды.
Ежелгі грек философиясында даналық түсінігмен білім мен мінез құлықтың ең жоғарғы мұраты байланыстрылды. Ол адамды мәңгілік пен шексіздікті ақылмен ұғынуға, толып жатқан сан алуан өтпелі құбылыстарды шыдамдылықпен қабылдауға үйретеді. Нақ сол өмірді лайықты және бағалы етеді. Даналыққа ұмтылушы адам әрқашан заттар табиғатымен келісімді түрде әрекет етуі тиіс. Сондықтан да білімнің бәрі даналық емес, Гераклит әділ атап көрсеткендей «көп білім ақылға үйретпейді», даналықты арттырмайды.
Ұлы Аристотель бізге дана түсінігін ұғына білуіміз үшін көптеген өсиеттерін қалдырды. «Біріншіден, дананың, жеке алып қарағанда, әрбір зат туралы білімі жоқ болса да, біз ол туралы мүмкіндігінше көп біледі деп ұйғарым жасаймыз. Екіншіден, біз адам үшін қиын және қол жеткізу оңай емес нәрсені танып білуге қабілетті адамды дана деп есептейміз. Үшіншіден, біз барлық ғылымда себептерді айқындауды үйретуге неғұрлым қабілетті және неғұрлым дәлдік танытатын адамды дана деп есептейміз. Төртіншіден, ғылымдар арасында көмекші ретінде көп мөлшерде үстемдік ететіндеріне қарағанда, өзі және таным үшін қалаулы болатындары көп мөлшерде дана болады». Аристотельдің пікірінше, дана адам рақаттануды емес, азапты болдырмау жолын іздеуі тиіс.
Жаңа уақытта француз философы және ғалымы Рене Декарт мынаны атап көрсетті: «Даналық ретінде істеріндегі ізгі зерделілік қана емес, сондай-ақ адам танып біле алатынның бәрін жете білу түсініледі. Бұл білім өмірдің өзін бағыттайды, денсаулықты сақтауға, сондай-ақ барлық ғылымдардағы жаңалықтарға қызмет етеді». Декарт даналықтың бірнеше баспалдағын ажыратуды ұсынды. Бірінші баспалдақ ойлап-толғанусыз-ақ меңгерілуі мүмкін айқын ұғымдарды пайдалана білушіліктен көрінеді. Екіншісі сезімдік тәжірибе мәліметтерін қамтиды. Үшіншісі бізді басқа адамдармен қарым-қатынас жасау неге үйрететіндігін есепке алумен көрініс береді. Төртінші баспалдақ жақсы өсиеттері бар кітаптарды оқу негізінде игерілетін біліммен байланысты болады. Даналықтың ең жоғары тұрған бесінші баспалдағы алғашқы себептер мен ақиқаттық бастамаларды іздестіруге бастайды. Даналықта адам өмірінің жоғары игілігі көрініс табады. Философия бұған дейін беймәлім болып келген ақиқатты табуда бастан өткізетін әдеттен тыс рақаттануға жетелейді.
Осылайша терминнің этимологиялық мәніне сәйкес философия «даналыққа құштарлық» немесе даналықты сүю болып табылады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, философияның мәні адамның жетілдірілген білімге деген мәңгі қажетсінуін қанағаттандырудан құралады, мұндай білім даналдық болып табылады. Сонымен даналық дегеніміз – терең ойлылық, қолжетімдігі қиын нәрсені танып білу, өмір тіршілігінің жаңа бағдарларын дайындау, оның басты құндылықтарын анықтау шеберлігі.
Бұған қоса философия дегеніміз осы түсінікке сәйкес, даналықтың өзі емес, тек қана даналықты іздеу, оған ұмтылу ғана болып табылады, мұны құштарлық күшінің мағынасында сүйіспеншілікке теңеуге болады.
Философиялық ойлау түрі -сын жəне күмəндану. Адам қашан терең ойлана бастайды? Бірінші мезетте оның алдында дайын жауабы жоқ қандай да бір мәселе (проблема) немесе әлі де үйреншікті бола қоймаған жаңа ақпарат пайда болғанда. Екіншіден, адам бұл проблеманың жауабын табуға ұмтылыс жасағанда немесе жаңа нәрсені түсініп, оның байыбына жетуге тырысқанда. Ойланудың қандай да болмасын қиындық, ыңғайсыздық, күмән туғанда пайда болатындығы туралы философ Джон Дьюи былай деп жазған: «Ойлау тығырыққа тіреліп, таңдау жасау керек кезде басталады» ((Дьюи Д. Психология и педагогика мышления. – М.: Совершенство, 1997, 21 бет).
Рефлексия жасағанда адам көптеген шешімдерді сараптап, оларды ой елегінен өткізіп, өз құндылықтары мен түсініктерінің, түйсігі мен қажеттіліктерінің таразысына салып, салғастырады, проблеманың байыбына жетуге тырысады. Осыдан соң адам өзі таңдап алып, көңілі қалаған шешімді тура сол қалпында қабылдамай, оны жан-жақты қарастырады, оның оң мен солын ажыратады, кемшіліктерін келтірумен қатар оны қуаттау үшін дәлелдер іздейді. Бұл тұжырымдауға қанағаттанбай, өз шешіміне балама іздестіреді, жаңа ұсыныстар мен болжамдар жасайды. Ылғи да өзіне еш бүкпесіз шындық тұрғысынан сұрақ қойып, оған жауап іздейді, жауап тапса, қайтадан сұрақ қойып, енді соның жауабын іздестіреді, оған да қанағаттанбай, әрі қарай «қаза береді», «қаза береді». Сұрақтар, сұрақтар, сұрақтар. Жауап іздеу, жауап іздеу, жауап іздеу. Үздіксіз іздену мен зерттеу…
Ойлаудың осындай толассыз түрі сыни ойлау деп аталады. Мұнда ойлау тізбекті (сызықты) түрде бір нүктеден екінші нүктеге бір бағытпен жылжымай, біресе алға, біресе артқа ойысады. Проблеманың шешімін табу мұнда ең аяққы нүкте деп саналмайды: оны дәлелдеп беру керек, оның тиімділігі мен ықтимал қолайсыздықтарын айқындау қажет, оған балама келтіру керек. 
