Көркем шығарма аудармасы дегеніміз – түпнұсқалық шығарманың көркемдік рухын басқа тілде дәл, сәйкес, шынайы, сапалы жасап шығу. Оны аударылатын ұлт тілінде жазылған туындыдай, соның көркемдік ой дәрежесіндей жеткізе білу керек.
Әрбір аударма оқырмандарына төлнұсқаның құндылығынак сай әсер дарытуы тиіс. Көркем аудармада мүмкіндігінше сөздерді, тіркестерді, сөйлемдерді қалдырып кету немесе қосу, аудармашы тарапынан өзгертуге болмайды. Егерде шығармада кешілік , түрлендіру кездессе, оларды дәл сол қалпында аударып көрсеткен дұрыс. Жақсы аудармашы автор шығармасының бар құндылығын жеткізуді көздейді. Көркем әдебиет шығармаларының аудармасында түпнұсқаның дербес өзіндік бітім-болмысын, ерекшелігін жасау кезінде оны эстетикалық қабылдау мәні ерекше. Аудармашы шығарманың көркем мазмұнының бар ерекшелігін сақтамен бірге образдық жүйесін, семантикалық, стилистикалық баяндау мәнері және бейнелеу сипаттары мен мүмкіндіктерін ана тілдегідей аударма тілінде де жеткізуге ұмтылады.
Көркем аударма – коммуникативтік қызметтің айрықша түрі. Көркем мәтін аудармасын жүзеге асыру кезінде аудармашы тек бір жақты аударма ауқымында қалып қоймауы тиіс. Ұлттық рухани мұра аясында мәдениетаралық, мәдени-этникалық және көркемдік коммуникациясының айрықша түрі ретінде қарастырылуы жөн. Осы тұрғыдан келгенде теңдессіз құндылығы, мағыналық сипаты және көркемдік бейнелеу мен қабылдаудың заты ретінде мәтіннің рөлі айқын. (Бұл арнайы сөз болады. – Ә.Т.) [2,11]
Әр сөздің өзіне ғана тән ұлттық бояуы болатынын ескерсек, аударма өнеріндегі ырғақ сөз байлығы, сөз бейнелілігі, сөз әсерлілігі және нәрлілігімен бірлікте зерттелуі керек. «Сөздің екпінін, прозаның әуезділігін сақтау үшін сол өзің аударатын тілдің құрылысын, ырғағы мен әуезділігін зерттеу шарт. Аудармашыға көркемдік көргіштік қана емес, көркемдік есту қабілеті де қажет. Өйткені белгілі бір сөздер мен сөз тіркестерінен ырғағы, әуезі әр түрлі, алуан түрлі сөйлемдер құруға болады. Аудармашы солардың ішінен түпнұсқа рухын анығырақ жеткізетінін таңдап алуы тиіс. Олай болмаған жағдайда мағыналық жағынан жақын бола тұрса да, түпнұсқаның аудармасы емес, оның екінші бір нұсқасы, басқа бір трактовка, интерпретациясы дүниеге келмек» [10,17] - дейді Г. Бельгер.
Мәтіндерді талдудың әдеби-стилистикалық әдіс-амалдары, түпнұсқа мен аударма мәтін арасындағы коммуникативтік, функционалдық қарым-қатынастарын айқындау, сәйкестік мәселелерін саралайды. Орыс аударматануындағы қалыптасқан эквивалент деңгейлері арқылы да, аударманың түпнұсқаға қаншалықты сәйкес аударылғандығын анықтап беруге мүмкіндік туғызады. Мәселен, В. Комиссаров эквиваленттіліктің бес типін анықтайды:
Коммуникация мақсаты;
Құрылымдық-деңгейлік зерттеу әдісін де В. Комиссаров аудармалар арасындағы сәйкестік қатынастарын айқындауға қолданады. [19,35]
Көркем аударма тұтастай кешенді: ақпараттық, эстетикалық және қоғамдық-саяси міндеттерді атқарады. Аударма оқырманды шығармалармен, зерттеушілермен, автормен, басқа халықтар әдебиеті, мәдениеті, өмірімен таныстырады. Аударма сондай-ақ отандық түпнұсқалық құндылықтармен оқырман талабын қанағаттандырады, ол түпнұсқалық көркем шығарманың дамуына ықпал етеді, әдебиеттің, тілдің, мәдениеттің интернационалдық қатынасының құралына айналады. Аударам оқырманды түпнұсқаға жақындатады, соның нәтижесінде басқа ұлт тілін оқып, үйренуге көмектеседі, бағыт береді.
Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі ретінде онда аудармашының дүниетанымы мен тәсілі, шығармашылық дербестігі әрі аудармадағы, әрі түпнұсқадағы ұлттық ерекшелігі айқындалады. Аудармашы неғұрлым талантты болған сайын, оның дербестігі де нақтылана түседі. Аудармашы міндеті автордың дүниетанымына, жазу мәнеріне, стилистикалық сипатына бойлау, сонымен қатар шама-шарқынша бұл дүниетанымды, мәнерді, стильді туған тілінің құралдарымен барынша мәнерлі, әдемі жеткізе білу. [2,8]
К. Паустовский: «бір нәрсені жазбас бұрын ең әуелі ол дыбысталуы керек деген». « ... Дыбыс табу, яғни прозаның ырғағын табу және оның негізгі үндестігін табу» - [11,682] деп жазады.
Тәжірибелі, талантты проза аудармашылары әркез түпнұсқаның рухын, идеялық-көркемдік ерекшелігін, образдық жүйесін, стильдік даралығын сақтауды басты парыз деп біледі. Аударма шығармашылығында ең қиыны – түпнұсқаның барлық ерекшеліктерін, бейнелеу элементтерін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарын, стилін сақтап, дәл де айқын жеткізу. П. Антокольский, М. Әуезов, М. Рыльский тұжырымы: «Көркем аударма шығармасы сонымен бірге көркем шығарма аудармасы болып қалуы қажет». [2,11] Көркем шығарманың аудармадағы тәржімалық тағдыры кейде сәтті, кейде сәтсіз болады. Сәтті, табысты болуы – аудармашының шеберлігі мен тәжірибесін аянбай жұмсап, түпнұсқаны биік көркемдік деңгейінде құрылымдық элементтерімен тұтастай оқырманға жеткізуі болса, сәтсіздігі – жақсы шығарманың нашар аудармашы қолынан шалағай, жарамсыз дүние болып шығуы. Кейбір түпнұсқалық туындылар жақсы аударылуымен тұтастай немесе кейбір сюжет, эпизодтарымен басқа шығарманың компазициясына жаңаша мазмұндық, көркемдік сипатта енеді. [18,43]
Аудармашы ең алдымен автор шығармасында заман тынысын, өмір құбылыстарын қаншалықты кең қарымда бейнелегеніне көз жеткізу керек. Көптеген әдебиет сыншылары мен жазушылар қазіргі заман романының басты кемшілігі – көп сөзділігі, яғни бейнеліліктен гөрі сипаттаудың басымдылығын атап өтеді. Нағыз қажетті жайларды сұрыптап, талғаммен беру, құбылысты суретке түсіргендей, дәл бейнелеуге әуестікті сынға алады. Романдағы эпизодтар, авторлық ойлар, баяндаулар, т.б. көркем элементтер құрылымын дұрыс жеткізіп, идеялық мазмұнды көмескілеп тұратын тұстарын дәл көрсету – аудармашының басты міндеті.
Әрине, аудармашы аударылатын әңгімелердің түпнұсқасымен ғана емес, қаламгердің тұтастай шығармашылығымен және оған қатысты әдеби зерттеулер, сын мақалалармен де танысуы жөн. Аудару кезінде оның тақырыбының қалайда түпнұсқамен сәйкес келуіне көңіл бөлінеді. Сонан соң, стильдік, ырғақтық-интонациялық ерекшелігі сараланады. Әңгіме, новелла – шағын жанр. Аударма кезінде оны негізсіз қысқартып тастау қате. Оның әрбір сөзі, тіркесі аудармалық нұсқада орын алғаны жөн. Аударылған шығарманың көркемдігі, мазмұн дәлдігі, стильдік сәйкестігі – басты талабы.
Осы негізінде М.Әуезовтың проза аудармашысына қажетті талабын есте ұстаған жөн. «...ол (аудармашы – Ә. Т.) аударылатын шығарма авторының стиліне өз стиліне байланыстырмайды. Сонымен бірге бұл аудармашы негізгі шығарма авторының тіл, ойлау дүниесіне айрықша ықтият болып, мұқият зер салады. Ол аудармаға сол шығарманың бар материалын біліп алып кіріседі, шығармада суреттелетін халық тарихын зерттейді, кейіпкерлердің дәуірімен, ортасымен терең танысып алады....». Үлкен тәжірибеден туындаған бұл тұжырым қашан да аудармашы қаперінде жүруі тиіс. [2,137]
Поэзиялық шығармалардың аудармасы мен прозалық шығармалардың аудармаларының арасында біраз айырмашылықтар бар. В. Жуковскийдің төмендегідей пікіріне қосылмасқа болмайды. Ол: «Переводчик прозы – раб, переводчик поэзий - соперник», - деген болатын. Көркем шығармаларды аударушы түпнұсқаның жолынан шықпай, оның жүйесінен ауытқымай еңбектенеді. Ал, өлең сөзді аударғанда аудармашы өз ойын автордың ойымен астастыра, жарыстыра отырып, өзінің лирикалық сезіміне жол береді. [3,22]
Қазақ топырағындағы аударма теориясының алғашқы қазығы сияқты осы мақаладан кейін М. Әуезовтің «Ревизордың аудармасы туралы», «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?», «Евгений Онегиннің қазақшасы туралы», «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» атты мақалалары мен 1937 жылғы 5 қаңтарда «Казахстанская правда» газетінде «Евгений Онегин на казахском языке» атты мақаласының жарық көруі қазақ әдебиеттану ғылымында көркем аударма теориясының өмірге келгенін көрсетеді.
М. Қаратаевтың аударма өнеріндегі қиындықтар мен принциптерді, жетістіктер мен кемшіліктерді әңгіме арқауы еткен, аударма шығармаларды туған әдебиеттің саласы ретінде дәлелдеген «Жүз жылдан кейінгі Пушкин», «Пушкин мен Абай» атты екі мақаласының, Т. Жүргеновтің «Казахский перевод «Шах-наме», Р. Жаманқұловтың «Пушкин өлеңдерінің аудармасы жөнінде бір-екі сөз», Қ. Өтеповтің «Мыс салтатты» поэмасының аударылуы» атты мақалаларының 1937 жылы жарық көруі бұл іске игі әсер етті. Отызыншы жылдар еншісіне тиетін бұл мақалалардың қазақ көркем аударма теориясының іргетасы деп танырлықтай еңбектер екені даусыз.
М.Әуезов, М. Қаратаев, М. Жанғалин, Қ. Шәріпов, Ә. Ипмағанбетова, З. Ахметов, С. Нұрышев, С. Қирабаев, К. Канафиева, Қ. Сағындықов, А. Садыковтардың 1950-60 жылдар аралығында жарық көрген еңбектері қазақ аударма өнерінің ғылыми тұрғыдан зерттелуін қалыптастыру ісіне үлкен үлес қосты.
Қай кезде де көркем аударманың теориясы мен тарихы оның проблематикасымен тығыз байланыста болады. Аударма теориясының дамуы белгілі бір проблемаларды күн тәртібіне қойса, керісінше, белгілі бір проблемалардың шешімін табуы теорияны ілгерілетеді, соған орай аударма тарихы да байи түседі. Қазақ көркем аудармасының зерттелуінде біраз мәселелер шешімін тапты десек те, назар аударуды қажет ететін тұстар да аз емес. Оның үстіне көркемөнер туындыларына қатысты әр заманның өз үні, өз талабы болатындығы көркем аудармадан да тысқары емес. Бұл жәйт аударма өнері төңірегіндегі толғағы жеткен қиын түйіндерді ғылыми тұрғыдан шешуге бастаумен қатар, кейбір мәселелерге жаңаша, уақыт талабына сай жауап беруді қажет етуде. Осыған орай қазір қазақ аударма өнерін зерттеудің жай-жапсарына ойлана көңіл бөлсек, прозалық шығармалардың аударылуына байланысты біраз мәселелердің де бой көрсететінін аңғарамыз. Бізде проза аудармасындағы үлгі, дәстүр поэзиядағыдай әріден басталған емес. Бұлар қазақ әдебиетіндегі аударма өнерін, аудармашы еңбегін жан-жақты сөз етуге мүмкіндік береді. Бірақ біз мұны істей алмай келеміз. Тәжірибені қорыту жағы жетіспейді. Аудармашыларымыз өздерінің ауыр да абыройлы еңбектерін неден бастайды, немен аяқтайды, неден қашады, нені қабылдайды, нені тірек етеді, тілі, синтаксисі олардың қолданылатын стилі, қандай болу керек деген сауалдарға айқын жауап болмай жүр» [4,29]. Осы пікір жарық көргелі біраз жыл уақыт өткенмен, мәселенің көкейтестілігі әлі сол күйінде қалып отыр. Бұл мәселенің әлі күнге дейін ғылыми шешімін таба алмай келе жатуының негізгі себебі, аудармашының шығармашылық даралығын ескермеуден болса керек.
Шығарма авторының ерекшелігі, стилі және екінші тілге аударуда олардың сақталуы мәселесін қазақ зерттеушілерінің қай-қайсысы да тілге тиек етеді, аудармашының ерекшелігі, стилі көбіне-көп зерттеу шеңберінің ішінен табылып отырады. Ал, аудармашының да шығармашылық адамы, жазушы екенін біздің естен шығармауымыз қажет. Сондықтан көркем аударма туралы әңгімені аудармашының шығармашылық даралығын анықтап алудан бастау негізгі шарт болмақ. Ал аудармашы стилі, тілі мен шеберлігі мәселелері шығармашылық даралық аясында зерттелуін ең дұрыс бағыт деп есептейміз. Міне осы міндеттер жүзеге асқаннан кейін барып қана аударма шеберлігі жөнінде ой түюге болады.
Суреткер сипатын ашатын ерекшеліктерге: нәзік сезімталдық, жіті бақылағыштық, шығармашылық қиял, интуиция, азаматтық, өмірбаян, сара парасат, шеберлік, шабыт сияқты талант табиғатының қырларына ғылыми түсініктеме бере келіп, З. Қабдолов: «Суреткер бітімін, талант табиғатын байыптағанда жоғарыдағы секілді өнерге тән жекеленген ерекшеліктерге назар аудара тұра, сайып келгенде, оның рухани жан дүниесін, әлеуметтік кейпі мен моральдық кескінін, дүние танымы мен қоғамдық қызметін, білімі мен мәдениетін ескермеуге тіпті болмайды» [5,379] – деп түйін жасайды.