1 тарау. Аудармашының шығармашылық шеберханасы


Қ.Қараманұлының аудармашылық еңбегі



бет6/12
Дата02.06.2022
өлшемі329 Kb.
#36181
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
dip -q -qaramanuly-batys-adebietinin-audarmashysy

Қ.Қараманұлының аудармашылық еңбегі



Құрманғазы Қараманұлы 5 желтоқсан 1943 жылы Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Егіндікөл ауылындағы жеті жылдық мектепті (1960) бітірген. 1962 – 69 ж. ҚазҰУ – дің журналистика факультетінде оқыған. 1969 ж. «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылданады. 1976 – 93 ж. «Жалын» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болады, 1993 – 96 ж. «Балауса» баспасында істейді.
Қ. Қараманұлының алғашқы туындысы – «Шайтантөбедегі от» әңгімесі 1960 ж. обл. «Октябрь туы» (қаз. «Орал өңірі») газетінде жарияланады. Тұңғыш кітабы – «Қайраң өткел» миниатюралық әңгімелер топтамасы (1978). Сондай – ақ «Қызғыш құс» (А., 1980), «Алтын іздеушілер» (1987), «Жалғыз атты жолаушы» (1996) повестер жинағы, «Тәңірге тағзым» (1996) зерттеу еңбегі шықты. Сондай-ақ ол әлемдік әдебет классиктері Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!» (1983), Грэм Гриннің «Комедианттар» (1984), Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары» (1986) романдарын аударды. Ағылшын тілін өз бетінше оқып – үйренген жазушы соңғы екі романды аудару барысында шығарма авторларымен хат арқылы хабарласып, әріптестік байланыс орнатты. Соның нәтежесінде И.Стоун (Калифорния, АҚШ) өз романының қазақша нұсқасына алғы сөз, Г.Грин (Антиб, Франция) соңғы сөз жазып берді. 2002 жылдан бері қарай әр оқу жылының басында Егіндікөл орта мектебінің жақсы оқитын, үлгілі, тәрбиелі 10 оқушысына “Ақ Орынша” атты стипендия тағайындап, тоқсан қорытындысымен беріліп тұрады.
Қ.Қараманұлының ең алғаш тәржіма әлеміне қадамы 1962 жылы әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне түскеннен басталады. Студент бола жүріп, өз бетімен, сабақтан тыс ағылшын тілін үйренуді ұйғарады. ҚазҰҮ-да ол жылдары шет тілдеріндегі көркем әдебиет оқулықтары, тіл үйренетін лингафон кабинеті болған жоқ болатын. Ағылшын тілін оқытатын оқытушыға жалданып тіл үйренеді. Ұлттық кітапхана барып, «Popular science» журналынан - «Аса күрделі механизм» деп аталатын мақаланы ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударады. Бұл-келешек аудармашының аударма әлеміне ұмтылған алғашқы талпынысы еді. Кейін, осы аударма мақала «Жас Алаш» газетінде жарияланады. Ал, көркем аудармаға алғаш 1977 жылы келеді. Борис Горбачевскийдің «Ариаднаның арқауы» атты зерттеуін аударады. Кейін, 1979 жылы Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майданын!», 1983 жылы Ирвинг Стоунның «Грек қазыналарын», сондай-ақ, Грем Гриннің «Комедианттарын» Сервантестің «Дон Кихот» I-ші бөлім (2006), II-ші бөлім (2007) ауқымды романын, Чезаре Павезенің «Ғажайып жаз», «Жоталардағы жынойнақ», «Жолдас», «Ай мен алау» роман-повестерін (2008), Артур Конан Дойл әңгімелерін, Агата Кристидің «Он қарадомалақ» романын, сондай-ақ, Джордж Сименонның «Менің досым Мегрэ», «Коронердің қонағы» (2010) романдарын қазақ тіліне аударды. Ол қазір де еңбек етуде. «Жиырмасыншы ғасырдың француз повестерін» қазақ тіліне тәржімалау үстінде.
Осы аталған әр аударманың аудармашы үшін өзіндік құндылықтары бар, орны ерекше. Мәселен, Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!» романына тәржіме жасау үстінде аудармашы біраз ізденген. Орыс тіліндегі бірнеше нұсқаны алып түпнұсқамен салыстырған. Сөйтіп, аудармашы таңдауы Волжина тәржімесіне түседі. Қараманұлы оған Мәскеуге хат жолдайды. Түпнұсқада өзінің түсінбеген жерлерін айтып, пікір алысады.
Сондай-ақ, Сервантестің екі томнан тұратын көлемді «Дон Кихот» романы Қ.Қараманұлы үшін аудармаларының ішіндегі ең ыстығы. Аудармашы бұл шығармаға төрт жыл тер төккен. Себебі, бұдан төрт жүз жыл бұрын жазылған әлем мойындаған тарихи туындыда мақал-мәтелдер жиілеп кездеседі. Олардың әр біреуіне қазақ тіліндегі баламасын табу қиынның қиыны. Алайда, аудармашы шеберлік пен төзімділік танытып, істі жемісті аяқтап шығады. Жемісіті деуім, аудармашы мақал-мәтелдерге балама табу кезінде, орыс тіліндегісіне өзі жаңа мақал құрастырып қисынын келтірген кездері де болған. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Ал Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары» романында Гомер шығармасынан жиілеп өлең жолдарынан үзінді келтіріледі. Белгілі орыс ақыны, аудармашысы А. Межиров бір өлеңінде
«И вновь из глубокого дыма,
Встает поэзия она.
Вовеки непереводима.
Родному языку верна»-
деп поэзия аудармасының аса қиын шығармашылық іс екенін жыр тілімен дәлелдеп көрсетеді. [2,173]
Демек, өлең жолдарын жәй аударып, мазмұнын беріп қана қоймай, оның ырғақ, интонациясын да беру абзал.
Құрманғазы Қараманұлы өзінің бір сұхбатында-«Ирвинг Стоунның «Грек қазыналарына» таңдауыңыз түсуіне не себеп? Ол кісіде өзге дүниелер де аз емес қой. Мысалы, әйгілі жазушы Джек Лондонның өмірі туралы «Ерге отырған теңізші» іспетті дегендей?»-деген сауалға былай деп жауап қайырады: - Ол рас. Бұл кісінің бұдан да басқа шығармалары баршылық. Ғұмырнамалық роман жанрының майталман шебері саналатын Ирвинг Стоун ұзын ырғасы осындай 11 роман жазған және тәуірлері, оның ішінде «Грек қазыналары» да бар, әлем халықтарының 80-нен астам тілдеріне аударылған. Бірақ бұл кітапты мен таңдаған жоқпын, кітап мені «таңдады»; анығырақ айтқанда көлемі 32 баспа табақ бұл шығарманы қазақ тіліне тәржімалауға «Жазушы» баспасының сол кездегі директоры, айтулы аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз тапсырма берді. Баспа Мәскеу арқылы автормен тікелей шарт жасасқан екен. Трояны ашқан атақты археолог Генрих Шлиман жайындағы бұл туындыны қазақша жатық сөйлетуге бар күшімді салып, екі жылдай тер төктім. Аударма жұмысы аяқталған соң АҚШ, Калифорния штаты, Беверли-Хиллз қалашығында тұратын автормен хат арқылы хабарласып, қазақ оқырмандарына арналған алғы сөз жаздыртып алдым. Кейін Ирвинг Стоунмен хат арқылы сұхбат жүргіздім, ол сұхбатымыз «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтас бір бетінде (02.1984ж.) жарық көрді.» - Сондай-ақ, сіз Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!», Грэм Гриннің «Комедианттар» романдарын да аудардыңыз емес пе? Стиліңізді қалыптастыру үшін қажет болды ма, әлде қаламақысы қызықтырды ма? Бәлкім, басқа жағдайаттардың ықпалы болған болар? – Қаламақысы қызықтырмады деп айта алмаймын. Ол кезде жыл сайын немесе жыл аралатып жинақ шығаратын ақындар ғана қаражаттан мұқтаждық көрмейтін, ал анда-санда бір, онда да көлемі көз тойдыра қоймайтын кітап шығаратын (қаламақыны Батыс елдеріндегідей шығарманың көркемдігіне қарап емес, көлеміне қарап төлеу дәстүрі бізде әлі күнге шейін сақталып отыр ғой.) Прозашылардың жалғыз жалақысымен күн көруі оңайға соқпайтын...» -дейді. [19,14]
Менің пайымдауымша, аудармашыны тәржіма белесіне шығаратын аударманың сапасы ғана емес, сонымен қатар, аударылатын шығарма аты. Шебер де, батыл, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын аудармашы ғана әлем классиктерінің өлмес туындыларын тәржімалауға барады. Қ.Қараманұлы – батыл аудармашы. Аудармашының қай аударма еңбегін алып қарасаңыз да, әлемге белгілі, ел аузындағы шығарма тәржімесі. Атап өтсек; ағылшын классигі Э. Хемингуэй, Г. Грин, атақты американ жазушысы И. Стоун, Сервантестің «Дон Кихот» шығармаларын қазақ аударма әдебиетіне әкелген.
2010 жылы «Батыс Еуропа әдебиетін» аударады; оның ішінде детектив жанрындағы романдар, әңгімелер. Атап айтсақ, Агата Кристи, Артур Конан Дойл, Джордж Сименон, Чезарэ Повезенің танымал туындылары.
Қазір де аянбай еңбек ету үстінде. «Жиырмасыншы ғасырдағы Француз повестерін» тәржімалауда. Ең қызығын, біздің менталитетімізге жақын деген жиырма шақтысын іріктеп алған.
«Қай шығарма қазақ тіліне аудару кезінде көп қиындық тудырды?» деген сауалға: «Сервантестің 2- томнан тұратын «Дон Кихот» романын аудару маған қиынға түсті. 1984-88 жылдар аралығын осы шығармаға жұмсадым. Төрт жылым кетті. Себебі бұл бұдан 400 жыл бұрын жазылған шығарма. Орыс тілінен аударғанның өзінде біраз еңбектендім. Қалай болса солай аударуға ар-ұятым жібермеді. Ондаймен айналыспаймын да. «Дон Кихот» шығармасының жарыққа шыққанына 400 жылдығы тойланды ғой. Сол кезде бір шет елдік басылым елу елден ішінде «Нобель» сыйлығының лауреаттары да бар жүз жазушыға «Адамзат адамзат болғалы қандай көркем шығарма ең қызықты деп ойлайсыз?»-деген сұрақ қойғанда, Сервантестің «Дон Кихот» шығармасы, бірінші орынға шығып, екінші «Гомер», үшінші «Достоевский», төртінші орында «Толстой»... Көрдіңіз бе, «Дон Кихот» шығармасы- әлем мойындаған шығарма. Мұны мен білетінмін. Сондықтан да, қиын болса да аударып шықтым.» - дейді.
Міне, аудармашының тәржімалауға ең көп уақыт жұмсаған шығармасы да осы Сервантестің 2 томнан тұратын кең ауқымды «Дон Кихот» романы. Аталмыш шығарманы француз тіліне тәржімалаған Флорион де: «Құлша бейнеттенген дәлдік бұл – күнә... Роман немесе сол тектес дүниелерді тәржімалағанда, ең нағыз сүйкімді аударма дегеніміз әрине, ең дәлі» - деп санайды. «Құлша құлшынған аударма» - бұл сөзбе-сөз аудару тұжырымы он жетінші ғасырда қатты сыналды.[2,13] Аудармашы аталмыш шығарманы қазақшаландыру үшін 4 жыл тер төккен. Бұдан шығатын қорытынды, жақсы шығарма – сапалы аударманы, ал сапалы аударма еңбеккорлық пен шеберлікті талап етеді.
Қазақстан Жазушылар одағының кезектi пленумында Одақ төрағасы Нұрлан Оразалин мазмұнды баяндама жасап, қаламгер қауым өкiлдерi әдебиет төңiрегiндегi ой-пiкiрлерiн ортаға салған болатын. Басқосу бiр топ ақын, жазушыларға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын тапсырып, қаржылай марапаттаумен аяқталды. Мыңнан жүйрiк шыққан Шәкен Күмiсбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Тұрсынай Оразбаева, Құрманғазы Қараманұлы, Құлбек Ергөбек, Зайда Елғондинова, Жанат Ахмади, Қазыбек Иса, Баян Бекетова, Несiпбек Дәутайұлы, Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек сынды қаламгерлерiмiз бар. Мiне, осы жүлдегерлердiң бірі Құрманғазы Қараманұлы болып табылады.
Құрманғазы Қараманұлы «Алаш» сыйлығына, негiзiнен, әлемге аты мәшһүр Сервантестiң әйгiлi «Дон Кихотын» қазақ тiлiнде сөйлеткенi үшiн ие болды. «Жалғыз атты жолаушының» авторы әпендi серiнiң сергелдеңге толы екi томдық ғұмырбаянын аударуға төрт жыл уақытын сарп етiптi. Еңбек пе? Еңбек. Ерлiк пе? Ерлiк. Қаламгерiмiз өз шығармашылығына арнауына болатын табаны күректей төрт жылын әлемдiк әдебиеттiң жауһарын тәржiмалауға құрбан етiп отырса, мұндай батылдыққа тек сүйсiнуге болар. Жазушылар одағы, мiне, дәл осындай шығармашылық ерiктi яки ерлiктi бағалай бiлдi. Бұл, әрине, сыйлықтың өзге иелерi мұндай мәртебеге лайық емес едi деген сөз емес. Бiздiң Құрманғазы Қараманұлын өзгелерден ерекшелегенде, бар болғаны, пейiл түсiп, көңiл құласа, аудармашылық еңбекке де жоғары сыйлық беруге болатынына көпшiлiктiң назарын аудартқымыз келген.
Аударуға кіріспес бұрын аудармашы ең алдымен фондық ақпаратты қалыптастыру керек. Себебі, оқырман үшін аударма түпнұсқаның жазылған кезеңінен хабар беріп отыруы керек. Академик В. С. Винаградов: «фондық ақпаратты қалыптастыру дегеніміз – қажетті жағдайда белгілі бір ұлтты, мемлекетті жан-жақты танып білу» - деген анықтама береді. Яғни, ақпараттық фон – белгілі бір ұлтқа ғана тән ерекшеліктерді қамтиды. Аудармашы аударатын тілінің ұлттық дәстүрін, мәдениетін, тұрмыс салтын, рухани құндылықтарынан жан-жақты мағлұмат ала отырып, сол ұлт жөнінде өзіне жеткілікті ақпарат жинауы тиіс. [9,137]
«Мәселен, Қ. Қараманұлыға Э. Хемингуэйді аудару үшін біраз ізденуге тура келген. «Farewell to arms»-«Қош бол, майдан» шығармасын аудармас бұрын түпнұсқасын да қарап шығады. Себебі, аудармашыға аталмыш романның орыс тіліндегі нұсқасының логикалық қисыны дұрыс келтірілмеген сияқтанып көрінеді. Ал Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары» романын аударғанда мұнда да көп ізденуге тура келеді. Бар білгенін ой елегінен өткізіп, білмегенін іздестірген. Жүгінетін тәуір орыс-қазақ сөздік те жоқ. Әсіресе, термин сөз жасау біраз қиындық туғызса керек. «Грек қазыналарын» аудармас бұрын, қосымша әдебиеттер іздеген, себебі, шығарма археологиялық материалдардан тұрады»
Қ.Қараманұлының пайымдауынша, аударма көркем болып шығуы үшін, аудармашыға мынадай қасиеттер қажет:

  • Білім

  • Тіл

  • Сөздік қоры мол болуы керек

  • Ой-өрісі кең болуы керек

  • Еңбекқор болуы керек.

Аударма - көп ізденумен қатар, төзімділікті де қажет етеді. Оның қасында өзің шығарма жазған анағұрлым жеңіл. Себебі, аудармада бірнеше рөлді қатар атқаруың керек; жазушы да, ақын да, аудармашы да бола білуің керек.»
Қазақ көркем аударма өнері дамып келеді. Алайда, бір «ағыста», себебі шет тілден тікелей ана тілімізге аударылған көркем аударма әлі күнге дейін жоқ. Бұл қазіргі кезде көкейкесті мәселе болып отыр. Аудармашы Қ. Қараманұлы да: «Біз осы күнге шейін шет ел көркем шығармасын тікелей қазақ тіліне аударғанымыз жоқ. Мен жазушылар одағының «он үшінші съезінде» баяндама оқыған болатынмын. Сонда айттым, «тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл болды. Әлі бір де бір кітап ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылған жоқ. Неге? Шамасы жететін, қабілетті жас аудармашылар жоқ емес, бар ғой. Бірақ, оларды тәрбиелейтін ниет жоқ. Осындай он-он бес жастардың басын қосып тәрбиелесе, кеңес беріп үйретсе жақсы болар еді. Өйткені, онсыз болмайды. Олардың жұмысын тексеріп редакциялау керек қой»- дедім. Мәселен, белгілі бір шығарманы ағылшын тілінен орыс тіліне аударғанда қасиеті кемиді. Ал, ол аударманы біз алып қазақ тіліне аударамыз. Сонда қарап отырсаңыз түпнұсқа қасиеті екі есе кемиді.» - деп көркем аудармада орыс тілін негізге алу дәстүрін қалдырып, жаңа аударма әлеміне қадам жасауға жас аудармашыларды шақырады.
Әр жазушының, ақынның, аудармашының, бір сөзбен айтқанда шығармашылық адамының ұстазы болады. Ол ұстаздан тәлім алу арқылы тәжірибе жинақтайды. Тәжірибе шеберлікке ұласып, шәкірт өнер шыңына шығады. Қ.Қараманұлының да құрмет тұтатын, шығармаларын сүйіп оқитын қазақ аударма әлеміне адал қызмет еткен ұстаздары бар. Солардың бірі - Хасен Өзденбаев. Аудармашы Шолоховтың «Көтерілген тың» романын керемет шеберлікпен аударған. Сондай-ақ Достоевскийдің «Идиот» шығармасын тәржімалаған Нияз Сыздықов және де аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев.
Осылайша, бұл тарауда біз Қ.Қараманұлының шығармашылық шеберханасына саяхат жасап, аудармашылық еңбегінің қыр-сырына үңілуге тырыстық. Іздену барысында көптеген қызықты деректерді кезіктіріп, көкейдегі сұрақтарға жауап алдық. Мәселен, Құрманғазы Қараманұлының И.Стоунмен хат жазысқанын, автормен тікелей байланыста болғанын білдік. Сондай-ақ, Қ. Қараманұлына Э. Хемингуэйді аудару үшін біраз ізденуге тура келген. «Farewell to arms»-«Қош бол, майдан» шығармасын аудармас бұрын түпнұсқасын да қарап шығады. Себебі, аудармашыға аталмыш романның орыс тіліндегі нұсқасының логикалық қисыны дұрыс келтірілмеген сияқтанып көрінеді. Міне осындай мысалдарға сүйене отырып, оның шын мәнінде өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәржімашы екенін байқадық. Болашақта біз осындай тәржімашылардың еңбегін бұдан да тереңірек зерттеуіміз керек.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет