Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
83. Ұлттық валютаны енгізу және оның маңызы. 1993 жылы 12 қарашада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР-ы Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты, ал, 15 қараша күні теңге айналымға енгізілді.
Кешегі КСРО-ға мүше елдер ішінде Қазақстан ең соңғы болып рубльдік зонадан шығарылды. Қазақстан алдында ол кезде жаңа валютаға өтудің екі жолы тұрды. Бірі, басқа да одақтас елдердің тәжірибесіндегідей, екі кезеңді қамтитын реформа еді. Ол бойынша алдымен уақытша ақша бірлігі айналымға енгізіліп, кейін тұрақты валютаға көшу керек болды. Қазақстан бұл жолдан бірден бас тартты. Сөйтіп, 1992 жылы бірден жаңа Ұлттық валютаны енгізу тіралы шешім қабылданды. Құрамына жоғары дәрежелі мамандар Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов кірген арнайы комиссия құрылып, жаңа валютаны әзірлеу жұмысына кірісіп кетті.
Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген.
Жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныстар болған. Елбасы Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады. Осы сөз орыстың «деньги» сөзіне де арқау болғанын айта кету керек.
Ал, қағаз ақшаға халқымызға белгілі ақын-жазушы, ғалым, ойшылдардың бейнелерін салу ұйғарылды. Суретшілердің айтуынша, бәрінен де әл-Фараби бейнесі бар банкноттар қатарын ашатын бір теңгелік купюра қиынға түскен. Оның портреті бұрынырақта Кеңес Одағының Ғылым академиясымен канонизацияланған (әулиелер санатына қосылған) еді. Бірақ, оны ғалымдардың мұрағаттарда сақталған еңбектерінен табу да қиынға соқты. Бір теңгелік номинал бар қатарға идея берген негізгі купюра болды. Онда әл-Фарабидің ислам әлеміндегі барлық мешіттердің күмбездері есептелген схемалары, формулалары бейнеленген еді. Басқа купюралармен де қиындықтар болған. Олардың ішіндегі ең негізгісі – біздің кітапханаларымызда банкноттарда бейнелегісі келген тарихи тұлғалардың тура бейнелерінің болмауы. 1992 жылы тамыздың 27-сі Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды. Елімізде ақшаны бастыратын фабрика жоқ болатын. Тіпті, құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол кезеңді “Президенттің үлкен ойыны” фильмінде “Шетелдерге бару үшін ұшаққа жанармай, аэропортты жалға алу үшін қаржы жоқ еді” деп еске алады. Осындай кезеңде елімізде қаржылық реформа жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Теңге Ұлыбританиядағы “Харрисон және оның ұлдары” деп аталатын банкнот фабрикасында басылатын болды. Ал, алғашқы металл монеталар Германияда әзірленді.
Бұдан кейінгі жағдайды Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтқанда: «Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. Төрт «Ил-76» ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар» деп сонау 1993 жылдарды еске алады Елбасы Н.Ә. Назарбаев. 1993 жылы 1-і қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына “Х” күні ашылады деген құпия конверттер жетті. Ал, араға үш күн салып Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелер айқындалды. 1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы шықты. Онда «Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылы 15 қарашада сағат 08.00-ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы-теңге айналымға енгізілсін; 1993жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасындағы қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болады»- деп көрсетілген.