Мемлекеттік меншік - бұл субъектісі мемлекет болып табылатын меншіктің түрі. Меншіктің бұл түрін басқаруды және оған билік етуді мемлекеттік билік органдары жүзеге асырады. Мемлекеттік меншіктің басты ерекшелігі болып оның бөліске түспейтіндігі ретінде саналуы табылады.
Экономикада мемлекеттік меншіктің басым болуы нақты өмірде жағымсыз жайттарға алып келуі мүмкін: мемлекеттік монополиялардың пайда болуы, мемлекеттік өндірушінің тұтынушыға деген үстемдігінің орын алуы, арзан тауарлар түрлерінің жойылып кетуі, тауар тапшылығының пайда болуы, сұраныстың қанағаттандырылмауы. Осыдан барып мынадай тұжырым жасалады, яғни бұл жерде мемлекеттік меншікті жою емес, оның монополиялық үстемдігін жою туралы әңгіме қозғау керек.
3.3. Экономикалық жүйе түсінігі және түрлері.
Экономикалық жүйе – бұл жоғары дәрежелі қоғам жүйесінің бір бөлігі. Ол өзінің даму мақсаттарын алдын-ала белгілей алмайды, ал экономикалық ғылым қоғамның мақсатына және жалпы бағытына жетудің әдістері мен тәсілдерін іздеумен айналысады.
Экономика «Табиғат» пен «Қоғам» арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін біркелкі жүйе. Бұл жүйеге түсу элементтері табиғи және еңбек ресурстары болса, ал шығу элементтері қоғамдық тұтынуға сай өнімдер болып табылады.
Кез-келген қоғам экономиканы ұйымдастыру және оның мәселелерін шешу үшін өз қарамағында әртүрлі құрылымдарды, тетіктерді және институттарды қолдана алады. Осындай механизмдердің бірсыпыра жиынтықтарын экономикалық жүйелер арқылы қарастыруға болады.
Экономикалық жүйелер – экономиканың өзара байланысқан элементтерінің жиынтығы. Экономикалық жүйелердің жіктелу өлшемдері бойынша әртүрлі типтері бар:
Ашықтылық дәрежесі бойынша: 1) Жабық экономикалық жүйе – бұл барлық іскерлік белсенділік операциялардың ел ішінде ғана жүргізілуі орын алатын экономиканың ұйымдастырылуы.
2) Ашық экономикалық жүйе – бұл экономиканың халықаралық экономикалық қатынастар жағдайында белсенді түрде жұмыс жасауы, бұл жерде ұлттық валютамен қатар шетел валютасы қолданылады.
Меншік қатынастары бойынша: 1) Дәстүрлі экономикалық жүйе – ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрлерге негізделген қатынастар. Бұл жүйенің сипатты белгілері:
- өнімді өндіру, бөлу және айырбастау салттарға, дәстүрлерге
негізделеді;
- әлеуметтік-экономикалық артта қалушылық, ұдайы өндіріс қарқынының тым төмен болуы;
- техникалық прогресстің шектелуі;
- халық санының өсуінің өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқынынан тұрақты түрде артып отыруы;
- сыртқы қарыздың маңызды түрде орын алуы;
- мемлекеттің және қарулы күштер құрылымының жоғары рөлі.
2) Әміршіл-әкімшіл экономикалық жүйе – орталықтандырылған жоспарлауға, өндірістің барлық факторларына мемлекеттік меншіктің орын алуына негізделген қатынастар. Сипатты белгілері:
- өндіріс құрал-жабдықарына деген мемлекеттің меншіктің орын алуы;
- экономиканы орталықтан жоспарлау;
- өндірушілердің монополиялануы;
- ресурстардың орталықтандырылған қоры;
- ынталандырудың нарықтық жүйесінің болмауы.
3) Нарықтық экономикалық жүйе – жеке меншікке, жеке мүддеге, еркін бәсекелестіккке негізделген қатынастар. Сипатты белгілері:
- өндіріс факторларына деген жеке меншіктің орын алуы;
- кәсіпкерліктің еркіндігі және таңдау мүмкіндігінің болуы;
- шаруашылық субъектілерінің дербестілігі;
- шаруашылық субъектілерді жеке мүдделеріне сай ынталандыру;
- өндірушілер арасындағы, тұтынушылар арасындағы бәсекелестік, бұл ешкім нақты экономикалық билікке ие болмауы тиіс.
4) Аралас экономикалық жүйе – нарықтық тетіктер мен экономиканы мемлекеттік реттеудің үйлестірілуі орын алатын қатынастар. Сипатты белгілері:
- әміршіл экономика мен нарықтық экономиканың ұштастырылуы;
- көптүрлі меншіктің болуы;
- күшті кәсіподақ қозғалысының орын алуы;
- мемлекеттік реттеу мен түзету рөлі белсенді болып табылады.
Өнеркәсіптік төңкерістің және ғылыми-техникалық прогресстің даму деңгейі бойынша: 1) Индустриалдыққа дейінгі жүйе – қол еңбегіне негізделген натуралдық шаруашылық басым түрде орын алатын және ауыл шаруашылығына негізделген жүйе.
2) Индустриалдық жүйе – тауар-ақша қатынастарының дамуымен байланысты ірі машиналы өндіріске негізделген жүйе.
3) Постиндустриалдық жүйе – басты саласы – экономикалық-өндірістік емес (қызмет көрсету) сала болып табылатын және ақпарат басты ресурс ретінде саналатын жүйе.
Экономиканың 3 негізгі мәселесі (Не? Қалай? Кім үшін?) әртүрлі жүйеде әртүрлі шешіледі, мысалы: