Қазақ оқырмандарын батыс әдебиетімен жақынырақ, өз тілінде таныстыруда аудармашылардың еңбегі зор. Солардың бірі - Құрманғазы Қараманұлы. Тәржімашының еңбектері бойынша жасалған библиографиялық тізімді қарайтын болсақ, негізінен батыс жазушыларының шығармаларын тәржімалағанын көреміз.
Зерттеуші ғалым Ш. Сәтбаева: «Қазақ елінің Европа әдебиеттерімен танысу процесіндегі бір ұтымды ерекшелік – ол сол әдебиеттің ең таңдаулы дүние жүзіне мәлім болған нағыз классикалық үлгідегі туындыларының аударылуы болды» [8,49] деп атап көрсеткен еді. Расында да, біздің тәржімашымыз да қазақ тіліне ең бір танымал туындыларды тәржімалаған.
Қ.Қараманұлы американ классиктерін аударумен шектеліп қана қоймай, қазірде, «Батыс Еуропа» әдебиетін аударуда. 2010 жылы детектив жанрында еңбек ететін Агата Кристи, сондай-ақ, Артур Конан Дойл, Джордж Сименон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап шығады. Қазір тәржімашы «Жиырмасыншы ғасырдағы француз повестерін» аудару үстінде.
Қ.Қараманұлы қаламы арқылы қазақ тілінде аудармасын тапқан Эрнест Хемингуйэйдің «Қош бол, майдан!» романына зерттеу жұмысы жүргізілген. А. Сайфутдинова түпнұсқа мен аударма мәтіндегі көркемдік құралдарды салыстырмалы талдаған. Талдау жұмысына өз пікірімді білдірсем: «Қош бол, майдан!» романының қазақша нұсқасында орыс тілінен аударылмай, сол күйінше берілген сөздер көптеп кездеседі. Бұл аудармашының аудармаға білдірген немқұрайлылығы немесе аудармашының ана тілін жетік білмеуінен болса керек деген ойдан ада болғанымыз жөн. Себебі мұнда аудармашының кінәсы жоқ дегім келеді. Кінә - орыс-қазақ сөздігінің «жұқа» болғандығында. Мысалы мына келтірілген мысал мен оған жасалған талдауға көңіл аударсақ:
«His father loses his civil rights – Его отца лишили всех гражданских прав - Әкесін барлық азаматтық праводан айырған». «rights – право» сөзін қазақ тіліне право деп емес құқық деп аударған жөн болар еді.»- деп зерттеуші өз нұсқасын білдіреді. Ал енді, Қ.Қараманұлы Э. Хемингуйэйдің бұл романын қазақ тіліне 1979 жылы аударса керек. Демек, Кеңес Одағының тұсында. Ол кезде «право» сөзінің аудармасы болған жоқ. «Құқық» сөзі тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қазақ сөздігіне енгізіліп қолданыста жүргені қазір ғана. Сондықтан бұның аудармадағы олқылық қатарына жатпасы анық.
Біз зерттеуге алған Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары» шығармасының аудармасында да орыс тілінен сол күйінше аударылмай, немесе орыс тілінің орфографиясы сақталмай қазақ тіліне сәкестеріліп, немесе орысша және оның қазақ тіліндегі аудармасы бар сөздер де аудармада кездеседі. Мысалы,
айлар аты: декабрь, январь, февраль...
«доктор», «пальто» сөздері аудармаға түскенде орфографиялық заңдылықтарын сақтаған да, ал кейбір сөздер өзгертіліп жазылған: «аптека»-«әптек», «фирман»- «пәрмен» т.б.
Қазақша аудармасы да бар, орыс тіліндегісімен қатар кездесетін сөздер де бар: «ваза» оның қазақ тіліндегі аудармасы «құмыра».
«король», «поселок» сөздеріне балама табуға болады. «шақырым», «хан» немесе «патша», «ауыл».
«миля», «дюм», «фут», «ярд» ағылшын өлшем бірліктері аудармада сол қалпынша берілген. Себебі, бұл – реалий. (миля-1,6км.), (дюм-2,54см), (фут-30,48см.), (ярд-91,44см)
Сондай-ақ, аудармасы жоқ сөздер де кездеседі. Мысалы гүл аты: Хризантема.
Міне, осындай кішігірім олқылықтар аударманың сәтті болып шығуына нұқсан келтіреді. Аударманың аударма екендігінен хабар беретіндей. Сонымен, И. Стоунның «Грек қазыналары» атты биографиялық романының аудармасы бірен-саран олқылықтарына қарамастан, сәтті шыққан.
Қ.Қараманұлы «Қош бол, майдан!» романын қазақ тіліне аударуда орыс тілін негізге ала отырып, ағылшын тіліндегі түпнұсқаны да қарастырған. Аталмыш аударма еңбегіне зерттеу жұмысы жүргізілгендіктен, аудармашының басқа аударма еңбегінің қыр-сырын ашуды жөн көрдік. Бұл шығарма ағылшын жазушысы Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары» атты романы. Алайда, аудармашы бұл романды қазақ тіліне тәржімалау кезінде осы шығарманың тек орыс тіліндегі нұсқасына сүйенген. Ал, ағылшын тіліндегі түпнұсқаны аударма процесіне пайдаланбаған. Соған орай, «Грек қазыналарын» талдауда үш емес, екі нұсқаны қарастырдық. Себебі, аудармашының өзі ағылшын тіліндегі түпнұсқаны қарастырмағандықтан біз де түпнұсқамен салыстыруды керек етпедік.
Қазақ тілі өте бай. Бұған Ирвинг Стоунның Қ.Қараманұлының қазақшаландырған «Грек қазыналарымен» танысып шығу арқылы көз жеткіздік. Көркем әдебиетте бастысы – сөз жеткізу емес қой, мән- мағынасын жеткізу емес пе? Олай деу себебіміз, аударма теориясына қатысты кейбір еңбектерде түпнұсқа дәлдігі қатаң сақталуы қажет, оның сөйлем құрылысы өзгермеуі тиіс, бір сөзді алып тастауға да, бір сөзді қосуға да болмайды деген пікір айтылады. Бұған өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Егер осы пікірді ұстансақ, аударма нашар болып шығады. Және де бұл көркем аудармаға жат.