Сыни ойлау проблема шешуге бағытталумен қатар өзінділікпен (дербестік) ерекшеленеді: қандай да болмасын мәселе/ақпарат бойынша өзіндік түсінік қалыптастырып, оған тәуелсіз тұрғыдан баға беру, дербес шешім қабылдау.
Сыни ойлауды дәріптеушілердің бірі Ричард Поль мына аумалы-төкпелі, күнделікті өзгеріп отырған заманда адам «өз инстинктеріне бостан босқа сенбеуі керек» деп есептейді. Мұның себебі мынада: адам өз түсініктерін, ұстанымдарын, құндылықтар мен нанымдарын бірден қалыптастырмай (мысалы, сезімдер жетегімен немесе басқа біреудің айтқаны бойынша), олар туралы терең ойланып, оның бәрін күмәнмен қабылдап, «тұла бойынан» өткізуі қажет. Ричард Польдің пайымдауы бойынша, адамдар «өздерінің басына түскенді дәл сол қалпында қабылдамауы керек. Олар ақиқат деп ұсынылған нәрсенің бәрін де ақиқат деп түсінбеуі қажет. Олар өздерінің өмірлік тәжірибесін жалған деп ойламауы керек». Демек, олар өмірдің барлық жәйттері мен көріністерін ой елегінен өткізіп, олардың өміршеңдігі, құндылығы мен қажеттілігі туралы өзіндік пікір қалыптастыруы керек. Сол себепті сыни ойлауды көп жағдайда «сыпайы күмәндану» деп атайды.
Кезінде Сократ «Таным негізінде күмән жатыр» деп бекер айтпаған. Біз әр нәрсеге байыппен қарап, оны екшеп-текшегеннен кейін, күмәндану негізінде туындаған сұрақтарымызға жауап іздестіріп, тапқанда ғана сол зат туралы түсінік пен пікір қалыптастырамыз. Мәселе сол затты жоққа шығаруда емес, мұнда негізгі әрекет – сол затты жан-жақты қарастыру: оған күмәнмен терең үңілу, оны күмәнмен өз тәжірибемізбен салғастыру (ол туралы не білетіндігімізді, оның қажеттілігі мен тиімділігін саралау). Мұнда үнді ақыны Рабиндранат Тагордың «Таным нұры жарқырай түскен сайын, күмән қараңғылығы қоюлана түседі» деген сөздерін де келтіруге болады. Адам көп білген сайын оның күмәні де көбейе түсетіндігі хақ.
Сыни ойлау оқушылардың ойлау дағдыларын дамытып, оларды оқу мен өмірде туындайтын проблемаларды/мәселелерді өздігімен шешуге бағыттайды. Осы арқылы сыни ойлау оқушыларды ақпаратпен жұмыс жасауға, жан-жақта тұрғыдан кез келген жәйтті талдауға, бағалауға, таңдау жасап, шешім қабылдауға баулиды. Оқушылар бұл секілді жұмыстарды жасау нәтижесінде өздеріне және өзгелерге толассыз сұрақтар қойып, оларға жауап іздеп, өз жауаптарын ұтымды дәлелдермен айғақтайды, дербес шешімдер қабылдайды.
Сыни ойлау әр адамды табиғатындағы менмендіктен және ортаға тәуелділіктен арылтады: адам басқалармен тиімді қарым-қатынасқа түседі, қоғамдағы беделдердің пікірлерін ақиқат ретінде қабылдамай, оларға күмәнмен қарай бастайды, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін сараптай біледі. Осылайша сыни ойлаушы өзін-өзі шектей біледі, басқалардың пікірлерімен санасып, өз көзқарасын олармен салғастырады, қоғамда кеңінен таралып, көпшіліктің қабылдаған көзқарастарды мойындамай, олардың дәлелдері мен тұжырымдауларын іздестіреді. Алайда бұл күмәндану жоққа шығаруды білдірмейді: осындай әрекеттер арқылы сыни ойлау аталмыш көзқарасты қабылдауға әкелуі әбден ықтимал. «Сыни ойлау» ұғымында «сынау», яғни «кемшіліктерді айқындау» мағынасы жоқ. Сыни ойлаудың мәнін «байыбына үңілу», «терең бойлау», «зерделеу», «екшеп-текшеп, жан-жақты қарастыру», «өзіңе сұрақ қойып, соның жауабын іздестіру» деп те келтіруге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1.Кішібеков Д.Сыдықов Ұ. Философия. А., 2002
2.Тұрғынбаев Ә.Х. Философия. А.,2001
3. Богомолов А.С. Античная философия. М., 2004
4. Чанышев А.Н. Курс лекций по древней философии. М., 2001
5. П.Спиркин А.Г. Философия. М.,2002
6. Иманқұл Н. Философия әлемінде: болмысы мен тарихы. А ., 2006
7. Нысанбаев Ә. Әбжанов Т. Қысқаша философия тарихы. А., 2009.
8.Философия в 2 частях. Ч. 1 История философии М., 2002
9. Спиркин А.П. Философия М., 2002
10.Иманқұл Н. Философия әлемінде: болмысы мен тарихы. А ., 2006
1І.Кішібеков Д.Сыдықов Ұ. Философия. А., 2002
12.Тұрғынбаев Ә.Х. Философия. А.,2001 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет