3.2. Меншiктiң экономикалық және құқықтық мазмұны. Қазiргi кездегi меншiк түрлерi.
Меншік экономикалық категория ретінде өндіріс-құрал жабдықтарына иелік ету және материалдық игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну процесінде белгілі бір заттарға иелік ету қатынастарын қарастырады.
Ал меншік құқықтық категория ретінде ҚР-ның Азаматтық кодексінде мынадай ұғымдар айтылады:
1) Иемдену – мүлікті іс-жүзінде иелену мүмкіндігінің заңдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі.
2) Пайдалану – белгілі бір игіліктен оның пайдалы қасиеттерін алудың және одан пайда таба алудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі.
3) Билік ету – мүліктің тағдырын айқындаудың заңмен қамтамасыз етілуі.
Ағылшын заңгері А.Оноре 1961 жылы алғаш рет меншіктің толыққанды кешенді құқықтарын ұсынды. Оны «бір буда құқық» немесе Оноре тізбесі деп атайды және ол келесі 11 элементті қамтиды:
- иемдену құқығы – қандай да бір игіліктің жағдайын бақылау құқығы.
- пайдалану құқығы – игіліктерден оның пайдалы қасиеттерін алуға деген құқығы.
- билік ету құқығы – игіліктерді қолдануды кім және қалай шешетіндігі жөніндегі құқығы.
- табыстарды алу құқығы – игіліктерді пайдаланудан қандай да бір нәтижеге жету алу құқығы.
- егеменділік құқығы – игіліктерді шеттету, тұтыну немесе жою құқығы.
- қауіпсіздік құқығы – игілікті қанаудан және сыртқы ортаның зияндылығынан қорғау құқығы.
- игілікті мұрагерге беру құқығы.
- игілікті иеленудегі мерзімсіздік құқығы.
- сыртқы ортаға зиян келтіретін әдістерді қолдануға қарсылық жасау құқығы.
- жауапкершілікке жазалау түрін қолдану құқығы – яғни қарызды төлеуге игіліктермен жазалау мүмкіндігі.
- қалдықтық сипат құқығы, яғни бұзылған құқық шараларын қалпына келтіруді қамтамасыз ету институтының өмір сүру құқығы.
Меншіктің экономикалық және құқықтық мазмұны өзара байланысты. Егер меншік экономикалық форманы қабылдамайтын болса, яғни өндірісте пайдаланбаса, иесіне табыс келтірмесе, ол заңды түрде қалады. Меншіктің экономикалық тұрғыдан дамуы өндірістік қатынастар арқылы, яғни әртүрлі шаруашылық, кәсіпкерлік қызмет арқылы жүзеге асады.
Меншіктің 2 түрі ажыратылады: жеке меншік және мемлекеттік меншік. Олардың әрқайсысының бірнеше нысандары бар.
Жеке меншік - бұл бір түлғаның немесе отбасының мүліктің немесе ресурстың иесі болып табылуы. Жинақтау сипаты бойынша жеке меншік еңбектік және еңбектік емес болып бөлінеді. Еңбектік жеке меншік жалақы есебінен және кәсіпкерлік қызметтен келіп түсетін табыс арқылы анықталады. Еңбектік емес жеке меншік мүлікті мұраға қалдыру есебінен, бағалы қағаздардан, депозиттерден алынатын табыстар және басқа да табыс көздері арқылы анықталады. Жеке меншіктің ерекше нысаны болып ұжымдық меншік табылады. Ұжымдық меншіктің мысалына кооперативтік меншік және акционерлік меншік жатады. 1) Кооперативтік меншік деп бірігіп қызмет істеуі үшін сол кооператив иелерінің еңбегі мен өндіріс құрал- жабдықтарын біріктіру жолымен қалыптасатын ұжымдық меншіктің бір түрін айтады. 2) Акционерлік меншік - бұл акцияларды сату нәтижесінде қалыптасатын меншік.
Достарыңызбен бөлісу: |