АЯГӨЗ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз қайда барасың?..
Тарбағатай тауынан
Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйісіп,
Ақтың төмен жосылып.
Ағының тасты ағызып,
Арнаң қалды осылып.
Күркіреген үніңнен
Аңдар қашты шошынып.
Қырға суың тарады,
Ойға суың барады
Тоғанменен тосылып.
Аягөз сенің бойыңда
Несібе ырыс тегіс қой,
Сай - салаң толған жеміс қой
Қырың малдың кіндігі
Ойың өнім егіс қой.
Айтуға ауыз келе ме
Аягөз кімнің жері еді?
Жер сауырын жайлауды
Ел сауыры дер еді
Жер кімдікі дегенде
Аға сұлтан қазылар
Не деп жауап береді....?
АҚЖАЙЛАУ МЕН САНДЫҚТАС
Атамның қонған қонысы
Түн асса, тұтам түгі өскен,
Басылмайтын қонысы.
Аққан бұлақ сай-салаң,
Шытырман тоғай айналаң,
Жоның жайлау кең алаң,
Атам қонған кең далам,
Мендей сені қызғанар,
Бауырыңда өскен бай-балаң?
Көл қорығын қызғыштай
Сен десе салам бай-балам.
Жайлауыңды көргенде,
Жадыраймын, жайланам.
Өксігіңді ойласам,
Ұйқы беріп қайғы алам.
Қилы-қилы заманды,
Заманға сай адамды
Салғастырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай
Шыр көбелек айналам,
Кешегі бір заманда,
Қайран қазақ , қайтейін,
Мынау азған заманда,
Қарасы - антқор, ханы - арам,
Батыры көксер, басы аман,
Бәйбіше - тантық , бай - арам,
Бозбаласы - болашақ ,
Қырсыға тудың қыз балаң.
Нары - жалқау кер табан,
Құсы - күйшіл , ат - шабан,
Жырғалаң жоқ , жобалаң.
Ебі кеткен ел болды
Енді қайда мен барам?
Ой, Сандық тас, Сандық тас,
Атамның қонған жайлауы,
Қайнардан суық қайнауы,
Шалғынға жонын көмілтіп,
Құлынды қазақ байлауы.
Бал татыған бағланның
Езілтіп етін шайнауы.
Сенің арқаң емес пе,
Лықсытып малды айдауы.
Мынау азған заманда
Сөзіңнің кетіп байлауы,
Келесі биде кезек жоқ.
Қу тиын болып сайлауы...
Басалқа жақсы кеткен соң,
Іс айналып батылға
Ер қайраты қор болып,
Ақыл салды қатынға,
Түзелмес енді іс болып...
*****
«Ақжайлау мен Сандықтас» өлеңінде туған жерге деген ыстық сезімін ерекше толғаныс, үлкен мақтанышпен жеткізген. Туған жерінің кереметтігін, кең екендігін айта отырып, қазақтың кешегі алаңсыз күндерін аңсайды. Мұнда дауға түскен ата-қоныс,туған жер үшін дал болған перзенттің жан айқайы таңғажайып теңеулермен беріледі. Ақынның туған жеріне деген мақтаныш сезімі өкінішке ұштасып, ата-баба қонысының жат қолына көшіп, халықтың жерінен айырылуына күйінішін білдіреді. Өзі туып-өскен жер жаннатының жыл өткен сайын көз алдында талан-таражға түсіп, тиынға сатылған болыстардың билігіне көшуі, одан қала берді, келімсектердің табанында тапталуы жыраудың жанына жай таптырмайды. Қара халықтың басына түскен ауыртпашылықтарды ашық айта отыра, заманға сай адамының да азып бара жатқандығына қынжылады.
Достарыңызбен бөлісу: |