2-ТОҚСАН ДУЛАТБАБАТАЙҰЛЫ (1802, Шығыс Қазақстан облысы,Аягөз ауданы Сандықтас қонысы — 1874, сонда) — көрнекті ақын. Өлеңдері ел ішінде көп тараған. Дулат шығармалары негізінен дидактикалық негізде жазылған. 1880 жылы Қазанда жарық керген «Өсиетнама» деген жинағына ақынның заманы туралы толғаулары енген.
Орта жүз құрамындағы найман тайпасының Қаракерей сыбан руынан шыққан. Өмірі туралы деректер толық зерттелмеген. Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде таралған. Кейбір өлеңдері Қазан қаласынан 1880 жылы алғаш рет “Өсиетнама” деген атпен жеке кітап болып жарық көрген. Жинаққа ақынның сол кезеңдегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шыншылдықпен жырлаған ой-толғаныстары енген.
Дулаттың образ жасау, өлең өрнегін жетілдіру, замана сазына қарай ақындық өнерде жанрлық, стильдік, сонылық таныту ерекшелігі кейін Абай шығармаларында дамытылып, жалғастық тапқан. Дулат ендірген қазақ өлеңі құрылысындағы жаңалықты, яғни “а а а б” түріндегі желілі ұйқасты Абай ақындық дәстүр ретінде қабылдап, “Келдік талай жерге енді” өлеңінде одан әрі дамытты. 19 ғасырдың 1-жартысында ертеректе туған батырлық және лиро-эпос жырлары сияқты фольклорлық туындылар немесе тарихи жырлар болмаса, қазақ топырағында көне тақырыпты алып, ойдан сюжет құрып, поэма жанры үлгісінде шығарма жазу дәстүрге енбеген еді. Дулат өзінің “елге қорған ер туса” деген идеясын халыққа жеткізу үшін, қазақ-қалмақ соғысы тұсындағы сюжетті алып, “Еспембет” поэмасын жазған. М.Әуезов Дулатты ғылыми зерттеулерінде, “Абай” романында жоғары бағалайды. 1947 жылғы ҚКП ОК-нің әдебиет, өнер жөніндегі қаулысындағы Дулатты діншіл, хандық дәуірді, ескілікті аңсаушы кертартпа ақын деген теріс бағадан кейін, 1959 жылы өткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми конференцияның ұсыныстарында Дулат жөнінде “... творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын”, — деген саяси қорытынды берілді. Сол себепті “Абай” романында өз атымен берілген Дулат “Абай жолында” Барлас атанып кете берді. Әйтсе де, Дулат шығармалары хрестоматиялық оқулықтарда, кейбір жинақтарда жарияланып келді. Дулат мұрасы қазақ әдебиеті тарихында әр қилы таным тұрғысынан бағаланып, 1940-1950 жылдары қызу пікірталас нысанына айналды.