Ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін жырдың негізгі идеясы – ерлік пен батырлықты дәріптеу, ел бірлігін сақтау, кіршіксіз махаббат. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Тарғын мен Ақжүніс.
Тарғын – бес қаруды шебер меңгерген батыр, Ақжүніс – ару қыз. Тарғын хандармен араз болса да, халықпен бірге. Оның басына іс түскенде ханға деген өкпесін ұмытып, жау елін жайратып жібереді. Ақжүніс сұлу ғана емес, ақылды жан, батырдың жәрдемшісі. Ол әрдайым батырмен бірге жүреді.
«Ер Тарғын» жырының композициясы шымыр әрі шебер құрылған. Жырдың тілі өте көркем. Онда классик эпосқа тән белгілер толық сақталған. «Ер Тарғын» жыры башқұрт халқына да жақсы таныс. Қазақ – башқұрт нұсқаларының сюжетінде елеулі айырмашылық байқалмайды. Ерекшелік негізгі кейіпкерлер, оларға берілген бағасы тұсында ғана кездеседі. Жыр сюжеті қазаққа етене жақын. Бұл тақырыпқа композитор Е.Г.Брусиловский «Ер Тарғын» (1937) операсын жазған. «Ер Тарғын» жырының нұсқалары көп. Алғаш Н.И.Ильминский (1859), В.В.Радлов (1870), Н.Саркин (1904), Ә.Диваев (1922) жинақтарында жарияланған. Алматы қаласындағы Орт. ғыл. кітапхана мен Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында жырдың 8 түрлі нұсқасы сақтаулы. Жинаушылары – Саркин, Диваев, І.Иманов, Ә.Ыспанұлы, Б.Адамбаев, З.Бекарыстанов, М.Құсниұлы, айтушылары – Марабай, О.Қисықов, Н.Нұрғалиұлы, М.Бекетұлы. Ел арасына кең тарағаны – Марабай нұсқасы. Ильминский оны 1862 ж. Қазанда жариялаған.